Қазақстан даму жолына түскен мемлекет екенін біраз елдер мойындады. Мемлекетіміз әр саланың кем-кетігін толықтыруға, кібіртіктеп жатқан салаларды дамытуға қатысты бірқатар оң шешім, оңтайлы бағдарламалар қабылданып жатқаны көңіл қуантады.

Тәуелсіздіктің тартуы-дамыған техника, жеңілдетілген қызмет түрлері тұрғындарға ұнайтыны рас. Ұзын-сонар кезекке тұрмай – ақ жұмысының тез арада бітіп жатқаны, үкімет тарапынан жасалынып жатқан жақсы жағдайға риза халықтың көңілі ауданымыздағы жалғыз «Халық банк» АҚ филиалына барғанда су сепкендей басылатыны несі? Басылмағанда ше!? Ала кеуім таңнан басталған кезекке тұрған тұрғындар кешкі жұмыс уақыты біткенше шаруасының түйткілі шешілмей, не кезегі келіп қалғанда техникалық ақаулардың пайда болатынына ашынады. Жалғыз Шетпе емес, ауданға қарасты ауылдардың да осы мекеме қызметіне жүгінетіні белгілі. Ал есептей беріңіз? Күніне кем дегенде 30-40 адамға қызмет көрсететін орында жалғыз менеджердің отыратыны кімге ұнайды? Түске дейін бес адам, түстен кейін бес адам қабылдаса қалған келушілер шаруасын қайда барып бітіреді? Тұрғылықты жердегі қызмет түрін тиісінше пайдалана алмаған тұрғындардың жан айқайы-арыздар легі осындай. Неге менеджер санын көбейтпейді? Неге техника сапасын жақсартпайды? Тұрғындардың сұрағы бізді де бей – жай қалдырмай мекеме басшылығына хабарласқан болатынбыз. «Халық банк» АҚ аудандық филиалының директоры Ш.Барахатовтың айтуынша «Басшылық қызметіне кіріскелі бері мен алдымен банкомат және кассир санын көбейту мәселесін жолға қойдым. Қазір 4 банкомат жұмыс жасайды, қосымша қолма қолсыз төлем жүйелері де іске қосылған, пайдалану жолын түсіндіретін кеңесшісі бар. Бір қынжылтатыны, тұрғындардың көпшілігі бұл қызмет түрін пайдаланбай өздері үйренген кассирлерге жүгініп, уақыттан ұтылып жатады. Бұл аудандағы жалғыз мекеме. Бізде бәсекелестік жоқ, ауданнан екі филиал ашылса қызмет сапасы жақсарар ма еді?! Ал, қазіргі таңда бізде менеджер маманы жетіспейтіні рас, халықпен жұмыс жасай білетін, білімді қызметкер бізге керек, ол жайында мәселелер көтеріліп жүр, облыс орталығына ұсыныстар түсірдік, шешімін табады деген ойдамыз. Екі қызметкеріміздің біреуі бала күтіміне байланысты демалысқа шығып кетті, оның орнына жаңа маман дайындап жатырмыз, алдағы аптада тестілеуден өтсе, қызметіне кіріседі. Десек те, қазіргі таңда қызмет уақытының көбін алатын коммуналдық көмекке құжат жинаған әлеуметтік сала қызметкерлерінің есепшоттық жиырма сан шығартуы. Бізге кім, қандай қызмет түрімен келсе де сұранысын қанағаттандыру-міндетіміз. Жиырма санды мекеме есепшісінен сұраңыз немесе өзіңіздегі түпнұсқаның көшірмесін апарыңыз деп қайтара алмаймыз. Келді екен, қызметке жүгінді екен орындау біздің парыз. Жалғыз менеджеріміз несиеге, банкомат шығартуға өтініштерді қабылдаса, мен осы жиырма сан мәселесімен отырамын. Егер де, осы құжат жөнінде өзі жұмыс жасап, жалақы алатын жерден шаруасы бітіп жатса бізге көмек болып, маман тапшы кезде уақыттың көбін басқа қызмет түріне арнайтын едік»,-дейді.

Осы мәселе жөнінде аудандық жұмыспен қамту бөлімінің бастығы С.Қайымова «Әлеуметтік сала қызметкерлеріне берілетін коммуналдық қөмекке әрбір адамға жеке іс-қағазы ашылып құжаттары жиналады. Бізде жиырма санды осы жылмен қайтадан шығарып әкелу керек деген заң жоқ. Қызмет ететін орынан жалақы алып отырған есепшотын әкеліп берсе болғаны. Ол үшін банкке барудың қажеті жоқ. Немесе өзіндегі түпнұсқаның көшірмесін де жарайды» деп түсіндіріп өтті. Сондықтан, онсыз да маман жетіспейтін орында кезек күтіп, уақытыңызды жоғалтпай тиімді жағына жүгінсеңіз болады.

Десек те, өзге де қызметтер бойынша тұрғындардың ұзын сонар кезегі біте ме? Қызмет сапасы жақсара ма? Азаматтардың «техника сапасы жақсарса, кадр саны көбейсе немесе кезегі келгенде техникалық ақаулар орын алып, оның жөнделуін сағаттап күтпесек» деген өтінішіне мекеме басшылығы жақсы нәтижемен жауап береді деген ойдамыз.

Айгүл РАХМЕТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз