Қасым-Жомарт Тоқаев kasym qasym jomart toqaev
Сурет akorda.kz алынған

Қасым-Жомарт Тоқаев митингтер кезінде кездейсоқ болғандар мен кінәсіздерді босатуға тапсырма берді. Бұл туралы ҚР Президенті өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Бас прокурорға азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуді, ұсталғандардың нақты саны мен кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырдым. Кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босату қажет», — деді Президент.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР ІІМ Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы 9-10 маусымдағы заңсыз митингтер кезінде 700-ге жуық адамның ұсталғанын хабарлаған еді.

Бүгін ҚР Бас прокуратурасы қазақстандықтарды заңдылықты сақтауға, рұқсат етілмеген жария акциялар ұйымдастырудан және оларға қатысудан тартынуға шақырды.

«Осы құқыққа қайшы іс-әрекеттерге қатысы бар адамдарға құқық қорғау органдары қолданыстағы заңнама шеңберінде қылмыстыққа дейінгі, ең қатаң жауаптылық шараларын қолданады», — делінген Бас прокуратураның үндеуінде.