Таушық жерінің көне тарихы

Ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек еткен, белгілі ақын, бірнеше кітаптардың авторы Медет Дүйсеновтің «Таушық жерінің көне тарихы» атты 9,5 баспатабақтық тарихи-танымдық толғам кітабы 2010 жылы Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан 500 данамен жарық көрген.

«Таушық дегенде, талай нәрселер ойыма оралады. Таушық – балдәурен боз­бала шағымның алтын арқауы, бастапқы бастауы болған босағам. Таушық – азамат атанып атқа мініп, алғаш жұмысқа жа­рап ел үшін еңбек еткен жерім. Таушық­тың туған жерімдей болып кеткені сон­шалық, оны менің сана сарайымнан шығарып алу, жадымдағы керегесін жайған жұртынан ажырату еш мүмкін еместей» деп еңбектің алғы сөзінде Ме­дет ағаның өзі айтқандай, сырттай көзге әлім-­берім көрінген шағын кітаптың ата­уынан­-ақ оның салмағы кішігірім энцик­лопедияңнан кем түспейтінін іштей жоба­лап қолға алдық.

«Толқындар мен тайпалар» аталатын бірінші бөлімінде автор көне Каспий­дің түп­тарихымен ежелгі Кас (Каспий) тайпасының тарихын: «Тарихи зерттеу деректеріне қарағанда, Каспий атауы біздің заманымызға дейінгі V ғасыр мен біздің заманымыздың І ғасыры ара­лығында пайда болған. Бұл атау осы теңіздің шығыс жағалауын мекен еткен ежелгі Кас (Каспий) тайпасының атынан шыққан-­ды. Каспийге тұмсық тіреген құрлықта көптеген сақ тайпалары түтін түтетіп, тіршілік еткен» деп сабақтастыра өрбітеді.

Туған жердің ой­-шұңқырын шұқшия зерттеу барысында ақын көне дәуірлерге көз жүгіртіп, бірауық географ, археолог­ша ой сараптайды. Бір кездері мамонттар жайлаған өлке мұз басу мен судың тар­тылуынан, қайта толығуынан, жерасты қабаттарының күрделі қозғалысқа түсіп, орасан өзгеріске ұшырауы «…нәтижесінде Таушық жерінде таулы қыраттар мен биік жоталар бұдан 7–9 мың жылдай бұрын, ортағасырлық мезолит дәуірінде пайда болған еді» деп тұжырым жасайды.

«Төрорпаның тас жебесі»  бөлімін­де автор  палеолит,  неолит  дәуірінің тас құралдары мен Қаратаушық петро­глифтерінің сырын ашуға талпыныс жа­сайды.

Сонымен қатар автор бұл еңбегінде жергілікті аңыздардың шығу төркініне, Шақпақ ата, Даныспан, Бибі сұлу, Ешкі­қырған қорымдары, ондағы ескерткіштер тарихына ерекше тоқталып, «Таушықтың қазыналы топырағын» сүзгілей сараптай­ды. Көмір, темір, мыс, кварц, фосфорит т.б. қазба байлықтарының түп-­тереңіне шолу жасайды.

«Атаулар не айтады?» бөлімінде Таушық жеріндегі және оның төңі­регіндегі жер-­су атауларына түсінік береді.

Мысалы, «Уаның ойы – Тау­шықтың оңтүстік­-шығыс бағытын­дағы, Еңселі, Шоқырақты тауының түстігінде жатқан ойдың аты.

Уады+ой сөздерінен жасалған атау. «Уады» араб тілінде – ағып жатқан су деген мағынаны білді­реді…».

Бұл жерде автор өзінің тіл ғы­лымын жақсы меңгерген оқушы екенін аңғартады. Ақындығына қо са, көсемсөз шебері ретінде көпке танымал Медет Дүйсеновтің сазгер­лік қыры барлығын да көпшілік біле бермеуі мүмкін. Енді осы кітапты оқыған оқырманға оның тағы бір қыры – зерттеуші­-өлкетанушылығы белгілі болды. Сонымен бірге атал­мыш еңбекті асықпай парақтаған кісі автордың суретшілік бейімін де байқайды деп ойлаймыз.

«Шағын мекеннің шалқар тарихынан шет-­жағасын ғана шолып шыққанымыз­ды айтқым келеді. П.Лаплас айтпақшы, «Біздің білетіндеріміз – шектеулі де, біл­мейтіндеріміз – ұлан-­ғайыр». Оның шын мәнісіндегі сындарлы мүсінін сомдау, бізден кейінгі ұрпақтың көтерер жүгі бол­мақ. Таушық жері төрткүл дүниеге таны­мал болмаса да, оның таусылмас тарихы, қандай дуалы ауыздың мүдірмей айтуына да, іркілмей қалам тартуына да татиды», – дейді автор аталмыш еңбектің соңында.

Туған жерге деген перзенттік сүйіс­пеншілігін қызыл сөзбен емес, құнды еңбекпен дәлелдеген Үлкен Дүйсеновке жазар көбейгей дегіміз келеді.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз