Облыста «Жастар жылы» аясында қандай жұмыстар атқарылды? Жастарды алаңдатып отырған мәселе не? Бәсекеге қабілетті азаматтарды дайындауда неге басымдық берген жөн? Шағын және орта бизнесті дамытуда жастардың үлесі көңіл көншітеді ме? Мемлекет тарапынан жалынды жастарға қандай қолдау бар? Осы және өзге де сауалдарға Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов жауап берді. 

— Бауыржан Орынбайұлы, биыл жастар үшін ерекше жыл. «Жастар жылы» аясында Маңғыстау өңірінде қандай жұмыстар атқарылуда және қандай негізгі бағыттарға басымдық берілуде?

– Жалпы «Жастар жылын» Маңғыстау облысында жоғары деңгейде атап өту мақсатында атқарылатын іс-шаралардың жол картасы қабылданып, жүзеге асырылуда. Жол картасы арнайы кесте бойынша азаматтық қоғам, жастар ұйымдары, белсенді жастар, сарапшылар, депутаттар, жоғары және кәсіптік техникалық оқу орындарының жастарымен жұмыс істейтін комитеттерімен талқыланып, қабылданған болатын.

Ең бастысы, «Жастар жылында» жастар мәселелерінің тиімді шешім табуына басымдық беріліп, олардың барлық бастамаларына тиісті қолдау көрсетілуде. Бұл ретте жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі басты назарда. Айталық, жыл басынан бері (1 шілдеге дейін) 4543 жас жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 2218 – тұрақты жұмыс орындарына, 1381 — қоғамдық жұмыстарға, 710 жастар практикасы және 234 әлеуметтік жұмыс орындарына. Қазіргі таңда жастардың да сұранысы жұмыс. Сондықтан жұмыспен қамту органдары мен қала, аудан әкімдіктерімен бірлесе бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай өз жалғасын табады.

Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 219 жас маман ауылдық жерлерге жұмысқа тартылып,  «Жасыл ел» жобасы бойынша 1228 жас маусымдық еңбекпен ауылдық елді-мекендерді абаттандыруға атсалысуда.

Менің ойымша, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу мүмкіндіктерінің бірі – ол шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту.

Осы орайда өңір жастары кәсіп ашуға белсенді ме, оларды ынталандыру үшін қандай жобалар орындалып жатыр?

– Қазіргі таңда 22 шілдеден бастап облыста өңірлік «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау облыстық филиалы жанынан «Жас кәсіпкер» жобасы жұмыс істеп жатыр. Мақсаты – жастар жұмыссыздығын азайту, 18-29 жас аралығындағы NEET санатындағы жастардың бойында жеке бизнесті ашуға қажетті машықтарды қалыптастыру арқылы олардың кәсіпкерлік әлеуетін дамыту. Жыл аяғына дейін 300-ден астам жұмыссыз кәсіпті бастаудың қыр-сырын меңгеретін болады.

Сонымен қатар биыл облыста «Zhas Project» жобасы іске асырылуда. Жобаның басты мақсаты – аз қамтылған отбасынан шыққан және жұмыссыз жастардың әлеуметтік стартап жобаларын қаржыландыру. Аталған жоба жастарды жетекшілікке, бәсекелестікке қабілетті болуға, қаржыны ретімен жұмсауға үйретеді. Жастарға өз жобаларын ашып, дамытуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалалар мен аудандарда 301 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Әрбір әлеуметтік жоба үшін бүкіл әлемдік банк тарапынан 1 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл – өңір жастары үшін үлкен инвестиция. Осы жобаларды іске асырған бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіпкер. Сондықтан жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары екі бағытта бірдей атқарылып жатыр. Теория жүзінде Жас кәсіпкер» жобасы жастарды оқытып, кәсіпкерлікке баулыса, практикалық бағытта «Zhas Project» жобасы қатысушылардың әлеуметтік стартап  жобаларына қаржылай көмек береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі 2020 жылды – «Еріктілер жылы» деп атау ұсынысын қолдағанын жақсы білеміз. Айтыңызшы, өңірде еріктілер қозғалысын дамытуда қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Бүгінгі таңда облыстық жастар ресурстық орталығы жанында «Еріктілер корпусы» жобасы бар. Бұл жоба жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілікті және азаматтық ұстанымды қалыптастыра отыра, өңіріміздегі еріктілер қозғалысын дамытуды көздейді. Бүгінде «Еріктілер корпусының» құрамында 200-ден аса жас бар. Соның ішінде шұғыл әлеуметтік көмек көрсету мақсатындағы 50 еріктіні құрайтын оперативті еріктілер тобы жасақталды. Еріктілер өңірде өтіп жатқан барлық ірі халықаралық және республикалық маңызы бар шараларға атсалысып, белсенділіктерін танытуда. Мамыр айында өткен Қазақстан-Ресей жастарының ынтымақтастық форумында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев маңғыстаулық ерікті жастардың қызметін жоғары бағалап, ерекше атап өткен болатын.

Сонымен бірге «Еріктілер корпусы» жастарының бастамасымен маусым айында Түркістан облысы, Арыс қаласында болған төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесу мақсатында облыстағы барлық жастар ресурстық орталықтарында көмек қабылдау пункті ашылып, барлығы 6 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жиналды. Кейін Арыс қаласына жеткізілді. Мен барлық ерікті жастарға абыройлы қызметтері үшін алғыс айтамын. Мені қуантатыны – ерікті жастар қатарының күннен-күнге көбеюі.

Қазір біздің алдымызда білімді, ұлттық құндылықтарды сақтаған, рухани дүниесі бай ұрпақ тәрбиелеу және әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру міндеті қойылып отыр. Осы ретте маңғыстаулық жастарды қазіргі заманғы талаптарға сай етіп тәрбиелеу қаншалықты маңызды?

– Қазір бәсекеге қабілетті болу үшін адам алдымен білімді болу керек екені айтпаса да түсінікті. Ғалымдардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай қазіргі мамандықтардың жартысын жасанды интеллект алмастырады. Сондықтан заманауи өзгерістерге бейім болып, жаңа білімдерді игеруге дайын болу керек. Себебі білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Бұл – жаһандық тренд.

Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін ерекше өткен болатын. Жастар арасында кітап оқу мәдениетін көтеру мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығымен «Jastar books» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба кітап сүйгіш оқырмандар санын арттырып, оларды бір ортаға тоғыстырып, оқырмандар клубын құру және жастардың арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ал «Болашаққа сеніммен» жобасы аясында жастарға әлеуметтік жобалар жасақтау мен жеке өсу сабақтар мен тренингтер өткізіледі. Қазір осы жоба аясында өңірдегі кәсіптік техникалық оқу орындары студенттері оқытылуда.

Ақтау қаласындағы жастар үйінде қазіргі заманғы коворкинг-орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Коворкинг орталығы жастардың бос уақыттарын тиімді өткізу мен қазіргі заманғы білім мен ақпарат алуға мүмкіндік беретін алаң. Коворкингте тегін интернет қондырылып, оқу зоналары мен шағын кітапханалар қызмет жасайды. Бұл жердегі басты мақсатымыз, ол жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау. Осындай коворкинг орталығы күні кеше Маңғыстау ауданы Шетпе селосында жастар ресурстық орталығы жанында ашылды. Бұл ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Осы сәтті пайдаланып Маңғыстау ауданы әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығы басшылығына ерекше алғысымды айтамын. Осындай орталықтар алдағы уақытта басқа аудандарда да ашылуы керек деп есептеймін.

Бауыржан Орынбайұлы, алтын уақытыңызды бөліп, өрелі сұхбат бергеніңіз үшін рақмет. Аймақта халықаралық жастар күні аталып өтіледі. Осы орайда жас оқырмандарға қандай тілегіңіз бар?

– Барлық жас достарыма арман-мақсаттарының іске асып, Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеде кетігін тап та бар қалан»,деп айтқандай, өмір атты алып кемеде өз айдындарын тауып, еліміздің, ұлтымыздың маңдайына біткен, алтындай абыройлы азаматтары болуларына тілектестік білдіремін. Халықаралық жастар күні құтты болсын!

Әңгімелескен Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ