Өткен сенбіде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Ақтау қаласындағы Н.Марабаев атындағы №7 мектеп лицейінде Қазақ мұнайының 120 жылдығы мен Қаламқас кенорнының 40 жылдығы аясында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Акцияны «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы әлеуметтік-әкімшілік мәселелері жөніндегі департаменті директоры Нұрлан Ілмұхамбетов компания басқармасы мен мұнайшылар ұжымы атынан аз қамтылған отбасы балаларына сыйлық ретінде мектеп формасын, спорттық киімдер, аяқ киім, басқа да қажетті заттарды тапсырды.

Ақтауда «Мектепке жол» акциясы басталды (ФОТО)

Шексіз қуанышқа бөленген балалар мен ата-аналарға арналған мектеп өнерпаздарының шағын концерті де жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Бүгінгі күнді мейрамға айналдырған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырушы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымына зор алғысымды білдіремін. Әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан компания қызметкерлеріне сәттілік тілеймін. Қазақ мұнайының 120 жылдығы мен Қаламқас кенорнының 40 жылдығы мерейтойлары құтты болсын!» — дейді ата-ана Жанар Рысқұлова.

«Мектебімізде тізім бойынша кезекте тұрған оқушыларымызға жаңа оқу жылы алдында мектепке дайындық көмегін көрсетіп келеміз. Биыл оқу жылына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мекемесінің қолдауымен 18 балаға мектепке арналған құрал-саймандарын тарту етіп отыр. Мектеп ұжымы болып «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на ерекше алғысымызды білдіреміз. Мұнайшы замандастарымызды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз», — дейді №7 мектеп лицей директоры Гүлден Иманғалиева.

Осындай шарапаты мол шараны ұйымдастырған маңғыстаумұнайгаздықтардың үлкен сыйы — алда. Бүгін мектепте 2 сыныпты компьютермен жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Компания Білім күні мерекесі аясында аталған мектеп лицейіне арнаулы жабдықталған кабинеттерді тарту етпек.

Кенжеш ӘНУАР

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН