Бүгінгі таңда «Тақыр жерге тау тұрғызған» деген сөз тіркесін көп естиміз. Түпкі ойы барлығымызға да түсінікті. Жоқтан бар жасау, мүмкін еместі мүмкін ету, ол үшін еңбек ету, бар күшжігеріңді салу т.б. Осы тұста, жарты ғасырдан аса тарихы бар ауылдарды да гүлдендіру, көркейту, әлеуметке пайдалы дүние жасау жоғарыдағы келтірген тіркестен еш кем болмаса керекті.

Өткен жылы ғана дүркіретіп 50 жылдығын тойлаған Жаңаөзен қаласы биыл іргелес орналасқан үш ауылдың екеуінің мерейтойын белгілеп отыр. Қарашаңырақ Қызылсайға 60 жыл болса, Теңге ауылына 55 жыл. «Қол жұмылмай — жылынбайды» демекші аталған мерекелерге орай, әр ауылда ерікті түрде ел азаматтарының бірауыздан келісімге келуімен ұйымдастыру алқасы құрылып, ау­ылды көркейту жолында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Теңге ауылындағы меценаттық көмек тобының діттеген ойы, жоспардағы іс-шаралары, қол жеткізген жұмыстарымен та­нысу мақсатында ұйымдастыру алқасының кезекті басқосуына қастысып, көбі бітіп, азы қалған жұмыс барысымен танысып қайттық. Объектілерді аралап, үлес қосушы азаматтар­мен әңгімелесіп, ойларын тыңдадық. Әрине, топтың жасаған жұмысы, мақсаты, жетілу жолы ауқымды, жетістігі — ауылды көркейту жо­лында.

«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып»
іске кіріскен азаматтарға риза болдым

Теңге ауылының әкімі Сәрсенбек ҚАЛАУБАЕВ:

— Теңге ауылының іргетасының қаланғанына биыл 55 жыл. Осыған орай, біздің тарапымыздан ерікті ұйымдастыру алқасы құрылып, елге беделді, жұмыста табысты, білікті басшы, кәсіпкер азаматтарға жеке хабарласып, игі істің бастамашысы болуға шақырдық. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл міндетті шара емес, ерікті құрылған топ, яғни шақыртуымызға келу-келмеуі өз қалауларына берілген. Бір қуанғаным, ешқайсысы «Не үшін қажет?», «50 жылдықты тойладық қой» деген бірде-бір кертартпа пікір, сөз айтқан жоқ.

 

Келіскен азаматтармен ақпан айының басында кездесіп, жұмысымызды бастап кеттік. Жиналғандардың ішінен ұйымдастыру алқасын құрып, жұмыс жоспарын ойластырдық. Сол сәттен бастап ауыл халқына ең қажетті әрі ауылдың сәнін келтіреді деген бірнеше ауқымды жұмыстарды жасауға бір ауыздан келісім жасалды. Қазіргі таңда, бағытымыз жаман емес. Жасалып жатырған, жасайтын жұмыстарымыз баршылық. Ел қызығатындай бас біріктіріп, бір ауызды болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жүргенімізге риза болдым, өте белсенді, жанашыр азамат­тар екеніне көзім жетті. Жалпы, бұл жұмысқа 70-ке жуық азамат көмегін көрсетуде.

Теңге ауылына - 55 жыл: дайындық қалай жүріп жатыр?

Қаланың әкімі осы жасап жатқан қарекеттерімізден хабардар, өзімізбен араласып, бірге аралап, жасалған, жасаймыз деген жұмысымызды көріп, ризашылығын, сенімін білдіріп, қолдайтынын жеткізді. Қала әкімінің орынбасары да қарап кетті. Бір арнада, дұрыс бағытта келе жатырмыз.

Ауызбіршілік болса аз да бітер, көп те бітер

Мақсат ИБАҒАРОВ, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директордың транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары:

— Теңге ауылының 55 жылдығы деп жиылған жігіттер бірауыздан ізде қалатын, халыққа  пайдасы бар дүние жасайық деп шешім қабылдады. Алғашқы басқосуда-ақ көптеген мәселелерді талқылап, ұйымдастыру алқасының ең негізгі жұмыстарын белгілеп алуға тырыстық. Нәтижесінде, бірнеше іске тоқтадық. Бүгінгі таңда, осы бойынша жұмыстар баста­лып, қарқынды түрде жүргізілуде.

Ауыл халқының демалысы үшін ең қажет деп тапқан шарамыздың бірі ауыл маңынан ал­лея (саябақ) салу болды. Бұл идея тек қана де­малыс үшін ғана емес, ауыл мәдениетін өсіріп, келешек ұрпақтың саналы болуын көздейді. Ауылдың атымен байланыстырып «Анаға тағзым» деп аталатын үлкен саябақ 100 метрге 60 метрді құрайды, тағы да 56 метр қосылады. 2 айдай күрделі жұмыстар жасалды. Ойлы-қырлы жерді тегістеу мақсатында құм төселіп, 40-50 сантиметрге көтерілді. Айналасын темірмен қоршап, сырлап жатырмыз. Бүгінде ұйымдастыру алқасы, ауыл тұрғындары, Ісенбай Қалдаманов басқаруындағы «Каспий педагогикалық колледжінің» студенттерімен 300 түп жас шыбық отырғызылды. Ендігі күні, саябақты сәулеттендіру, абаттандыру, толық жабдықтандыру жұмыстарын жүргіземіз. Аллеяның қақ ортасынан биіктігі 2 метрге шамалас жартылай отырған Ана мүсіні орын алатын болады. Табиғаттың кез-келген ауа- райына төзімді, тат баспайтын, көпке дейін формасын жоғалтпас үшін сапалы материалдан жасауды жөн деп таптық. Мүсін Ақтау қаласына тапсырыс берілді, 4-5 жылға дейін сыры кетпейді деген кепілі бар. Аллеяны қарауылдап, ағаштарға күтім жасау үшін ар­найы адам жалдап қойдық. 1 жылға дейін жалдамалы жұмысшының айлығын топтағы азаматтар бөліп төлеп отырады.

Саябақтың ең негізгі символы Ана мүсінімен қатар, демалыс орнына тағы бірнеше архитекторлық жұмыстар, отырғыштар қойылады, жасанды жасыл көгал төселеді. Көпшілігі жас ұрпақтың танымын кеңейтуге арналған дүниелер болмақ. Сондай-ақ, аллеяның оң жақ шетінде мерекелік алаң, сахна, ал екінші жақ бетінде балалар ойнайтын алаңша бола­ды. Алляеға кіре берісте жеңіл автокөлік жолы жасалып, екі шетін егілген ағаштар жауып тұрады.

Байқап қарап отырсақ, Теңге ауылының бірде-бір кіреберісінде стелла жоқ екен. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ұйымдастыру алқасы болып 3 стелла (ауылға үш жерден келуге болады) орнатамыз деп шештік. Стелланың әрқайсысы әртүрлі ди­зайнда жасалады, бір-біріне ұқсамайтын бо­лады. Латын қарпімен «Теңге ауылы», «Қош келдіңіздер», «Ауылым — алтын бесігім» секілді сөздер жазылып, біткен уақыты көрсетіліп, түйе т.б. ауыл екенін танытатын нәрселер қосылатын болады. Бұл процесті «Бұрғылау» мекемесі жұмыс базасында әзірлеуде.

Тағы бір жасалып жатырған жұмыстың бірі, билборд ілетін бағаналар (перетяжка). Ауылда 4-еуі бар екен, қосымша 5-еуін жасаттық. Оған қоса, «Атамұра» МҮ алдында орналасқан сахна жанына 13 метрлік тутұғыр (флагшток) орнаттық. Жарға ілетін және үстел үстіне қойылатын күнтізбелер дайындалды. Бұлар біткен бір істер болды. 55 жылдыққа теміржол (ауылдың ауыл болуы теміржол ашылғасын), түйе, мұнай бейнеленген логотип жасалып қойылды. Әзірше бітпеген нұсқасы, әлі де өзгерістер енгізіліп, нақты үлгісі дайындалады.

Сонымен қатар, ауыл жастарының дамуы үшін, бұқаралық спортқа тарту мақсатында көп функционалды 2 спорт алаңшасын жа­ сап, қолданысқа береміз. Алаңша баскет­бол, волейбол, футбол т.б. спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Оған қоса, «Ауы­лым Теңге» дегендей (мәтіні ойластырылуда) декоративті үлкен жазу жасатпақпыз.

Алла қаласа, жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі аз уақыттың ішінде көрініс табады. Бүгінде жұмыстың 70-80%-ын нобайладық. Бұл істерде «Қазақ газ өңдеу за­уыты» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Бұрғылау» ЖШС, «Өзенмұнайсервис» ЖШС секілді мекемелер, кәсіподақтары және де жеке кәсіпкерлер көмек қолын созуда. Техникамен, қаржылай, өз қаражаттары, меценаттық көмек, демеушілік, қайырымдылық, қол көмектер көрсетілуде. Көпшілігіміз осында тұрып, өсіп-өнген азаматтармыз. Тіпті, осы ауылда тумаған, тұрмаған азаматтар да қол ұшын бе­руде. Солардың бірі, «ӨМГ» АҚ қарасты Хи­мияландыру және экология басқармасының бастығы Қанат Базылов. Жұмыстар толық 2 айда аяқталады деп отырмыз. Мерекелік ша­ралар қыркүйекке жоспарланған. Дегенмен де, нысандар аяқталса, мерекені күтпей халық игілігіне беріледі.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді»

Тимур МҰСАЕВ, «Мұнайөзенсервис» ЖШС директоры:

— Ақпан айының 6-7 күндері бас қосқан біздерге 3 айдан бері тыныштық жоқ. Мені Теңге ауылының 55 жылдығы аясында құрылған ұйымдастыру алқасының төрағасы ретінде сайлады. Аптаның әр сәрсенбісі күні жұмыстан кейінгі уақытта жиналып, талқылаймыз. Оған қоса, «WhatsApp» желісінде арнайы ашылған тобымыз бар. Бізде барлығы ерікті түрде жүретін болғандықтан, әр азаматтың негізгі жұмыстары бар дегендей, жиналысқа қатысуға мүмкіндік таппағандарға сол чат арқылы ха­барлама жасап, жұмыстың тоқтаусыз жүруі үшін тапсырмалар беріп отырамыз. Осы орай­да, бір айта кететіні ешқайсысы жұмыстан қашып, жауапсыз кеткен емес. Ауызбіршіліктің әрі бір-бірімізге сый-құрметтің арқасы болар жұмыстар өз деңгейінде жүріп келеді.

Жалпы, бұл жұмыстар үшін «Атамұра» мәдениет үйінен шот ашып қойдық. Бүгінде 300 адамдай ақша аударды. Ұйымдастыру алқасының әр мүшесі өзінің меценаттық көмектерін көрсетуде.

Жұмысымызды бастамас бұрын ауыл ақсақалдарынан бата алып, садақа бердік. Ал, 55 жылдықты ресми түрде «Жаңаөзен барысы» спорттық шарасымен 25 сәуір күні аштық. Палуандар сайысына қала әкімінің орынбасары қатысып, қызу өткен жарыс болды. Алдағы уақытта әлі де мерекелік ша­ралар ұйымдастырыла береді. Соның бірі, тамыз айына қарай «ӨМГ» АҚ-ның Жайдар­ман ойынының 3 ойынын Теңге ауылының 55 жылдығына арнап ұйымдастырып, ауылдың бір командасын қатыстыруды ойластырып отырмыз.

Жұмыстың барлығы «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, бірігіп, ақылдасып жасалуда. Логотип, мүсін, стелла дизайндарына эскиз жасалып, барлығына көрсетіп, пікір алмасып нақтылаймыз. Ұйымдастыру алқасында бір ерекшелігі жобалаушы, сызбашы, механик, дәнекерлеуші, темір мамандары, транспорттан хабары бар, бір сөзбен айтқанда барлық саланың кәсіби білікті мамандары топтастырылған. Техникалық сызбалардың барлығы дерлік солардың қолдарынан өтуде.

Сағидолла АБИШАЕВ, «Өзенмұнайсервис» ЖШС өндірістіктехникалық бөлім жетекшісінің орынбасары.

— 1975 жылдан бері осы Теңге ауылының тұрғынымын. 44 жыл болыпты ауылдың ауасын жұтып, суын ішкеніме. Темір жолдың жағасын жағалаған көшеде тұрамын. Ауыл әкімі ақпан айында басталған шараға мені де шақырды. Осы уақытқа дейін ауылдың 50 жылдық мерейтойы болды, ұйымдастыру алқасына кірмесем де, азда болса қаржылай көмек көрсеткенмін. Осы жолы «Ынтымақтың арты игі» демекші аузыбіршілігі мықты азамат­тармен ұйымдастыру шараларына араласып отырмын. Сырлау, жер аудару, қазу секілді жұмыстардан да қашпаймын, білек сыбана кірісе беремін. Әрине, ең негізгі жұмысым өндіріс, жұмыстан кейінгі уақыттарда, дема­лыс күндері осы жұмыстарға араласып оты­рамын.

Теңге ауылына - 55 жыл: дайындық қалай жүріп жатыр?

ТҮЙІН: Теңге ауылының 55 жылдық мерейтойы аясындағы жұмыстарға білек сыбана кіріскен азаматтардың айтар сөзі, жұмыс есебі осылай болды. Бұл жерде жұмысшы тобының барлығының пікірін бермесек те, олардың мақсаттары бір екеніне көз жеткізіп, әрқайсысы ауыл үшін, халық үшін титтей де бол­са күш-жігерін сарп етуге даяр екеніне куә болдық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жер», соның ішінде «Атамекен» кіші бағдарламасындағы барлық бағыттар орындалып, іс-шаралар жүзеге асыры­луда. Ізгілік жібі дәл осылай жалғасын та­бар болса, бас біріктірген азаматтардың тындырымды істері аз болмайтыны анық.

Жазира АҚБЕРГЕНОВА