ruhani «Рухани жаңғыру»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде: «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет», – деген сөзі біздің жұмысымызға қарқын, мемлекеттік бағдарлама болашағына нық сенім мен серпін сыйлады.

Ұлттық идеологиямызға айналған қоғамдық сананы жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде, тұрақты жүргізіле беруі керек. Президент айтқан он басым бағыттың бәрін іске асыра отырып, әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызын жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттап арттыруымыз қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – әрбір мемлекеттік қызметкердің азаматтық тұлғасының, қоғамның әрбір мүшесінің тәрбие мен білім деңгейінің, жастар мен жасөспірімдердің, балалардың өсу-қалыптасу кезеңдерінің көрсеткіші болатындай рөлге ие болмақ.

Ендеше, бағдарлама жұмыстары мемлекеттік тұрғыда да, жергілікті өңірлік ауқымда да жалғасып, жандандырыла түседі. Оған руханият жолындағы зиялы қауым да, кез келген саналы, естияр азаматтар да жауапты.

Гүлайым АЗАН,

Маңғыстау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы