Ұлжан Ермаханқызы

Ауылдық елді мекендерге қызметке «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары кеңінен қолдау табуда. Соның нәтижесінде соңғы жылдары  ауданымызға келіп жатқан жас мамандар да аз емес. Солардың қатарында бағдарламаның қолдауын көріп отырған — Ұлжан Малкаждарова.

Ол — Бейнеу аудандық орталық ауруханасына қарасты Атамекен емханасында жұмыс жасап жатырған білікті маманның бірі.

Біз әңгімелеп отырған жас маман 2010-2015 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина факультетінің бакалавриатын, 2015-2017 жылдары жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығының интернатурасын тәмамдаған. «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы арқылы 2017 жылы Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданына «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығы бойынша аудандық аурухананың «Атамекен филиалында» жас маман болып еңбек жолын бастаған. Қазіргі таңда Ұлжан ұжым арасында беделді қызметкердің бірі.

Әрқашан ол Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жастарға қолдау көрсетіп, осындай ауқымды жобаны іске асырғаны үшін шексіз алғысын білдіреді.

— «Дипломмен ауылға» жобасында түлектерге жүктелер үміт үлкен, сенім мол және де сенімді ақтау біздің парызымыз. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында бұл бағдарлама — жастардың ойып тұрып орын алуға тамаша мүмкіндік. Ауыл қайнаған тіршіліктің ортасы. Сезіне, түсіне білген адамға бұл — үлкен мектеп. Қажетті білімді меңгерген, ауылдың абыройын көтеретін, өмірін өзгертетін жігерлі жас болуымыз тиіс. Алға қойған мақсатым халқыма адал қызмет етіп, медицина саласының дамуына өз үлесімді қосу», — дейді Ұ.Ермаханқызы.

Біз Ұлжанмен бірге қызмет жасайтын әріптестерімен де пікірлесіп, олардың әріптесі туралы айтар ойларын білген едік. Емхана меңгерушісі Р.Ташимова:

«Ұлжан — жалпы тәжірибелік дәрігер, жас маман болса да аз уақыт ішінде халықтың  алғысын алуда. Маманымыздың жұмысына әрқашан табыс тілеймін. Биіктерден көріне беруіне тілектеспін. Осындай жас мамандар саны арта берсін» — деген ақжарма лебізін білдірді.

Сонымен қатар Бейнеу аудандық ауруханасының аудандық педиатры А.Мархабаева:

«Ұлжан Ермаханқызы – 2017 жылдан бері жас маман ретінде өз жұмысын бастады. Жұмысында алғырлығымен, еңбекқорлығымен, адалдығымен ұжымында сыйлы. Осындай жас мамандар көбейіп, ауылдық жерлерде медицина саласының дамуына өз үлестерін қоса бергей» — дейді.

Мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көріп жүрген денсаулық саласынан басқа да білім саласы бойынша мектептерде, мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс жасап жатқан жастар бар. Еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, аянбай еңбек етіп жүрген жастарға еңбегінің жемісін көрсін дегіміз келеді. Мемлекет басшысының биылғы «Жастар жылында» жастарды қолдау бағытында қолжетімді және сапалы білім алуға мүмкіндік жасап, жұмыспен қамтылуына сондай-ақ, баспана мәселесіне де аса мән беріп отырғаны қуанарлық жағдай. Аталған мүмкіндіктердің игілігін көріп, еңбек етуге жастардың аянып қалмасы анық.

Үміт ҚАЗДАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз