Бүкіл адамзат баласына қайғысы мен қасіретін арқалатып, талай шаңырақты ортасына түсіріп кеткен өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да көп ұзамай 75 жыл толады. Бұл – үш ұрпақтың өмірі. Бірақ оның жарасы жазылды, санамыздан ұмытылды деп айта алмайтынымыз шындық. Майданнан қан кешіп оралғандар мен жар қызығын көрмей шымылдығы ерте түрілген жесірлердің көбі бұл дүниені талақ етіп, әлдеқашан мәңгі оралмас сапарға аттанды. Бірақ сол жылдары айдар шашы желбіреп, шешесі екеуі құшақтасып түнімен жастығын жасқа  шылап шыққан, әкесінен «бір хабары болып қалар» деп батысқа телміре қараған, бозторғай шырылымен ерте тұрып колхоздың мігірсіз жұмысында жүрген шешесіне қолынан келгенше көмегін жасаған, бұл өмірдегі бар арманы «ертерек азамат болсам» деген үмітін жоғалтпаған, соғыс тауқыметін белі қатаймай жатып көргендер әлі арамызда жүр. Өмір заңы осылай, олар да бірте-бірте сиреп барады. Бұл өмірден татар дәмі таусылмағандар сол жылдарды еске алса болды, жандары жүдеп, көздері жасаурап мұңға батады. Өйткені қасіретке толы сол бір ауыр кезеңдерде адамшылық пен арсыздықты, аяушылық пен қатыгездікті, маңдайынан сипаған жылы алақан мен жанына өшпес жара салғанды көріп өсті. Олар бала болса да ерлік пен ездіктің арасын ажырата білді, жел жағынан ықтасын болар әке қамқорын көрмегендіктен ертеңгі күні үшін арпалыспен күн кешу керектігін ерте түсінді.

Соның бірі көп ұзамай 80 жылдық мерейтойын бүкіл еліміз атап өткелі жатқан заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы болатын. «Отызыншы жылдардың аяғындағы бірін­-бірі аңдыған қасіреті көп дүрбелең кезінде біздің тұ­қымның азаматтары да құқайды көп көріп, қайда өндіріс ашылса, сонда барып көз тасалауға мәжбүр болдық» деп еске алады жазушының анасы бір әңгімесінде. Болашақ жазушының әкесі бірде Қарабұғазға барып тосап шығарысса, бірде Жем, Сағыз бойына барып теміржол салысыпты. Таушықтан көмір ашылғанда шахтаға түсіпті. Соғыс басталғасын анасы Айсәуле де белін сыбанып күйеуінің орнын ауыстырыпты. «Соғыс салған ауыртпалықты Маңғыстау тұрғындары күз түсе айқын сезіне бастады. Ер-­азаматтар түгел майданға аттанды. Тұрмыстың салмағы әйелдерге, қарттар мен буыны қатпаған балаларға түсті. Жібек Қорғанова, Айсәуле Қоқымова (жазушы Әбіш Кекілбаевтың анасы), Болпан Заманова ер­-азаматтардың орнына шахтаға түскен алғашқы шахтер әйелдер болды. Соғыс жылдарында Таушықтағы шахталарда жұмыс бір күн толас тапқан жоқ» деп жазылды «Боздақтар» кітабында.

Сол Таушықтағы шахта қасынан есін еміс-­еміс білетін болашақ жазушының әкесі майданға аттаныпты. Қайта оралуды, артында қалған жалғызының қызығын көруді тағдыр маңдайына жазбапты. Бар қиындықты да, қара нар көтере алмас ауырлықты да жарына қалдырып қызыл оттың ортасында қан кешіп жүріп мерт болыпты. Жазушының балалық шағы өзге замандастары сияқты жарты көңіл, жадау иін күйде өтті. Айдарынан жел есетін бақытты балалықтың қандай екенін білмей өсті.

«…Соғыс жылдары бір жағы – майда құмақ, бір жағы – сусылдаған еспе құмды жерде отырдық. Сол екеуінің қақ ортасынан қалай ылғал табылып жүргеніне әлі түсінбеймін, екі беті жарлауыт ащыағар арна бар. Ащыағардың арасында әр жерге тасталған сирек тастардың бірінен­-біріне секіріп өтетін өткел болатын. Ол тірсегі ұзын ересектерге болмаса, біз құсаған бала­-шағаға атымен қараң. Оның аржағындағы он шақты ақ шатырлы үй – шахтерлер поселкасы. Біздің ауылдың ересектері сары ала таңнан сол арғы бетке өтеді. Түс қыза дүкендегі ащы ішектей ұзын «шіретте» тұрып-­тұрып, нанға әзер қолы жетіп, шар­шап-­шалдыққан ағаларымыз бен апаларымыз оралады.

Түс ауа жеген бір үзім нан қанша кенеу болсын. Көп ұзамай әлгі шат­-шадыман бақыт көзден бір-­бір ұшады. Енді тағы бір үзім нан беруге ересек бауырларымыздың билігі жетпейді. Күн кешкіре ащыағардың аңғал­-саңғал жарының басына тағы қон­жиямыз. Кешке ымыртта арғы жағадан адам қорыққандай ебіл-­себіл әлденелер қозғалып келе жатады. Бірақ біз олардан қорықпаймыз. Олар – шахтадағы жұмыс­тан жаңа қайтып келе жатқан аналарымыз. Қалжырап келе жатқан олардың ащыағар бойындағы тастардан тайып кетпеуін тілеп, қашан қасымызға жеткенше тағатымыз таусылып, тыпыршып тосамыз. Олар келген бойда-­ақ күйе­-күйе омырауларына бас қоямыз. Есімізден аштығымыз да, таң атқалы жолдарына қарай­-қарай көзіміз талған талма сағынышымыз да ұмытылып, нағыз бақытқа шын кенелеміз. Бетімізді күс­-күс алақандарға көміп, қажыған адамның қаяулы көкірегінен ғана шығатын ежелгі қоңыр күйлердей күңіреніс аралас күбір­-күбір үнді үнсіз тыңдап, мынау әбеқоңыр дүниеде де осындай аса бір ыстық қуаныш сәттер болатынын ақылмен емес, түйсікпен ғана аңғарып, мәз­мейрам боп келе жатамыз.

Ол кезде көп нәрсеге түсінбегенмен, «бомба» деген сөзге жақсы түсінетінбіз. Біз тұратын баспанадан бір шақырымдай жердегі кірпіш зауытына бомба түскен. Бір тұманды күн еді. Сәскеге таман бұрын соңды біздің өңір естіп көрмеген әжептарқы гүрсіл шықты. Үйдің ығында ойнап отырған біздер анадай-­анадай жерге ұшып кеттік. Ауылда қалған азғантай кемпір­-шал біздерді үй-­үйден жиып ап, күні бойы қайта-­қайта жағаларын ұстап, кәлималарын қайырумен болды. Кештете милиция кісілері келіп, үй аралап, есік­-терезені қымтатып, шам жақтырмады. Дүкеннен нан алып қайтқандар кірпіш заводының қасындағы тегістікте түсінен адам қорыққандай қара сұр самолет тұрғанын айтып келді. Біздің маңайға үрей шашқан жат самолет немістердің диверсант самолеті екенін есейген соң естіп білдік. Ал ол кезде әлгі сұмдықтан кейін самолет көрсек, тығыларға жер таппайтынбыз. Қашан қанатындағы қызыл жұлдызға көзіміз түскенде барып көңілді бірлейтінбіз. Күз түсті. Азғантай сауып отырған ешкілеріміз суалды. Тас үйлерге қайта көштік. Әкелерден әлі хабар жоқ. Біздің үйдің майданнан хат алмағанына жылдан асып кеткен. Бірақ үмітіміз үзілмеген. Артынан барып білдік әкем әлдеқашан Ленинград майданында қазаға ұшырапты. Соғыс тұсында келіп, кеңсе қағаздарының астында жатып қалған қаралы қағаз біздің қолымызға елуінші жылдары тиді. Оның бәрі өтті. Ел «өткен ереуіл, қалған салауат» дейтін қарық заманға көшті. Бірақ ара-­тұра сол жылдар есіме түскенде, мынау шат­-шадыман заманның әлдебір бұрышынан суық леп соққандай көңілім алағызып қоя береді» деп жазады.

Бәлкім алпысыншы жылдары жас ақын Әбіштің:

…Жатырсың қай жерінде қара жердің,
Білмеймін, молаңа іздеп барар едім.
Жасырды жанарыңды қай топырақ,
Шіркін­ай, шарлай-­шарлай табар ма едім!
Қай жерде өлім сенен өшін алды,
Қай жерде өміріңнің көші қалды.
Кекілі желпілдеген жалғызыңды,
Қай жерде ақырғы рет есіңе алдың» – деп жырлауында әкесінің соңғы рет кекілінен иіскеп, бауырына басқан осы жердің оған ерекше көрінетіні де сондықтан шығар. Бәлкім бірнеше рет жараланып «елге қайтам күтіңіздер» деген жарының үш бұрышты хатынан кейін сыбағалы жілігін сары майдай сақтап, батысқа қарай­-қарай көзі талған, одан кейінде өмір бойы сартап сағынышпен күн өткізген қамкөңіл анасын жұбатуы ма еді, кім білген, әйтеуір осы жерлер әр келген сайын жүрегіне мұң ұялатып, шүкіршілік те айтқызатын.

Жазушының анасы Айсәуле бол­ған ауылда бойжетіп, толған ауылға келін боп түссе де тағ­дыр маңдайына аз тауқымет сыйламапты. Колхоздың қойын да бағысты, шөбін шауып, өмірі таусылмас, мігірсіз жұмысының ортасында болыпты. Жер асты шахтаға түсіп екі бүктетіліп көмірде қазыпты. Бірақ қайда болса да бар тілеуі үш қыздың ортасындағы жалғызының үстінде болыпты. Құдайға шүкір, төрт баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді. Өзін де, балаларын да ешкімге жәбірге берген жоқ. Жарының қайта оралмасын көңілі сезді ме, соғысқа аттанған күйеуіне еріп барып Кетіктен шығарып салған. Те­ңіздің жағасы ығы­-жығы халық. Қоштасу уақыты біткеннен кейін кемеге отырғызу басталды. Көп ұзамай қою түтінін шұбата аңырай боздаған кеме қозғалып, бірте­-бірте жағалаудан ұзап барады. Кеме палубасы­ның үстіндегі жігіттер арттағыларға қолын бұлғап қош айтысуда. Жағада тұрғандар сонда    да орындарынан қозғалар емес.

Көз ұшындағы кеме ақыры бірін­-бірі жөңкіле қуған жал-­жал толқындардың арысына сіңіп көрінбей кет­ті. Кенет көкшулан теңіз беттен талықсып жеткен ән естілгендей болды. Бұл ән – қайда жүрсе де, қандай қиындық көрсе де жүректерінің түбінде қоламтадай қоздап жататын, туған жерге деген мәңгі өлмес са­ғыныш әні болатын. Кір жуып, кіндік кескен қасиет­ті топыраққа деген сүйіспеншілік пен сағыныштың бораған оқтан қорған боларына сенген жігіттер бірін­-бірі қапсыра құшақтап көз ұшында бұлдырай көрінген жағалауға үздіге қарап барады.

Содан Айсәуле ботасын жоқтап ауыз жаппай келе жатқан қараша інгенге қосыла боздап ауылға қайтқан. Құлағына құрдым теңіздің көк мұнар төріне сіңіп жоғалған параходтың ащы айқайымен «Қандай қиындық көрсең де осы жалғызды сақтап, қатарға қос» деген күйеуінің сыбырлап айтқан жалғыз ауыз сөзі тұрған (кім біледі, бәлкім артында қалған жалғыз тұяғының уақыт өте келе күллі дүниеге танымал жазушы болатынын әлдебір құдірет арқылы сезген де шығар). Осы бір жалғыз ауыз сөзді адастырмас темірқазығындай көріп, өмір бойы құрандай қастерлеп өткен болатын.

Соғыс аяқталды. Талай адамның басына түскен ауыртпалық артта қалды, уақыт өте келе жан жарасы да қарақотырланып жа­зылды. Бірақ жазушы мен оның анасы Айсәуленің жүрек түкпіріндегі «Әттеген-­ай» деп өкінішпен өткен бір қасіреті – Кекілбайдың қай жерде қаза тауып, қай жерде жерленгенінің белгісіз болғандығы еді. «Жатқан жерін тауып, басына құран оқылмады-­ау» өкініш-­арман сол күйінде өздерімен бірге кеткен. Та­лай жерлерге, архивтерге сұрау салғанмен нақты жау­абын ала алмаған. Бірақ тағдыр олардың ана дүниеде рухтарының табысатынын жазған секілді. Әбекеңнің білмей өткен, бара алмай кеткен жеріне баласы Дәулет пен немересі Абыл, ағасы Мұқырдың баласы Әбдірашит барыпты. Аталары жерленген бауырлас­тар зиратына бастарын иіп, құран бағыштапты. Бір уыс топырағын ала келіп «бір хабары болар­-ау» деп үмітін үзбей өткен Айсәуленің қасына қойып, ескер­ткіш тақта орнатыпты. Сөйтіп, ұзақ жылдарға созыл­ған үзілмеген үміт, мәңгілік сағыныш 76 жылдан кейін барып қайта тоғысқан секілді.

Бұлардың сонау Смоленск жеріне баруына өткен жылы (17.05.2018) «Маңғыстау» газетіне жарияланған «Алыста қалған ағалар жаңғырығы» атты мақала бо­латын. Оның авторы сол сұрапыл соғыста қаза тапқан бірнеше мыңдаған адамдардың табылуына септігі ти­ген Боранқұл елді мекенінде тұратын үлкен жүректі азамат Жәнібек Науаров болатын. «Хабарсыз кетті» дейтін талай боздақтың орнын тауып, тіпті олардың аты­жөндерінің сол жерлердегі ескерткіштерге жа­зылуына тер төгіп, тынымсыз ізденіс үстінде жүрген жігіттің еңбегін қалай бағаласа да артық болмайды. Бұдан он жыл бұрын өзінің тумаластарын іздеуден басталған жұмыс әлі жалғасып келеді. Содан бері 2 мыңдай маңғыстаулық, 1,5 мыңдай жылойлық, Мақат пен Қызылқоғаның 2 мыңдай соғыста қаза тапқан жауынгерлерінің жатқан жерін анықтаған екен. Тіпті басқасын былай қойғанда Жылойдың 300-­дей адамы­на жолбасшы болып барып Ресей, Украина жерлеріне әлденеше рет сапар шеккен. Биылғы мамыр айын­да ғана Санкт­-Петербург, Мәскеу, Ржев жерлерінде болып қайтыпты. Жоғарыда аталған мақаласында: «Өткен ғасырдың 50–60­шы жылдары кейбір бейіт­терден жауынгерлердің сүйектері қазылып алынып, басқа бауырластар зиратына жерленген. Қазіргі кез­де жауынгерлердің алғашқы жерленген жерінің об­лыс, аудан, деревня аттары өзгертілген немесе басқа облыс, ауданның басқарылуына берілген. Мысалы, Маңғыстаудан соғысқа аттанған заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың әкесі Кекілбай Қоқымов «Кокиль­бай Коханов», жары Айсәуле «Айса», Гурьев облы­сы «Курильская», Маңғыстау ауданы «Накстовский», Онды ауылы «№10» деп жазылса, жерленген жері Смоленск облысы, Глинковск ауданы, Милеево де­ревнясы болып көрсетілген. Тізімдегі мен анықтаған жауынгерлердің де аты-­жөнінде қате кетуі мүмкін. Себебі менің сүйенген мәліметтерімде есімдер осы­лай жазылған» деп жазады. Ржев жерінен ҚР Прези­денті Қ.Тоқаевтың әкесінің ағасы Қасымды да тапқан екен. Қасым­-Жомарт деп ат берілуі жазушы Кемелдің соғыстан оралмаған ағасына деген құрметтен қо­йылыпты. Жылойлық азаматтар Жәнібектің тыным­сыз, өлшеусіз еңбегінің арқасында жинақталған дерек­терді кітап қылып та шығарыпты. Соғыстан оралмаған маңғыстаулықтар туралы еңбегім баспаға дайын тұр дейді Жәнібек. Оның жарыққа шығуына қол байлау болып тұрған қаржы мәселесі екені белгілі. Ендеше оған қол ұшын созу – билік тұтқасын ұстағандар мен қаржылы азаматтар еншісінде.

Міне, жазушының інісі, баласы мен немересі осы мақаланың негізіне сүйене отырып Ресей жеріне са­пар шегеді. Ат басын Смоленск облысындағы Ель­ня қаласына тірейді. Ельня қаласы өзінің іргетасын өте ертеде қалаған елді мекен көрінеді. 1239 жылы монғол­татар шапқыншылығын, XVIII ғасырдағы поляк-­швед басқыншылығын басынан өткізген. Арты­нан 1654 жылы Россия мен Украина қосылғанда қайтадан Рус құрамына енген. Одан кейінгі 1812 жылғы Отан соғысында Ельня тұрғындары Наполе­он әскеріне қарсы тұрып Давыдов, Сеславин, Фигнер басқарған партизан отрядының құрамында соғысқан. Дәл осы қалада атақты қолбасшы М.И.Кутузовтың штабы орналасып француздарға соққы берген.

1941 жылғы Ұлы Отан соғысында Кеңес әскерлері осы Ельня қаласының түбінде екі айға созылған Смо­ленск шайқасында немістің 10 дивизиясына соққы береді. Неміс әскерлерінің талқандалуының үлкен та­рихи маңызы болды.

Бірақ бұл Смоленск шайқасы біздің әскерлерге оңайлыққа түспеді. 700 000 мың әскеріміз қатардан шығып қалды (оның ішінде қаза тапқандары – 486 171 адам). 1348 танк, 9290 зеңбірек пен минометтен, 903 самолеттен айырылыппыз. Екі ай бойы Мәскеуге ұмтылған жауға тосқауыл болып қоймай, өздеріне қатты соққы берілген еді.

Жоқ іздеушілер Мәскеу қаласына барғаннан кейін таксимен Смоленскіге облысындағы Ельня қала­сына жол тартады. «Қазіргі уақытта Смоленск облы­сындағы Ельня мен Глинковск өз алдына бөлек ау­дан болғанмен аудандық әскери бөлімі бір жерде, Ельняда орналасқан. Мүмкін жаңадан құрылып жат­қандықтан шығар, олар біздердің іздеген адамымыз туралы нақты ештеңе айта алмады. Қолымыздағы интернеттен алынған қаза тапқан жауынгерлер ту­ралы қағазымызды көрсеткенде Глинковскіге баруға кеңес берді. Глинковск қаласындағы жолыққан ада­мымыз Кожухов Евгений Владимирович болды. Кезінде қаза тапқан жауынгерлерді іздеу отрядының командирі болған, қазір аудандық білім бөлімінің бастығы екен. Сөзге келместен бізбен бірге Глинков­скіден 65 шақырымдай жердегі Милеево деревнясына бет алдық. Кәзір ол деревняның құланды орны ғана қалған, адамдары басқа жаққа қоныс аударған. 1943 жылғы 3 қыркүйектегі шайқаста қаза болған 21 жа­уынгерді деревняның шығыс жағында 200 метрдей жердегі кішкене төбешіктің үстіне жерлеген екен. Кезінде басында аты-­жөндері жазылған тақтайша болыпты. Артынан архивте сақталған сол тізімдегі жауынгерлерді Глинковск қаласындағы обелискіге енгізген. Сөйтіп, атамыздың нақты жерленген жерін таптық. Келесі жылы да сол жерге баруға Евгений Владмировичпен келісіп кеттік. Анықтама сараптан өткізіп атамыздың сүйегін туған топыраққа әкелу ойымызда бар. Қазақта кейбіреулердің азан шақырып қойылған аттарының өзгеретіні көп кездеседі. Біздің әулетте де сондай атаулар бар. Сонау түп атамыздан таратып айтар болсақ Жаңай–Қожаназар–Таған–Көпжасар–Өтек–Жаманқұл болып келеміз ғой. Әбіш ағам сол Жаманқұлдың шын аты Мұхаммед-­Ханафия болған дейтін еді. Әкесі Өтек ұзақ жолдан жолаушы­лап келе жатқанда алдынан шығып қарсы алғандар: «Бір жаман құлды болдың» деп сүйінші сұраған екен. Содан Жаманқұл атанып кетіпті. Сол Жаманқұлдан Ағабай, Қожабай, Тәжібай, Бегебай, Өскін тарайды. Қожабай жеңгелерінің қойған Қоқым атымен аталып кеткен. Кекілбайды бірде «Қоқымов» деп іздесек, бірде мүмкін солай жазылған шығар деген оймен «Қожабаев» деп сұрау салдық. Бәріне де «хабарсыз кетті» деген жауап алатынбыз. Сонда Жәнібектің мақаласында жазылғандай бар кінарат құжаттардың дұрыс жазылмағандығы болып тұр ғой» дейді Әбдірашит бізбен болған әңгімесінде.

Әбекең өзінің «Тырау­-тырау тырналар» атты сапар­ намасында жапон ақыны Санкити Тогэнің өлеңінен үзінді келтіреді. Хиросимаға тасталған атом бомба­сынан көзді ашып­жұмғанша отыз мың жанның күлге айналып, қираған үйлер астында елу мың жанның жы­лауын жазған ақынның өлеңін тебіренбей, қайғырмай оқу мүмкін емес. Әлі күнге дейін дүниенің әр жерінен тұтанып жатқан соғыс өртіне үрегейлене көз тігетіні­міз де сондықтан. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндері жадымыздан өшер емес. Өлілерді іздейтініміз де, олардың рухына бас иетініміз де сондықтан. Мүмкін авар халқының ұлы ақыны Расул Гамзатовтың:

Кейде маған-­қайтпай қалған майданнан,
Қайран ерлер­-ерте үзілген гүлдердей.
Қабірде емес, сонау биік заңғарда
Әппақ­-әппақ құс боп ұшып жүргендей.

Содан бері қиқу салып, құлшынып,
Бізге қарай келеді ұшып олар да.
Аспан жаққа үнсіз ғана күрсініп,
Жаутаң­-жаутаң етеріміз содан ба? – деп айтқанындай әлі күнге дейін жоғымызды іздеп жаутаңдауымыз бекер емес шығар. Сонау Смоленск жерінен ұзақ жүріп келген әке рухы да өзі көрмеген ұрпақтарының амандығын тілейтін шығар…

Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,
өлкетанушы, жазушы