Ospan Kulsymak Оспан Құлсымақ

Есімі күллі өнерсүйер қазақ жұртшылығының құлағын елең еткізген маңғыстаулық Оспан Құлсымақ 1989 жылы 16 шілдеде Самның құмында малшылар қоныстанған кішкентай ғана Үмбетай ауылында дүниеге келген.

1996 жылы Бейнеудегі Абай мектебіне бірінші сыныпқа барған Оспанның отбасы, ол 11-сыныпты бітірген жылы облыс орталығы Ақтауға қоныс аударды.

Әкесі Қалдымырза түйе баққан малшы болғанмен, өнерпаздығымен айналаға танымал, Тұрыш, Ноғайты, Сыңғырлау т.б. ауылдарына түскен біраз келіннің бетін ашқан, әуесқой термеші, жыршы адам еді.

Өнерді әкесінен мирас еткен Оспан да мектепке барғасын, 11-12 жасынан бастап терме айту машығын сол кезде көпке белгілі өнерпаз Елдос Емілдің аудиотаспасынан тыңдап үйреніп, сахнадан көріне бастады.

Өнер жолындағы ұстаздары Амандық Көмеков, Ақмарал Ерімбетованың ұсынысымен аудан, облыс көлеміндегі өнер байқауларына қатысып бақ сынай бастады. Сөйтіп, аудан, облыс жарыстарынан көрініп, өнерін шыңдай түскен Оспан, 2013 жылы Атырау қаласында өткен Ақтанның еске алу кешіне қатысып І орынды, 2014 жылы Ақтөбе қаласында «Көкжар жәрмеңкесі» республикалық өнер сайысынан бас жүлдені, Орал қаласында өткен республикалық байқаудан І орынды қанжығасына байлап, елге аты шығып қалған жас жүйрік  2017  жылы  алғаш рет ұйымдастырылған «Мен қазақпын!» мега жобасынан жарып шықты.

Бұл – Ақпарат және байланыс министрлігінің қолдауымен республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырған дәстүрлі ұлттық өнерді дәріптеуге арналған дүбірлі дода еді. 18–40 жас аралығындағы кез келген дәстүрлі өнерпаз қатыса алатын жарысқа іріктеу байқауы әуелі облыстардан бастау алды.

Маңғыстау өнерпаздарын іріктеу жарысын ақтөбелік танымал өнерпаз Айгүл Елшібаева  бастап жүргізді. 50-ден аса өнерпаз қатысқан іріктеу турынан терме жанры бойынша алға суырылып шыққан Оспанды және әнші Алпысбек Оңайбай мен күйші Алмас Жетібаевты Астана сахнасы күтіп тұр еді.

Қазылар алқасында Мырзатай Жолдасбеков, Айгүл Үлкенбаева, Ұлжан Байбосынова, Әлқуат Жаңабергенов секілді майталман дәстүрлі өнер шеберлері төрелік еткен өнер жарысында Қытай, Ресей, Өзбекстан т.б. шетелдерден үш мыңнан аса адам бақ сынасты. Үш кезеңнен тұрған халықаралық аламан бәйгеден аты озып келген жерлесіміз Оспан Құлсымақ «Мен қазақпын!» мега жобасының бас жүлдегері атанды.

Күйден бас жүлдені ақтөбелік Ардақ Елеусіз, әннен талдықорғандық Жетісу мектебінің жас өнерпазы Бейбіт Мұсаев жеңіп алды.

Мега жобаға дейін эстрадалық бағытта ән салып жүрген Оспан дүбірлі додадан аты озып келгесін, дәстүрлі өнерге біржола бет бұрып, Маңғыстау мектебінің өнерпаздары мұраларына шындап көңіл бөле бастады.

Өнерді әуесқойлық деңгейде емес, кәсіби деңгейде меңгеру үшін Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтының білім және өнер факультетіне сырттай оқуға түсіп, 2- курсын аяқтады.

Өнердің үлкен жолына түскен жас өнерпаздың репертуарында қазірде Адайдың бес жүйрігінің ән-термелері – Абылдың «Тойбастары», «Әліппе», Аралбайдың «Сөзбасы», Ақтанның «Болжау», «Қалағандарың сөз болса», Қашағанның «Тойбастар», «Есқали сұпыға айтқаны» т.б. бар.

Бүгінде қазақтың қара домбырасымен ата-бабадан мирас болған жырларды халыққа кеңінен насихаттап жүрген Құлсымақ әулетінде анасынан басқа әу демейтін адам жоқ, бірақ өнердің соңына шындап түскен – жалғыз Оспанның өзі.

Беташар, той бизнесімен нан тауып жүрген үш баланың әкесі Оспан ара-тұра өз даңқына құмар Қызылорда, Атырау облысының жеке азаматтарының шақыруымен отбасылық тойларға да қатысып тұрады. Келіншегі Алтынжапырақ – балабақша қызметкері.

Филармония басшылығы өнерімен көзге түскен жастарға әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Өткен жылы тұңғыш рет туған жері Бейнеуден бастап ауыл, аудандарды аралап жеке концертін беріп қайтқан жас өнерпаз жақын арада Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда өтетін жеке концертіне қызу дайындық үстінде. Өнерсүйер көрермендерге филармонияның «Ақжарма» фольклорлық оркестрімен өнер көрсетпек. Өнерде жүрген ағаларын ұстаз тұтатын Оспан дәстүрлі әншілерден Маңғыстау мектебінің шебер орындаушылары Амандық Көмеков, Айгүл Қосанова, Айгүл Елшібаева, Елдос Емілді тыңдағанды ұнатады.

Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз