1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында неміс басқыншыларын талқандауда Қазақстан халқының майданда және тылда көрсеткен ерен ерлігін паш ету, жас ұрпақты отан-сүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеп, батыр ұл-қыздардың ерлігін дәріптеу мақсатында 9-мамыр Жеңістің 74 жылдығына орай Бейнеу кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Жеңістің жырын айтсын бүгін тіл – көмей!» атты көркем сөз оқу сайысы өткізілді.

Жеңіс жырын айтсын бүгін тіл көмей,
Абзал досым, мүгедекті жүр демей.
Ел дегенде еңіреп туған ерлерді,
Еске алайық бір сәт тұрып үндемей, — деп бір сәт үнсіздікпен басталған бұл сайысқа Ы. Алтынсарин атындағы  орта мектебінен Айгерім Нұрғабылова, Бейнеу орта мектебінен Мәншүк Исенбаева, Атамекен орта мектебінен Жанна Зейноллаева, Күйкен орта мектебінен Алтынай Қасымова қатысып, өзара сынға түсті.

Жеңіс туралы кез келген ақынның шығармасын мәнерлеп жеткізу, көрсетілген тақырыпта мақал мәтел айту, шумақпен айтыс — осы аталған 3 кезеңді қамтыған көркем сөз сайысының әр кезеңінде сайыскерлер өздерінің шапшаңдығын, білімділігін, жан жақты екендігін көрсете білді.

Әділ қазылардың ортақ ұйғарымымен сайыс қорытындысы бойынша Атамекен орта мектебінің оқушысы Жанна Зейноллаева жеңімпаз атанды. Қатысушыларға Алғыс хаттар мен мекеме атынан бағалы сыйлық табысталды.

Үміт ҚАЗДАЕВА