Күнделікті көріп жүргеніміздей, өмірдегі өзекті мәселенің бірі — тазалық. Себебі тазалық – өмір айнасы. Тазалық болмаған жерде бейберекетсіздік белең алып, қоғамға қауіпті жағдайлар туындап, адам денсаулығына зияны тиетін факторлар болуы мүмкін. Бұлай дейтініміз, тазалық сақталмаған жерде инфекциялық ауру тудыратын қоздырғыштар тіршілік етіп, елге тарауы ықтимал. Сондықтан да санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің мәні, міне, осында. Бұл — бір. Екіншіден, тазалық сақталмаса, яғни тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыстар кез-келген жерде шашылып жатса, көшенің көркі де қашады. Ауыл, елдің сәні бұзылады. Міне, сол үшін тазалыққа көңіл бөлудің мән-маңызы зор.

Осы мәселелерге байланысты елімізде соңғы жылдары тазалықты сақтауға мән беріліп, жыл сайын көктем мезгілі басталысымен «Тазалық айлығы» жарияланып, айлық аясында тазалық, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы бағытта Бейнеу ауданы көлемінде тазалық жұмыстарын жүргізу тек қана тазалық айлығымен шектеліп қалып жатқан жоқ. Санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл мәселе аудан мен ауыл әкімдіктерінің іс-қимыл жоспарларындағы күнделікті басты бағыттарының бірі болып отыр. Қоғамдық жұмыстың есебінен көше тазалығын сақтауға адамдар жұмылдырылған. Жеке тұрғындар өз ауласының тазалығына жауапты.

Бейнеу ауданындағы әртүрлі нысандағы мекемелер мен тұрғын үйлердің тұрмыстық қатты қалдықтарын салып, жинақтаған жәшіктері мен қоқыс салған қапшықтарын «Бейнеумехтранссервис» ЖШС мекемесі көлікпен өзінің арнаулы полигонына апарып төгіп, тазалық жүргізуге өз үлестерін қосып жүр. Жақында осы мекеменің құрылтайшысы Нұрболат Хайруллаевпен жүздесіп, тазалық мәселесі төңірегінде сұрақ беріп, әңгімеге тартқан едік.

— Біздің мекеменің негізгі міндеті, – деп бастады ол әңгімені, — бір жерге жинақталған тұрмыстық қатты қалдықтарды көлікпен жинап алып, өзіміздің полигонымызға апарып төгу. Төгу дегенде біз апарған тұрмыстық қатты қалдықтарды төге салып, кете бермейміз. Сол жерде қатты қалдықтар сұрыпталады. Қағаздар бір бөлек, пластик және шөлмек бөтелкелер бір бөлек дегендей. Бұларды өз алдына жинақтап, престеп, буып, түйіп, өңдейтін орындарға жөнелтеміз. Соңғы кездері пластик бөтелкелер, баклашкалар жинап қоятын темір тор жәшіктерді көппәтерлі үйлердің аулаларына қойдық. Сол ыдыста жиналған пластик бөтелкелерді алып кетіп, тапсырамыз. Біз негізі полигонды 10 жылға жалға алып, жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Сол үшін оның жұмысына жауаптымыз. Полигонға төгілген қатты қалдықтарды сұрыпталған соң залалсыздандырып, көму жұмыстарын жүргіземіз. Біздің полигон қатты қалдықтарды өртемейтін санатқа жатады.

Осылайша әңгімені әрі қарай жалғастырған Нұрболат Хайруллаев: — Тұрғын үйлер мен мекемелерде іріктелген тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтап, престеп, қайта өңдейтін мекемелерге жіберу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — деді.

«Біздің полигонымызға жеке адамдардың өз бетінше қатты қалдықтарды төгуге құқы жоқ. Себебі полигон — зиянды орта. Лас жер. Бөгде адамдар ауру жұқтырып, таратуы мүмкін. Осы жерде жұмыс жасайтын адамдардың еңбек қауіпсіздігі — назарымызда. Олар арнаулы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген. Заңды тұлғалардың полигонға тұрмыстық қатты қалдықтарды төгуіне болады, олар біздің мекемемен келісіп, жұмыс жасауы керек. Әлгінде айттым ғой, біз полигонды өз жауапкершілігімізге алғанбыз деп. Біз төгілген қатты қалдықтарды нығыздап, басып, содан соң үстін топырақпен көмумен айналысып келеміз».

Біз әңгіме барысында жеке тұрғын үйден шыққан қатты қалдықтарды жинап, алып кетудің қызметіне төленетін төлем мөлшеріне байланысты сұрақ берген едік.

«Бейнеу ауылы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, әкетуге және көмуге арналған тариф 2019 жылдың ақпан айында бекітілген. Онда 1 текше метр тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің құны 1564 теңге болып белгіленген. Тұрғындарға түсінікті болу үшін тарқатып айтар болсақ, жайлы үйлерде тұратын тұрғындар үшін айына 1 адамға 258,07 теңге. Ал жайсыздау үйлерде тұратын тұрғындар үшін айына 1 адамға 284,14 теңге төлейді. Егер тұрғын қалдықтарды айырып, іріктеп жинаған жағдайда шығару құнын 1300 теңгеге төмендетіп, ал ал халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қалдықты шығару құны 50 пайыз жеңілдікпен есептеді. Бұл жөнінде ауыл әкімдігімен бірге ауыл тұрғындарына хабарлама таратып бердік. Хабарламада тазалық жүргізудің және тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтап, алып кетудің, іріктеп қоюдың жай-жапсары түсіндірілген болатын. Бұл — жеке адамдар үшін. Мекемелердің төлейтін төлемі бөлек. Тұрғындар осы бағаның өзін қымбат деп есептеп жүрген жайы бар», — деді.

«Ілгеріректегі бір жиында осы тазалық мәселесі, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау бағытында жеке тұрғындарға қапшық берілетіндігі айтылып еді, осы мәселе қалай шешіліп жатыр?» дегенімізде, Нұрболат Хайруллаев «Жеке тұрғындарға ауласындағы қатты қалдықтарды жинақтап, сыртқа шығарып, алып кетуге дайындау үшін қапшықтар беріледі. Бірақ бәрі бірдей бұл әдіске көшіп кетті деп айту қиын. Көпшілігі жасыратыны жоқ, қоқысқа ақша шығаруды қолайлы көрмейді. Көше басындағы жәшікке төге салғанды оңай көреді. Бұған уақытын бөлгісі келмейтіндер де, ерінетіндер де, түсінбей жүргендер де, тіпті керек десеңіз, түсінгісі келмейтіндер де бар. Қоқысқа төгетін жәшіктерді негізінен көпқабатты үйлердің жанына қою керек екен. Біз оны көшедегі қатты қалдықтарды жинақтап салу үшін қойғанбыз», — деді ол.

Бірақ оған тұрғындар үйіп-төгіп салып кетуді әдетке айналдырғанын айтып өтті. Ретіне қарағанда тұрғындар қапшыққа салып, бір жерге жинақтап қоюға тиісті екен.

Тазалық мәселелеріне қатысты әңгімені жалғастырғанымызда Нұрболат Хайруллаев «Бізге ауыл тұрғындары «Үйімнің ауласында мынадай күл-қоқыс немесе тұрмыстық қатты қалдықтары мен құрылыс материалдарының қалдықтар бар еді, соны алып кетіңіздер» деп келіп, сұраныс берсе, біз қызмет көрсетуге дайынбыз. Үлкен көлемдегі, ауыр қатты қалдықтарды тиеп, жүктеп, алып кететін автокөлік пен техникамыз бар. Тариф бойынша ақшасын төлесе болды, қызмет жасай береміз», — дейді. Кейбір жауапкершілігі жоқ, жеңіл автокөлігі бар тұрғындар қоқыстарын жасырын түрде көшелерге қойылған жәшіктерге тастап кетуді әдетке айналдырған. Бұл біздің сұраныс берген тұрғындарға қызмет жасауымызға кедергі келтіріп тұр. Мұндай әрекеттерге айыппұл төлейтінін көпшілік тұрғындар біле жүргені абзал. Қазірдің өзінде тұғындар аулаларына 1 текше метр көлемінде жәшіктерді қою үрдісіне көше бастады деп сөзін жалғастырған Нұрболат Хайруллаев жалпы тұрғындардың тазалықты сақтаудың жаңа үрдістеріне қалыптасуы үшін ауыл әкімдіктері тарапынан ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізу қажет екендігін, оның тазалықты қалыпты сақтауға септігін тигізетіндігін айтты.

Сонымен бұл әңгімеден біздің түйгеніміз, тазалықты сақтау мәселесінде жоғарыда аты аталған мекеме тұрғындардың, мекемелердің ауласында жинақталып тұрған тұрмыстық қатты қалдықтарды көлікпен алып кетіп, полигонға апарып көму жұмыстарымен және сонымен қатар полигонға төгілген қатты қалдықтарды залалсыздандыру іс-шараларымен айналысатынын ұқтық. Тазалықты сақтау, тұрмыстық қатты қалдықтарды сыртқа әкетуге дайындап қою — халыққа ортақ міндет. Тұрмыстық қатты қалдықтар кімнің жерінде шашылып жатса, тазалығы сол жердің иесінің жауапкершілігінде болады.

Сол үшін мекеме басшылары мен тұрғындар өз территориясының тазалығына өздері ғана жауапты болатынын қазіргі кездегі саналы азаматтарға айтып, түсіндірудің өзі артық дейміз. Себебі қазіргі дәуірдегі адамдардың бәрі дерлік сауатты, өмірге, қоғамға көзқарастары өзгеше өркениеттің өрістеген кезінде өмір сүріп жатыр емес пе?! Яғни денсаулықтың да, мәдениеттіің де, өркенниеттің де осы тазалықтан бастау алатынын біледі деп ойлаймыз. Тек осындай ортақ мүддеге оң көзқарас қажет-ақ. Осындай ізгілікті іске ұйымшылдық керек деп есептейміз. Оған ұйытқы болатын да ауыл әкімдіктері екендігі айтпасақ та түсінікті.

Кәрісбай ӘДІЛ