шыңырау шымырау құдық
Суретті түсірген Талант Құсайын

Бұл жөнінде «Маңғыстаудың тарихи және мәдени мұраларын қорғау және пайдалану» жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің кеңейтілген отырысында айтылды.

Ғылыми-әдістемелік кеңестің жұмысына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, шетелдік және еліміздің белгілі ғалымдары, археологтар, этнографтар, өлкетанушылар, тарихшылар қатысты.

Мамыр-қараша айыларында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген іс-шараны жүзеге асыру мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен өңірдің тарихи-мәдени мұраларын зерттеу бағытында 3 турдан тұратын халықаралық кешенді экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция жұмысына Түркия, Әзірбайжан, Ресей, Қазақстанның танымал ғалымдары мен жергілікті өлкетанушылар қатысты.

Экспедиция 6 ғылыми бағытты қамтыды:

*Маңғыстау облысы тұрғындары арасынан ХХ ғ. 20-30 жылдарға қатысты этнографиялық мәліметтер жинақтау;

*Белгілі неміс этнографы Рихард Карутц жолымен. 100 жылдан соң;

*Маңғыстаудағы ноғайлы кезеңі;

*Ұстірттегі шыңырау құдықтарды зерттеу;

*Маңғыстаудың сокралды ескерткіштері;

*Маңғыстаудың петроглифтері;

Экспедицияның мақсаты – Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұраларын зерттеу және мың жылдық тарихы бар өлкенің ескі мұраларын қайта қарап, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын ұлттық және халықаралық деңгейде насихаттау.

Ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы есептер және оларды зерттеу, насихаттау мен сақтаудың өзекті мәселелері талқыланды.

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері т.ғ.к. А. Қасеналин «Қызылқала ортағасырлық қалашығы» ескерткішін дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне қосу бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсаттар туралы баяндады. Ол Қызылқаланы дүниежүзілік тізімге қосу үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

Ә. Марғұлан атындағы археология институтының директоры академик Б. Байтанаев «Маңғыстау археологиялық ескерткіштерін зерттеудің келешегі туралы», археолог А. Астафьев «Ерте темір дәуіріндегі Жыңғылды және құмыра қорымдарын, сондай-ақ «Алтынқазған» діни-жерлеу кешенін зерттеудің нәтижелері мен келешектегі перспективалары» туралы баяндама жасады.

Астафьев өз сөзінде тұрақты жұмыс істейтін Маңғыстау археологиялық экспедициясын құруды, «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасы» ғылыми еңбектерінің көптомдық басылымын шығару ұсынысын көтерді.

«Белгілі неміс этнографы «Р.Карутцтың жолымен. 100 жыл өткен соң» ғылыми бағыты бойынша қазіргі Маңғыстау қазақтары мен түркмендердің этнографиялық ерекшеліктеріне зерттеу жүргізілді. Экспедиция Карутц жүрген жолдармен жүріп өтті. Қазақ-түрікмен байланысы жөнінде сауалнама, сұхбат өткізілді. Сондай-ақ Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласының және сол маңдағы ауылдарға ХХ ғ. 60-70 жылдарында Иран, Өзбекстан, Түркменстаннан қоныс аударған қазақтардың этнографиялық, тілдік ерекшеліктері зерттелді. ХХ ғ. 20 жылдарындағы Адайдың беделді адамдарына берілген ас, бәйге, Маңғыстаудың тұрмыс-тіршілігіне байланысты мәліметтер, салт-дәстүр, аңшылық, құдықшылық, қолөнер, зергерлік т.б. туралы ақпараттар жиналып, архивтік мәліметтермен салыстырылды. Маңғыстаудың жерасты мешіттерін көлемі, архитектуралық ерекшеліктері, кезеңі, тарихы, атқарған қызметіне қарай шағын және ауқымды жерасты мешітері деп топтадық. Экспедиция барысында тек барлау, тіркеу жұмыстары ғана емес, тарихи нысандар туралы археологиялық зерттеулер, салыстыру, сараптау, антропологиялық реконструкция, құжаттандыру, тарихиландыру жасалды», — деді филология ғылымдарының докторы Бибіайша Нұрдәулетова.

Экспедиция нәтижесінде 235 беттік фотоальбом жасақталған. Бұл Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес мұраларының тарихи шежіресі боп қалмақ. Сондай-ақ экспедиция барысында анықталған діни мәселелер алдағы уақытта терең зерттеуді қажет ететінін айтты мамандар.

Сонымен қатар Жыңғылды ауылы маңынан табылған катакомба осы экспедиция аясында қазылып алынған.

«Экспедицияға кеткен шығынның барлығының орны толды деп ойлаймын. Себебі көптеген жаңалық ашылды. Мәселен, жерасты мешіттері осымен бітті деп жүргенде тағы бес мешіт анықталып отыр. Бұл – үлкен жетістіктердің бірі. Экспедиция кезінде Маңғыстау туралы тарихи деректермен көп шұғылдандым. Оның ішінде ең қызығы – сақ кезеңі деп ойладым. Сақ кезеңі б.з.б. 1000 жылдан жаңаша жыл қайыруымыздың үшінші жылына дейін созылады. Бұған дейінгі тарихтың бәрінде тайпалар аталмайды, тек құралдар ғана кездеседі. Сақ дәуірінен бастап этникалық белгілер басталады. б.з.б. 1000-700 жылдары оңтүстіктен, Памир тауларының арғы жағынан 3 тайпа көшіп келген: дах, дамы, дай тапалары. Дах және дай тайпасы келешектегі Маңғыстау халқының негізін қалады. Осы екі тайпаның тарихын тереңірек зерттеуіміз керек», — деген Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері, жазушы-драматург Әнес Сарай сөзінің дәлелі ретінде сол кезеңдегі карталар арқылы түсіндіріп берді.

«Экспедиция барысында бұған дейін еш жерде тіркелмеген 5 жерасты мешіті анықталып, тіркеуге алынды: Құндыздағы жерасты мешіті, Аққорғандағы, Қапам ата, Бура ата және Бурыл торымдағы жер асты мешіттері. Сондай-ақ Маңғыстау мен Үстірттегі 20 құдық-шыңыраулар анықталды. Мәселен, Шүңкілдек, Мәмекқазған, Нұртаңқазған, Қыңыр, Жазықбай, Сәмембет, Шоқпар, Тартпалы, Әуезқұдық, Маңғытайқұдық т.б», — деді Бибіайша Ілиясқызы.

Экспедиция қорытындысы негізінде «Kazakh TV» арнасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірнеше сериядан тұратын деректі фильмнің тұсауы кесілді. Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұрасын одан әрі насихаттау мақсатында фильм әлеуметтік желілерден, «Ел Арна», «Kazakh TV» арналарынан және әлемнің 120 елінде көрсетілмек.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ