Ақтаудың қанат жайып келе жатқан жаңа шағын аудандарының бірі. Құрылысы бітіп, тұрғындарын күтіп тұрған алты қабатты үйдің маңына адам көп жиналған. Бірін бірі құттықтап, жүздерінен шынайы шаттық төгілген көп балалы аналар, «әке-ана» дегенді естігені болмаса, бұл қастерлі ұғымды ұғына алмастан жетімдер үйінен түлеп ұшқан қыз-жігіттер, арбаға таңылған мүгедек жандар алдыңғы қатардан орын алған. Бұған дейін әркімнің тар қуысын жалға алып немесе жамағайынның бос бөлмесін паналап келген олардың бақытты кейіптерін сөзбен суреттеу мүмкін емес, тек көзбен көрген ғана түсінер еді. Жаңа пәтер иелерінің қуанышына ортақтаса келген жақын-жуықтары мен дос-жарандары да көңілді.  
Замандас келбеті

Салтанатты шараны құттықтаумен ашқан облыс әкімі тұрғындарға пәтер кілттерін табыстап, осынау үйді салған құрылысшыларға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Ал үй тұрғызған арнайы киімді құрылысшылар анадай жерде бөлек тұр. Құрылысшы жігіттердің жанындағы басшысы Омарұлы Ұзақбайды көргенде бойымды мақтаныш сезімі еріксіз билеп өтті. Есіме қасиетті Құран Кәримдегі «Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді» (Құран (3:148) деген аят түсті. Баспана сатып алуға ғұмыр бойы қаржы жинар қауқары жоқ қаншама мүжәлсіз жандарға, аз ғана тапқан нәпақасы бала-шағаның аузынан артылмайтын қарапайым отбасыларға тұрғын үй салып беріп, оларды шексіз қуанышқа кенелтудің өзі қандай ғанибет. Жүрегінде иманы бар әр адамның мұндай істен ләззатқа бөленіп, оның табысынан гөрі сауабын артық көрері хақ.

  Ұзақбаймен бір сыныпта оқыдым. Оны бір адамдай жақсы білгеніммен, асыра мақтағалы отырғаным жоқ. Ешкімнен артық та, кем де емес, ел қатарлы қарапайым ғана азаматтың өмір жолы да қарапайым. Мектепте жақсы оқығаны рас. Сабаққа дайындықсыз келетін кездері есімде жоқ, тақта алдында жаймен, байсалды қалпын сақтаған күйі сабақ айтып тұратыны көз алдымда.

Біздің сыныпқа бастауыштан кейін қосылған Ұзақбай 9-сыныпқа келген жылы бір мезетте жоқ болып кетті. Хабар-ошар жоқ. Көпке дейін күттік. Келмеді. Сыныптастар үшін әр ұл мен қыздың өзінің ерекше орны бар ғой. Оған бауыр басып қалған біздер оның биыл қайтып келмейтініне ақыры көз жеткіздік.

Ұзақбайлар Красноводск ауданының орталығынан шалғайдағы Сүйлі ауылында тұрады. Сондағы 3-сыныпты бітірген-ді. Ажал мен бейнет аяқ асты емес пе, дені сап-сау сияқты көрінетін анасы Дәріп апай кенеттен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Сал ауруына шалдыққан ана ол кезде қары да емес, жасы елудің о жақ-бұ жағында ғана. Бір шаңырақтың бүкіл ауыртпалығы, үй ішінің күйбең шаруасы тәжірибесіз жас келінге қалды. Әкесі мен ағасы жұмыста. Осыны айтқызбай-ақ түсінген сезімтал бозбала жеңгесіне салмақ түсіргісі келмей, науқас анасын бағып-күтуді өз мойнына алды. Сол уақытта оның ойы мен арманы оқу да, басқа да емес, аяулы анасының ауруынан айығуы ғана еді. Күндіз-түні тікесінен тік тұрып, анасына қызмет етті. Тоғыз ай көтеріп, өмірге әкеліп, түнімен бесік тербетіп, әлдилеп, осы күнге жеткізген анасының асын пісіріп, тамақтандыру, денесінің тазалығын сақтау, дәрігерге көрсетіп, ем-домының уақытында жасалуын қадағалау сияқты шаруаның барлығын Ұзақбай қабақ шытпастан, Алладан тілек тілей жүріп атқарды. Талай таңды кірпік ілместен, қиналып жатқан анасының жанында атырып жүрді.

  Күннен күнге жағдайы сәл де болса жақсарып, беті бері қараған шақта бір жыл да өте шыққан. Анасының жағдайы біраз жеңілдеген соң әкесінің ақылымен Ұзақбай оқуын жалғастыру үшін аудан орталығына қайтып келді. Әке сөзін екі етпей, бұрынғы мектебіне, достарының арасына оралғанымен, бар алаңы—анасы болды. Әр сенбі сайын ауылына кетіп, анасына қарасып тұрды. Алайда, қолына орта білімі туралы аттестатын алған соң ауылға барып, анасының жанында қалуды ойлап жүрген ол мектепті бітірер-бітірместен әскер қатарына шақырылды.

  Әскердегі екі жыл аяқталуға таяп қалған кезде алыста қалған анасы Дәріп Өсербекқызы өмірден өтті деген қайғылы хабар алды. Тар төсекке таңылып, көзі жәудіреп жатқан асыл анасына сағынып жетіп, өз қолыммен бағып-қақсам деген арманы адыра қалып, еліне егіле жеткен. Марқұмның кәделері өтіп, енді өз өмірін бастамақ болған жас жігіт аудандағы әскери өртке қарсы бөлімшеге слесарь болып жұмысқа орналасты. Ол заманда жоғары оқуға түсу талаптары қазіргіден өзгеше. Ұзақбай жұмыс істей жүріп, қалай да оқуға түсуге талпынып, үнемі дайындықпен жүрді. Бір жарым жыл дегенде еңбек демалысын алған ол сонау Түрікменстаннан Қарағанды қаласына аттанды. Осындағы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнына құжаттарын тапсырып, барлық емтиханнан сүрінбей өтті. Инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқуға қабылданды.

  Студенттік күндер басталып, жан-жақтан келген жігіттер достасып, қызыққа толы жылдар жылжып өтіп жатты. Жастарға тән басқосулар да аз емес. Сондай сәттердің бірінде Найля есімді татар қызымен танысып, көңілін білдірген. Таразда қазақтар арасында туып-өсіп, тілі қазақша шыққан татар қызы Ұзақбайдың ұсынысына үнсіз келісті. Өзге елдерде шашырап, өсіп-өнген Ұзақбайдай миллиондаған қазақтар сияқты,  оның да ата-анасы қызыл саясаттың сүргініне ұшырап, Қазақстанды паналауға мәжбүр болған татарлардың балалары еді. Найляның әкесі Закир комбайншы болған кісі. Маусымында егістікте жұмыс істеп, басқа уақыттарда қаладағы кәсіптік-техникалық училищеде комбайн жүргізуден сабақ беріп, болашақ егіншілерге техниканың қыр-сырын үйрететін.

  Ал Ұзақбайдың атасы алдына мал бітіп, байлығы асқанымен, әкесі Омар Байжанов Кеңес одағы жылдарында абыройы артқан шопан болды. Кенже ұлы үйленгісі келетінін білдірген кезде Омар ақсақал сексеннің сеңгіріне шығып отырған-ды. Қартайса да бір әулетке билігі жүріп тұрған қатал әке алдына келіп, әкелетін келінінің ұлты татар екенін қысыла отырып жеткізген ұлына: «Мұсылманның баласы ма?» деген бір ғана сұрақ қойды. Тәлкекке ұшыраған тағдырлары ұқсас болғасын ба, кім білсін, артық-ауыс сөз сөйлемейтін әдетімен аз-кем үнсіз отырды да, баласына ақ батасын берді.                      

Замандас келбеті

Әке рұхсатын алған Ұзақбай сүйіктісін ауылына келін қылып түсірді. Бұл 1986 жыл еді. Екеуі де студент. Келіншегі химия-технология саласында оқып жүрген, көмір өндірісінің болашақ маманы. Жастар оқуларын бұрынғыша жалғастыра берді.

  Бір жылдан кейін өмірге  Әлия есімді сүп-сүйкімді қыз келді. Тоғыз айға дейін сәбидің денсаулығында ешқандай кінәрат болмады. Екі аяғынан басып, жүруге де талпынып қалған. Бірақ тоғыз айын толтырғаннан кейін сәбидің күлкісі азайып, жылауы көбейді. Көңіл-күйі жоғалып, жағдайы күрт төмендей берді. Ата-анадан маза кетті. Ал дәрігерлер «менингит» деген ауыр диагноз қойып берді. Мұны алғаш естіген кездегі бұлардың түскен күйін Алла ешкімнің басына бермесін. Қатты күйзелді. Бұл жұқпалы аурудың баланы ай сайынғы дәрігерге көрсетуге апарған кезде жұққаны да белгілі болды. Ұзақбай мен Найля дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындап, ем-домын үзбей, қанша жерден жанын салғанына қарамастан, аурудың беті қайтпады. Баланы небір мықты деген мамандарға да апарып, қаратты. Ешқайсысы мардымды ештеңе демей, ақыры, дәрігерлер баланың жазылып кетуінен үміттерін үзгенін ашық айтты. Не баладан айырылып қалуы, не сәби мүгедек болуы мүмкін. Ата-ана үшін бұдан ауыр үкім болар ма?! Жандарын шүберекке түйген олар кездейсоқ келген кеселге берілмей, соңына дейін күресуге бел буған. Жыл өткен сайын періштедей балапанның жан шыдатпас ауруы бәсеңдегендей еді. Есесіне, аяусыз дерт бейкүнә бөбекті есіту мүмкіндігінен айырды. Шүкіршіл жастар бұған сансыз шүкір етті. Сөйтіп жүріп екінші балалы болды.

  Отбасылық өмірдің қиындығын жарымен бөлісе жүріп, Ұзақбай 1990 жылы оқуын үздік бітірді. Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінде жұмыс істейтін туған ағасы техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Жұмагелді Байжанов Ұзақбайға осында қалып, өзі құсап  ғылыммен айналысуға кеңес берді. Өзге де ұстаздары оны оқу орнында қалуға үгіттеді. Алайда Ұзақбай ғылыммен айналысуды хош көрмей, бірге туған бауырлары келіп, қоныстанып жатқан атамекені Маңғыстауға көшіп келді. Келісімен Ақтаудағы Каспий аймақтық құрылыс басқармасына мастер болып орналасты. Сонда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады, қызметі де сатылап көтеріле берді.

  Кішкентай қызы арнайы мектепке барды. Білікті де білімді, мол тәжірибелі ұстаздары болды. Солардың ұсынысымен бастауыш сыныптардан кейін баланы Алматы қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа апарып орналастырды. Ол жерде Әлия өзі сияқты балалармен емен-жарқын араласып, кәсіп те үйренді. Мектепті бітіргенінде шашатараз, тігінші сияқты күнделікті тұрмыста қажет болып тұратын мамандықтарды меңгеріп алған. Толыққанды өмір сүруге бейім. Оның, әсіресе, тігін тігуге қабілеті ерекше. Кәдімгі шебер. Ұзақбай қызын өзімен бірге оқыған Ержан есімді алматылық жігітке ұзатты. Найляның көз жасын көлдете төгумен өткізген түндері келмеске кетті. Ата-ананың тілектері қабыл болып, Әлия дені сап-сау екі баланы өмірге әкелді. Күйеу бала ағаш шебері, жиһаз жасайды, үстел теннисіне қатысып, республикалық сайыстардан жүлделі орындар алып жүрген спортшы.

Кеңес үкіметі ыдырай бастаған жылдары барлық саладан да береке кетті ғой. Ұзақбай да 1997 жылы өзі сияқты маман жігіттермен бірігіп, құрылыс мекемесін ашып алды. Кейін жұмыстың барысын, кәсіпкерліктің қыры мен сырын түсінген жігіттер бөлініп, әрқайсысы өз кәсіптерін ашты. Содан бері Ұзақбай Байжан «Шанс-21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Әрине, кәсіпкерлікті дөңгеленте алып кету оңай емес. Соның ішінде құрылыс саласы ең ауыр салалардың бірі. Тендерге қатысып, белгілі нысанды ұтып алу, хас шебер жұмысшыларды жазбай танып, таңдап, мойныңа алған жұмысты сапалы етіп, дер кезінде тапсыру, қызметкерлердің жалақысын уақытында беру сияқты толып жатқан шиеленісті жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру үшін табанды еңбек қажет. Өзіне қарап қалған қол астындағы бір қауым адамның несібесі кемімеуі үшін жұмыс істеп тұрған нысандар қатары үзілмей, оларды жұмыспен қамтып отыру керек. Әлбетте, мұндай жауапты міндеттерді орындау іс тетігін таба білетін азаматтың ғана қолынан келері анық. Кездесіп жатқан кедергілерге қарамастан компаниясын өрге сүйреген басшы ізденуден жалыққан емес. Қандай жұмыс болса да үлкен-кішілігінен қарамастан атқарып жүр. Өңіріміздің көптеген кен орындарында, арасында Атырау облысындағы Қотыртас кенорнында подстанциялар, Ақмола облысында бу қазандық салды. Сондай-ақ облысымыздағы мектептер мен балабақшалардың күрделі жөндеу жұмыстарының көпшілігін осы «Шанс-21» ЖШС атқарды.      

  -Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақшұқыр ауылындағы мектепті жаңартып, тапсырғалы жатқанымызда осы жұмыстың басы-қасында жүрген өзімнің орынбасарым, 30 жасар жігіт кенеттен қайтыс болды. Мәйітті туған ауылына жеткізіп, жерлеу рәсімдерін ұйымдастырып жүргенімізде бір ағамның Ақтаудағы баласы көлік апатынан қайтты деген хабар жетті артымнан. Ол да 30 жаста болатын, ағам бұрынырақ дүниеден озған-ды. Содан кейін қайта келіп, өлінің алдындағы парызымызды орындауға кірістік. Ақшұқырда жұмысы аяқталмаған мектеп тұр бізді күтіп. Осындай қысылтаяң шақтардың болып тұратыны бар. Сондайда түнгі ұйқының орнына жан аямай жұмыс істеп, әйтеуір уақытында сапалы жұмыстарымызды тапсырып жүрміз. Тапсырыс берушілер де дән риза. Бізге керегі де сол ғой,-дейді Ұ.Байжан жұмысы туралы сыр шерткенінде.          

 Соңғы жылдары ірі нысандарға кіріскен ол «Қол жетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып,  өткен жылғы желтоқсан айында Ақтаудың 32а-шағын ауданындағы соңғы тұрғын үйді тапсырды. Қазір Ақтөбе қаласында екі тұрғын үй салуға мердігер ретінде қатысуда. Техникалары да сол жақта.

  Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жұмысбасты боп жүрген Ұзақбайдың қалап алған жары ақ жарқын, ашық мінезімен ағайын-туысқа жаққан жан. Абысын-ажындары Найляның татар қызы екенін де әлдеқашан ұмытып кеткендей. Отағасы іссапарда жүргенінде орнын жоқтатпай, той-садақаларды оның бауырларымен бірге атқарысып жүреді. Найляның үйде де, жұмыста да басшысы біреу—өзінің арқа сүйер азаматы.

  Әке жолын қуған ұлы Ернар да Қарағандыда оқып, инженер-құрылысшы мамандығын алған. Осы компанияда жұмыс істейді. Шаңырағына келін түсірген Ұзақбай мен Найля екі немере сүйіп отыр. Әлиясы өткен жылы отбасымен Ақтауға көшіп келді. Он саусағынан өнер тамған күйеу баласын Ұзақбай жұмысқа қабылдап, құрылыста пайдаланып отыр. Бұлар салған тұрғын үйлердің ағаш бұйымдары соның қолынан шығып жатыр. Жеке кәсіпкер ретінде өз цехында жиһаз да жасайды. Жас отбасы кәсібін жүргізу үшін келешекте жұмыс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

  Ұзақбайдың ата-анасынан тараған тоғыз бала біріне бірі көмектесіп, адасқанда жол беріп, қысылғанда қол беріп, қамқорлық көрсетуді әкенің қанымен, ананың сүтімен бойларына сіңіріп өскен. Ұзақбай да Маңғыстауға «елім» деп қоныс аударып келіп жатқан бауырларына әл-қадарынша қол ұшын беруде. Келгенінде дайын тұрған жайы жоқ оралмандар ғана емес, барша адамға, әсіресе, жастар үшін пәтер мәселесінің бүгінде ең өзекті болып тұрғаны шындық. Баспаналы болудың тауқыметін жақсы білетін ол өзінен үй сұраған бауырларының бетін қайтарғаны жоқ, мүмкіндігінше тұрғын үймен қамтып жүр. Өткінші дүниеге қызықпай, ақшаға құнықпай, атақ-даңқ пен байлыққа ұмтылмай, тынымсыз еңбегінің қызығын бала-шағасы мен туыстары, қамқорлыққа зәру барша адамдар көрсе ғана көңілі тыншитын Ұзақбайдың жұмысы жемісті. Арқалағаны—алғыс, ал мойнында әлі міндет көп. Құлқынын ойлаған тозар, жұртын ойлаған озар, десек, қашан да игілікті істің наны тәтті, нәтижесі—елге құт, берері—береке. Заманының көркі бола білген осындай азаматтарымыздың арқасында ғана еліміздің ырысы артып, ажары ашыла түспей ме?       

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз