Теңбіл доптан Еуро чемпионаты — төрткүл дүниені елең еткізер елеулі оқиға. Ерек спорт түріне жанкүйер қауым жасыл алаңда жасындай жарқылдаған теңбіл доп төрелерінің жеңіске таласын тамсана тамашалайды. Тіпті болжам жасап, бәс тігіп, бәсеке қыздыратындар да бар. Бақсы-балгерлерді жағалап, көріпкел көмегіне жүгінгендерді де құлағымыз шалған. Әлі есімде 2012 жылғы кәрі құрлық чемпионаты  қызу талас-тартысқа толы турнир ретінде ел жадында сақталған еді. Сол жылдары төл арна тілшілері  Назеля есімді көріпкел апаны  арнайы іздеп барып, құмалақ тартып, болжам жасауына  қолқа салса керек. Білдей бір арна қызметкерлерінің сұрауын құп алған емші апа  қасиет дарыған қара қобызын сарнатып кеп, жеңімпазды дөп басып, дәл табады.. Жуырда Назеля емші Ақтауға келіпті дегенді естіп, жүздесіп, тілдесуге асықтым. Ең алдымен әңгімеміз   Еуро чемпионатын қалай болжады дегеннен өрбіді.

«Қобыз үні сарнай жөнелгенде құлағыма Испания сөзі естілді. Өз басым Шахтер мен Қайраттан өзге футбол командаларынан бейхабармын. Қарсыласының күлін көкке ұшырып,  төрт те нөл есебімен  ойсырата жеңетінін де дөп бастым. Айтқаным айнымай келді. Ызаға булыққан жанкүйерлер болжамымды жоққа шығарды. Мен көріпкелдікпен айналыспаймын. Ғайыпты айтамын деп күнәға ұшыраудан аулақпын. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің орталығында бойымдағы қасиет, адам емдеудегі тәжірибем бойынша сынақтан өткеннен кейін сарапшылар «Қазақстан республикасының халық емшілерінің магистрі» деп таныды»,- дейді Назеля емші.

Назеля емші Батыс Қазақстан өңірінің тумасы. Көріпкелдік қасиеті, дертке дауа  табар  емшілігі  арғы ата-баба қанымен бойына дарыған екен. Үлкен әжесі Балсары алыс-жақынға атағы жайылған,  аруақ қонған, тылсым құдіретке ие әйгілі бақсы болған. Жын-пері жүгендеп, жәндік тілін жетік білген, албасты басып, жын-пері соққан, ақыл-есінен алжасқан  жандарды қара қобыз сарынымен емдеп-жазған. Бақсы қасиет-құдіретіне бас ұрып, көзссіз сенген  науқастар ауру-сырқауынан құлан таза айығып,  анасынан жаңа туғандай ерек күш-қуатқа ие болады екен. Бақсының аң-құсқа айналып, ұшатын қасиеті бары аңыз-әңгімеге арқау болған. Ел аузындағы Балсары бақсы турасында аңыз-әңгімеге құлақ түрсек, өлерінен күн ілгері, көзі тірісінде жаназасын шығартып, ас бергізген. Артынан аспанға ұшып, ізім-қайым жоғалған. Күні бүгінге дейін ауыл-аймақ адамдары,  алыс-жақыннан сабылған жолаушы бақсы рухына құран бағыштап, қасиет тұтып, аруағына сыйынады. Осы орайда, Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабамыздың әулиелік қасиеті турасында бір дерек ойға оралады. Көріпкел баба  өлерінен бір жыл бұрын басына бейіт орнатып, жаназа шығартқан деседі. Өлгеннен кейінгі жерде де жұрт бабаны әулие тұтып,  бейітіне тәуап етіп, түнейді екен. Осы жайттарды ой елегінен өткізе отырып, белгісіз бір тылсым күшке, ерекше қасиетке ие жандар бағзы заманнан бері ел арасында  болғандығына сөзсіз сенеміз.

Назеля емшінің қара қобызы — бақсы Балсары  әжесінен жеткен асыл мұра. Қара пышақ әкесінің көзі де, қайыс қамшы шәкіртінің сыйы. Қай-қайсысына да қасиет дарыған, бақсының ажырамас аспабы. Емшінің нағашы жұрты да осал болмаса керек. Нағашы  атасы Мүсілім қожа шариғат жолын берік ұстанған, діни сауатты, бес уақыт намазын қаза қылмаған молда деседі. Ағын суды кері ағызған көріпкелдігі қоса бар. Назеля апаның бойындағы емшілік қасиет нағашы  жұртынан дарығандығын жоққа шығаруға болмайды.

Емшінің басына  аруақ орнағалы он жылға жуық уақыт өтіпті.  Ол 37 жасында қатты ауырып, төсек тартып жатады. Көз алдын елес торлап, тілі тиекке келмей,  күрмеліп қалады. Тілден айырылып, өмір мен өлім арасында арпалысып,  қатты ауырады. Ақыры соңы  Алматыдағы Темірхан емшіден дәріс алып,   жаны дауа табады.

Аруақ жаратылысы бөлек, ерекше қасиетке ие жандарға қонады. Қасиет қонған адам рухани жағынан да, тұрмыстық жағынан да тазалықты ұстанып, ішкі рухы мен өмірлік пайым ұстанымдарын бір арнаға бағыттайды. Ерек құдірет иесі кез келген дертке дауа тауып, алдағы оқиғаны болжайды, сылап-сипау, ұшықтап-үшкіру арқылы бәле-жаланы, жын-періні әрмен қуады. Он саусағы ойнақтап, қобыз қылын шерткенде көмейінен төгілген тылсым сарын бойға дәрмен беріп, кесір-кесапаттан, ауру-сырқау мен тіл-көзден айықтырады. Назеля бақсы денсаулығы мүшкіл, аурушаң жандарды, балаға зар болып жүрген бедеу әйелдерді емдейді, ісі оңынан келмей, үміті үзіліп, торыққан жандарды жан күйзелісінен арылтады.  Психикалық ауытқуы бар, агрессияға бейім адамдарға дем салып, сабырға келтіріп, есін жидырады. Алдына келген  адамның жолын ашып, ащы суға құмар жандарды тәуелділіктен арылтып, тұрмыс-тірлігінің оңалып кетуіне дұға етеді. Емші теріс пиғылды, арам ниетті жандардың тілегіне құлақ түрмейді, өзгенің отбасын ойрандап, түзу жолдан тайдырар амал-әрекетке барған емес.

Назеля емшінің шарапатын көріп, дертіне шипа тапқан жандар өте көп.  Ақтау қаласына арнайы шақыртумен жылына екі-үш мәрте ат басын бұратын емші қабылдауында жүздеген адам болған. Емшінің ерек қасиетіне сеніп, үміт еткен жанның бірі – Айнұр апа.

«Бір-екі жыл ішінде  айрандай ұйыған отбасымның ойраны шықты. Баламның басы  ауру-сырқаудан арылмады. Жолдасым ащы суға салынып, тапқан-таянғанымыз бей-берекетсіз шашылды. Қос иығыма ауыр жүк артылғандай күй кештім. Жүйкем әбден тозып бітті. Үздіксіз арпалыс, тұрмыс тауқіметінен қажып кеттім. Жан күйзелісіне душар болдым. Күндер бірінен соң бірі зулай берді. Ағайын жеңгемнен Назеля есімді емшінің бар екенін есітіп, Аллаға сыйынып, көмегіне жүгінуге шешім қабылдадым. Емшінің оқыған дұғасы мен салған демі тұрмысымды түзеп, отбасыма бақ-береке ұялатты»,-дейді Айнұр апа.

Ал Жарас есімді ер кісі бірнеше жыл қатарынан жұмыс таба алмай, сергелдеңге салынып жүреді. Назеля емшінің дұғасынан соң лезде қызметке орналасып, ойдағысы жүзеге асады. Әрине, осы секілді мысалдар жетіп жатыр. Бұл мақалаға да көмекке мұқтаж, қамкөңіл жандардың дертіне дауа тауып,  жан-дүниесіне рухани тыныштық  орнатқан  Назеля сынды қасиет иелерін  неге насихаттамасқа деген ой түрткі болды.

Голрох Жеменей