тағамнан улану
Сурет Infox.ru алынған

Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Барлық ересектердің, әсіресе, балалардың дизентериямен, сальмонеллезбен, колиэнтеритпен және басқа да жедел ішек инфекцияларымен ауырмаған бірде-бір ел жоқ.

Жаз мезгілінде сальмонеллез инфекциясы көптеп таралады. Ауру түрлі формада жүреді – бұл өнімнің сипатына, мөлшеріне және адамның иммунитетіне байланысты. Сальмонеллездің басты белгісі – асқазан-ішек құрылысының бұзылуы: іш ауруы, диарея, қалтырау, жүрек айну, құсу, сусыздану. Құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, ағзаның сусыздануы жүректің, бүйректің, тамырлардың басқа да ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеліп соқтырады, сондықтан да ағзаның сусыздануы өте қауіпті, әсіресе балалар үшін. Сальмонеллезбен ауырғанда, міндетті түрде дәрігерге қаралып, дұрыс ем қабылдау қажет, өз беттерінше ем қабылдау әртүрлі асқынуларға әкелуі мүмкін.

Ішек инфекциялары бұрынғы заманнан бері кір қолдың ауруы деп аталып келіп, онымен салақ адамдардың жиірек ауыратыны дәлелденген. Шынында, біз күн сайын күні бойына қолымызбен айналадағы кір заттармен жанасамыз, айтар болсақ, қоғамдық көліктерде тепе-теңдікті сақтау үшін тұтқаны ұстаймыз, неше түрлі адамдар ұстаған қоғамдық мекемелердің есік тұтқасын ұстаймыз, дүкендерде сауда жасағанда сатушымен, көліктерде кондуктормен есеп айырысамыз, ақша санасамыз, таныстарды көргенде қол беріп, амандасамыз. Осыдан келіп, «Жұмыстан, серуендеуден үйге келгенде, тамақ дайындаудың, ішердің алдында, сондай-ақ балалармен ойнарда және оларға күтім жасағанда қолыңызды сабындап, мұқият жуыңыз» деген қарапайым ережелер туындайды. Осындай қарапайым ережемен сіз өзіңізді де және отбасы мүшелерін де әртүрлі инфекциялардан қорғай аласыз.

Ішек инфекцияларының пайда болуының алдын алу үшін тағамдық азық-түліктердің жарамдылық сапасы өте маңызды, көптеген тағамдарда бактериялар тек қана өміршеңдігін сақтап қана қоймай, олар ауру тудырушы қасиетімен адамның қолымен тағамды ауызына апарғанда асқазан-ішек жолына кір қолы арқылы, ластанған су арқылы, сапасыз азық-түліктер арқылы түсіп, қарқынды түрде көбейеді.

Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ жемістер мен жидектер жатады. Салаттар мен винегреттерді, әртүрлі тұздықтар мен гарнирлерді тоңазытқышсыз түнге қалдыруға болмайды. Жаз және күз маусымында сүт және сүт өнімдерінде бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайлардың туындайтынын білу керек. Жеке адамдардан сатып алған құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнатып пайдаланған дұрыс. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста, шикі мен дайын тағамды бөлек ыдыста сақтау керек, оларды бөлек тақтайларда арнайы пышақтармен бөлу керек.

Бұл ретте тұрғындарды жуылмаған және бұзылған көкөністерді, жемістер мен жидектерді, қауын, қарбызды тағамға қолданбауға шақырамыз.

Жедел ішек инфекциясы су, тағам, тұрмыстық қатынас арқылы жұғады.

Жаз айларында балалар көп уақытын далада өткізеді, көкөністерді, жемістерді жумай жейді, сондай-ақ қосымша сүтпен тамақтанатын балалар үшін дайындалатын сүттің сапасыздығы ықпал етуде. Базарларда дүкендерде тағамның сақтау мерзіміне көп адамдар көңіл бөлмеу нәтижесінде бұл ауруға жиі шалдығады. Және де айта кететін жағдай, ол арнаулы орындары жоқ саудагерлерден сүт, қаймақ, айран, ірімшік сатып  алу кезінде осы ауруға жиі шалдығу мүмкін. Ішек инфекциясын жұқтырмас үшін мына ережелерге көңіл бөліңіз:

1)Жеке бас гигенасы (қолды сабынмен жуу);
2)Балаларға жеке бас гигиенасын үйрету және қадағалау;
3)Көкініс пен жемістерді мұқият тазалап жуу;

Ағзаның ішек инфекцияларына қарсы тұруын жоғарылату үшін: құнды тамақтану, үйлестірілген тағамның витаминді құрамы, таза ауада жеткілікті уақыт болу, тұрақты түрде ағзаны шынықтыру болып табылады.

Кездейсоқ жерлерден су іше салу және ластанған, шомылуға арнайы көрсетілмеген жерлерде шомылу сіздің денсаулығыңыз үшін өте қауіпті. Ауру жұқтырмас үшін маңызды гигиеналық дағдыны әдетке айналдыру керек – суды тұтынар алдында кішкентай бір күдігіңіз болса, оны міндетті түрде қайнатыңыз немесе бөтелкедегі суды ішіңіз.

Егер балаңыз ішек инфекциясымен ауырған жағдайда, ағзаның сусыздануының алдын алу үшін регидрон препаратын қолдану ұсынылады, өйткені регидрон ішті тыймайды, құрғаудың алдын алады.

Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін емшек сүті, айран, ұнтақталған жемістер, сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, тұзды, минералды су ерітіндісі қолданылады. Ішек инфекцияларының алдын алудың тиімді жолы сақтық ережелерін біліп, оны қатаң түрде орындау. Сіздің денсаулығыңыз — өз қолыңызда.

А.ТОЛЫБАЕВА,
СӨСҚ  филиалы меңгерушісі