балалар

Бүгін, 12 тамыз күні Каспий күніне орай маңғыстаулық балалар теңіз жағалауына «Каспий теңізі», «Ақтау қаласы» және «Қоршаған орта» тақырыптарында сурет салды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және «Тағылым» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған мерекеге 60-қа жуық бала мен қала тұрғындары қатысты.

Одан бөлек,  ұлттық би мен асық ату, арқан тартыс секілді ұлттық ойын түрлерінен сайыс өткізілді. Жеңімпаздар мен қатысушыларға сыйлық ретінде мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды.

«Балалар арасында өткізілген шара өте көңілді өтті. Олардың идеясы қызықты әрі ерекше екенін байқадық. Көк теңіз бен жарқыраған күнді бейбітшілікпен ұштастыра бейнелеп өздерінің жарқын кезеңде өмір сүріп жатқандарын жеткізе алды. Балалар Каспий теңізіне деген сүйіспеншілігін осылай әдемі суреттерімен білдірді. Шараға белсенді атсалып ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Осындай іс-шаралар Каспийді қорғауды насихаттап, оны бағалап сақтауға бағыт беріп теңіздің экологиясын жақсартуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын», — дейді «Тағылым» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асқар Сағитжан.

Өскелең ұрпақтың ақмаржан қала Ақтаудың символына айналған Каспийге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шаралар келер жылы да жалғасын табатыны белгілі.

2006 жылы 12 тамызда күшіне енген Каспий теңізі ортасын қорғау жөніндегі Негіздік конвенцияны жүзеге асыру процесіне көпшілікті тарту мақсатында Каспий аймағындағы барлық бес мемлекетте Каспий күні аталып өтеді. Қазақстан үшін, әсіресе Ақтау қаласы үшін маңызы бар Каспий теңізінің қорғалуына ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын теңіз экологиясын жақсарту мақсатында әртүрлі шаралар ұйымдастырылады.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді «Тағылым» жастар қоғамдық бірлестігі ұсынды