Биыл Атырау атырабында негізі қаланған Солтүстік Каспий жобасына 25 жыл толды. Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін беріп, мұнай-газ саласындағы ілкімді жобаларды жемісті жүзеге асырған «Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясы алғаш Қашаған кенорнын ашты. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Каспий қайраңындағы ірі кенорнын игеру – еліміз үшін тарихи оқиға еді. Қашағанды игеру Қазақстанда мұнай-газ индустриясының жаңа дәуіріне есік ашты. Халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі іспеттес Солтүстік Каспий жобасы операторы «Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясы еліміздің мұнай-газ секторын дамытумен қатар, Атырау, Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге айрықша үлес қосып отыр.

Қуаты мол қашаған

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының басты жүйе құраушысы саналатын мұнай-газ секторын дамытуға әрдайым баса назар аудартып келеді. Қашаған кенорнын игерудің маңыздылығын Елбасы ортақ мақсаттар жолында әлемдік мұнай жетекшілерінің басын біріктірумен байланыстырып, Қазақстанда мұнай-газ индустриясы қарыштап дами түсетінін атап айтты. «Сіздер тәуелсіз Қазақстанның маңызды әрі ірі жобаларының бірі болып саналатын Қашаған бірегей теңіз кенорнын игеруге көп күш жұмсап, зор еңбек сіңірдіңіздер. Жас мемлекетіміз үшін сол бір күрделі жылдарда теңіз шельфінен көмірсутегін өндіру ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған міндет еді. Қиыншылықтың бәрін жеңіп, болашақ ұрпағымыз мақтан тұтатын осындай үлкен бастаманы біз бірге жүзеге асыра алдық. Бұл жоба елімізге шетел инвестициясын, жаңа технологияларды, әлемдік тәжірибені әкеліп, өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық пен серіктестіктің жарқын мысалына айналды. Осындай жемісті ықпалдастық кенорнын одан әрі қарқында игеруге, оның экономикалық тиімділігін арттыруға, сондай-ақ еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.

«НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн Қашаған кенорнын игеру арқылы Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібі биік белесті бағындырғанын компанияның бүгінгі жетістіктерімен мақтан тұтуға болады деп сенім артады. «Біз Солтүстік Каспий жобасына белсенді атсалысып, үлес қоса алатынымызды мақтан тұтамыз және Қазақстан Республикасының мұнай-газ өнеркәсібі тарихындағы межесі биік мерейлі белес екенін жақсы түсінеміз. Қашаған кенорны еліміздің жедел қарқынмен дамуы үшін маңызды энергетика көздерінің біріне айналатынына күмәніміз жоқ. Ол Қазақстан экономикасының дамуына шешуші әсер етіп, консорциум акционерлерінің үмітін ақтайды деп сенеміз», – дейді Бруно Жардэн.

Еліміз 1997 жылдың 18 қараша күні әлемнің жетекші мұнай-газ компанияларынан тұратын консорциум ынтымақтастықтың құқықтық негізі – Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу тура келісім құрған болатын. Осылайша тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында тікелей шетел инвестициялары арқылы ең үлкен жоба қолға  алынды. Келісімге сәйкес аталмыш консорциумға Солтүстік Каспий жобасы аясында жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды (ӘИЖ) жүзеге асыру міндеттері жүктелген.

«НКОК» компаниясы корпоративтік қызметтер директоры Балтабай Қуанышев мұнай- газ саласындағы негізгі қызметтермен қатар компания ел экономикасының тұрақты дамуына консорциумның септігін тигізуді ұдайы назарда ұстайтынын айтады. Бүгінде компания бұл бағытта жасалған қыруар жұмысты еңсере отырып, Солтүстік Каспий жобасы аясында халықтың әл-ауқатын жақсартудың жаңа мүмкіндіктерін іздестіру үстінде. «Атырау мен Маңғыстау облысы – біз үшін ерекше өлке. Себебі үш мыңға жуық қызметкеріміз, он мыңдаған мердігер мен жабдықты жеткізушілер – осы өңірлердің тұрғындары. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар «НКОК» компаниясының корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілігінің негізін құрайды. Республикалық және жергілікті атқару органдарымен біріге, біз Әлеуметтік және  инфрақұрылымдық  жобалар бойынша жұмысымызды ел игілігі жолында жалғастырамыз», – дейді Б.Қуанышев.

«НКОК» компаниясы сол уақыттан бері әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға мол қаражат бөліп келеді. Мәселен, 2017 жылы осы мақсаттарға 50 млн. АҚШ доллары жұмсалған. Мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорт нысандарын салу, сонымен қатар жолдар, электр беру желілері мен су құбырлары сияқты инженерлік қамсыздандыру жүйелері мен жергілікті халыққа пайда тигізетін басқа да инфрақұрылымдық нысандарды салуға арналған қаражат Солтүстік Каспий жобасы бойынша негізгі қызмет жүргізіліп жатқан Атырау және Маңғыстау облыстары арасында тең бөлінеді. Осылайша жиырма жыл ішінде 200 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылған. Бұл жобаларға жұмсалған қаражат көлемі 2018 жылдың қазан айы есебімен айтсақ, шамамен 620 миллион АҚШ долларына жуықтаған.НКОК – әлеуметтік жобалар жетекшісі

Қашаған жобасының шарапаты әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандардың көптеп бой көтеріп, ел игілігіне берілуімен арта түсуде. Консорциум 1998 жылдан бері Атырау, Ақтау қалаларымен қатар, облыстың шалғай елді мекендеріне тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар мен ауруханалар салып, газ құбырларын жүргізуімен кең танылған. «Бұл нысандарды салу кезінде қауіпсіздігімен қатар сапасына баса назар аударылды. Тек халықтың қажеттіліктерін қамтып, көңілдерінен шықса дейміз. «НКОК» компаниясында жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық міндеттемелер, тиімді ынтымақтастық пен ұзақ мерзімді жоспарлар – осы қоғамның ажырамас бөлігі екенін айқындайды», – дейді Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бөлімінің басшысы Руслан Әубекеров.

Ел игілігіне арналған жобалар

Атырауда ең алғаш 1998 жылы «Атырау» дене  шынықтыру,  сауықтыру кешені ашылды. Бұл – «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесе әлеуметтік инфрақұрылымдар жобалары аясында салынған алғашқы нысан. Атырау халқы мен қала меймандарының спортқа деген қызығушылықтарын ескере отырып салынған ғимаратта әртүрлі спорт ойындарына арналған үлкен зал, бокс, көркем гимнастика, шығыс жекпе-жегі және өзге де спорт түрлеріне арналған жаттығу орындары, 1500 орындық жанкүйерлер трибунасы қамтылған. Кешенде бүгінгі күнге дейін республикалық, халықаралық дәрежедегі маңызды спорттық турнирлер өткізіліп келеді. Өңірден шыққан олимпиада ойындарының жеңімпаздары үлкен спорттағы алғашқы қадамын дәл осы спорт кешенінде жаттығумен бастаған.

Атырау қаласындағы жұқпалы аурулар емханасы Солтүстік Каспий жобасы қаражатына салынған. Бұл емхана – аймақта жұқпалы аурулардың алдын алу, емдеу, сақтандыру, техногендік немесе апат салдарынан зардап шеккен адамдарға заманауи ем жасайтын негізгі мекеме. Мұнда көрсетілетін медициналық қызметтер аясының кеңеюі – «НКОК» компаниясының еселі еңбегі десе де болады.

Әлеуметтік бағдарлама бойынша облыста 1974 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан үш қабатты облыстық балалар ауруханасы 2014 жылы күрделі жөндеуден өтіп, технологиялық, медициналық жиһаздар мен құралдар жаңарды. Бүгінде жоғары білікті мамандармен қамтылған Қан орталығы облыстағы маңызды медициналық мекеме саналады. Бұдан бөлек, консорциум келісімі бойынша Атырау қаласының Лесхоз шағынауданында 110/10 кВ подстанция салынды. Бұл нысан «Атырау облысы және Атырау қаласы электр желілерін дамыту және 2020 жылға дейінгі келешегі туралы кестеге» сәйкес Нұрсая шағынауданын электрмен қамту үшін тұрғызылды.

НКОК – әлеуметтік жобалар жетекшісі

Маңғыстау облысында бой көтерген әлеуметтік маңызы зор нысандар да жетерлік. Солтүстік Каспий консорциумы 2004 жылы Ақтау қаласындағы Неке сарайы құрылысын қаржыландырды. Екі мың шаршы метр аумақтағы Неке сарайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылдың мамыр айында ашты. Мұнда некені тіркеу, азаматтық хал актілері жұмыстары, сондай-ақ дәстүрлі және классикалық үлгіде рәсімдер өткізіледі. Салтанатты шараны өткізу алаңы Каспий теңізіне қарата салынуы неке рәсімдерінің көркін аша түседі.

«НКОК» компаниясы салған кезекті нысан – «Маңғыстау Арена» көпфункциялы спорт кешені Ақтау қаласының 33-шағынауданында 2,5 га аумақта орналасқан. Кәсіби спорттарды ұйымдастыру және спорттық жаттығулар, ірі спорттық және мәдени-бұқаралық шаралар өткізуге бағытталған кешенде әртүрлі спорт түрлері – аэробика мен балалар фитнесінен бастап шығыс жекпе-жегі, командалық спорт залдары қамтылған.НКОК – әлеуметтік жобалар жетекшісі

 

Консорциум келісіміне сай салынған Достық үйі ғимараты Маңғыстау облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ортақ шаңырағы іспеттес. Кешен мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруда ұлттық мәдениеттер, тілдер мен дәстүрлерді жан-жақты дамытуға дем береді. Бұл сарайда 20-дан аса этномәдени бірлестіктердің, шығармашылық топтардың және үкіметтік емес ұйымдардың игі бастамалары сәтті жүзеге асуда.

Каспий жағалауының көркіне әр берген «Жартастағы соқпақ» жобасы – «НКОК» компаниясы сәтті іске асырған жұмыстың бірі. 2018 жылы басталған «Жартастағы соқпақ» жобасына сәйкес теңіз жағасындағы алаңдар мен жаяу жүргіншілер жолы, жартасты үңгірлердің ішкі кеңістіктері, трансформатрлы подстанциялар, полиция бөлімшелері қайта жөндеуден өткен. Жалпы жоба жұмыстары 2019 жылы аяқталуы тиіс. Қазіргі күннің өзінде теңіз жағалауындағы серуен құратын жолдар қала тұрғындары мен қонақтарының ең жиі баратын сүйікті орындарының біріне айналды.

«НКОК» компаниясының әлеуметтік инфрақұрылым жобалары Ақтау қаласымен қатар облыс көлемінде жалғасын тапқан. Таушық елді мекенінде жоба аясында салынған жабық универсалды спорт кешені барлық қажетті инфрақұрылымдармен жабдықталған. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «НКОК» компаниясының ынтымақтастық аясында өңір дамуына жиырма жыл ішінде бірнеше жүз миллион доллар қаржы салынса, соңғы үш жылдың өзінде 75 миллион долларға инвестиция жасалғанын айтады. «НКОК» компаниясы тарапынан жүздеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды, олардың ішінде: дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, жас мамандардың жатақханасы, мектептер, балабақшалар, спорт кешендер, тұрғын үйлер және көптеген басқа нысандар бар. Бұл – біздің Президентіміздің жобасы, еліміздің, тәуелсіз Қазақстанның дамуына қуатты серпін беруші жоба», – деп атап өтті облыс басшысы.

Қысқа мерзім ішінде әлеуметтік бағытта үздік нәтижелерге қол жеткізу санаулы компаниялар ғана бағындыра алатын алтын меже екені белгілі. Консорциум аясындағы өз міндеттемелерін мүлтіксіз атқарған «НКОК» компаниясы аймақ тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды үлкен жауапкершілік санайды. Бұл жетістіктердің барлығы компания қызметкерлерінің жылдар бойы ұйымдасқан қажырлы еңбегінің еселі жемісі, нәтижелі жұмысы екені белгілі. Өңірлердің экономикалық, инвестициялық әлеуетін дамытуға дем берген жобаларға жетекшілік еткен «НКОК» компаниясының маңызы мол жұмыстар легі бұдан әрі де жалғаса бермек.

Жайық НАҒЫМАШ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз