Отпан да Отпан, Отпан тау,
Созылып ұзын жатқан тау.
Өзгеге болсаң, кішкентай,
Ал бізге асқар, атпал тау.

Отпан да Отпан, Отпан тау,
Тағдыры терең, батпан тау.
Ата боп ақыл айтқан тау.
Сырыңды маған ақтар, тау.

Ғасырдан ғасыр жалғасып,
Уақыт пен заман сырласып,
Алыстан биік көз тастап,
Көгіңде бұлттар тұр ғашық.

Үстіңнен қыран самғаған,
Қыранға ұқсас кең далам.
Далаңдай дархан көңілмен,
Өзіңді сүйер бұл балаң.

Қаратау — биік тұлғасың,
Құшаққа алып тұрғасын.
Ұрпаққа үлгі өр бейнең,
Толғасын, жүрек толғасын.

Мереке-думан төсіңде,
Түзелді әсем көшің де.
Тойлайды халқың жыл басын,
Бөленіп, ғажап әсерге.

Биыл да Наурыз — көктемде,
Құлпырар қырың, бөктер де.
Жүгіріп барар, қозы-лақ,
Қылтиған жұмсақ шөптерге.

Бауырайың сенің гулейді,
«Ауада жұмсақ бу», — дейді.
Көрісіп, мәз боп, адамдар,
Тарқайды іште шер, — дейді.

Шешендер шығар нақылмен,
Ақсақал сөзі ақылмен.
Домбыра үні күмбірлеп,
Белдесер батыр батырмен.

Бәйбіше байпаң басады,
Сыбаға — қазан асады.
Келіндер салып сәлемін,
Әйелдер шашу шашады.

Ошақта оттар лаулайды,
Жан-жақтан жұртты қаулайды.
Аспанға ұшқан ақ әуен,
Жүректі сол сәт жаулайды.

Құшаққа құшақ айқасып,
Жігерлі жастар шайқасып.
Баян мен Жібек ауылына,
Жігіттер келер байқасып…

Келіншек, қыздар майысып,
Қыпша белдері қайысып.
Ақ шаңқан үйлер тігілер,
Бірімен бірі сайысып.

Жыршының жыры таң асқан,
Өнер мен өрен жарасқан.
Кәрі де, жас та желпініп,
Көруге бәйге таласқан.

«Көрісу-Амал» осылай,
Даңқыңды Алла асырғай.
Төріне Отпан тауымның,
Келіңдер, достар, тосылмай!

Алматы, Ақтау, Арыстан,
Келіңдер, халқым, қалыспаң.
«Амал-той!» деген керемет,
Сағынған жандар табысқан.

Жүректе саған құштар ән,
Күтпеймін бақыт басқадан.
Масайрап тұрам мен сонда,
Отпан тау — биік асқардан!

 Гүлнар НАУЫРША

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз