сот шешім

Қарақия ауданы әкімі аппаратының бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Оған пара ретінде алған ақшаның он еселенген мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Іс материалдарына сәйкес, А.Атадусов лауазымды тұлға бола тұра, алаяқтық жолмен сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, 2018 жылы 02 желтоқсан күні К. есімді азаматтан 1 000 000 теңге қаражатты пара ретінде алған«, — делінген хабарламада.

Сот отырысында ол кінәсін толық мойындаған.

Сот үкімімен А.Атадусов ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, пара ретінде алған ақшаның он еселенген мөлшерінде, яғни 10 000 000 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 41-бабының 3-бөлігіне сай, сотталушы үкім заңды күшіне енген соң отыз күн ішінде айыппұлды төлеу міндеттелді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.