устюрт үстірт

Жаздың бір күні, ыстық, аптап. Күннің ыстығына қарамастан Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының аумағында ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатқан. Директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ж.Нұрмұхамбетов, ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің сол кездегі басшысы С.Тұрмағамбетов және бөлімнің аға ғылыми қызметкері Д.Нұрмұхамбетованы алып, қорық аумағына сапарға шықтық.

Бұл сапардың басты мақсаты — қорық аумағындағы фототұзақтар орнатылған жерлерге жем (малдың ішек-қарны, бас-сирақтарды) апару, фототұзақтарға түскен жан-жануарлардың суреттерін жинақтау. Жолда 1 қарашұбар жылан, 2 жұртшы, 2 бүркіт, 2 үкі, арқарлар мен қарақұйрықтар кездесті.

karakuiryk қарақұйрық
Қарақұйрық

Бәрі жақсы еді. Кенеттен Кендірлі сорында көлігіміз батты. Ол жерден рацияға шығу мүмкін емес еді. Күшіміз де жоқ, суымызда аз, күн өте ыстық, азығымыз инспекторлық кордонда қалған болатын. Ойланып, ақылдаса келе көліктен рацияны шешіп алып, бес литр суымызды көтеріп, рацияны арқалап 25-30 шақырым жерді жаяу жүруге бел будық. Арасында дем алып, түнімен жүріп, әйтеуір Кендірлі аумағындағы инспекторлық кордонға да жеттік. Жете салысымен Аққұдық елді мекеніне рацияға шығып, көлігіміз батып қалғанын және бізге көмек керек екенін хабарладық. Олар бізді ауылға кетті деген оймен іздемеген екен. Сөйтіп көмекке келген инспекторлардың көмегімен батқан көлігімізді әрең шығарып алып, жылжымалы вагонға тоқтап, Жаңаөзенге жол тарттық.

Осындай қиын сәттерде көмек берген қорық инспекторлары М.Оразбаев, Б.Қожашев, М.Абдикаримов, Д.Атантаев, Н.Уалиханов, Ш.Темірхановқа алғыс айтқым келеді. Басшылар осындай қиын жағдайға тап болған инспекторлардың еңбегін ескеріп алғыс хатпен марапаттап, ақшалай сыйлық берілсе нұр үстіне нұр болар еді!

Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының
мемлекеттік инспекторы О. Мұханов