Өздеріңіз естіп, біліп жүргендей, Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен және жергілікті жомарт жүректі азаматтардың қолдауымен облыс көлемінде көпбалалы аналардың, аз қамтылған отбасылары мен мүжәлсіз жандардың кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасау бағытындағы «Бизнес 3 күнде» жобасы аясында жұмыстар Бейнеу ауданында да жалғасып жатыр.

Аталған жоба бойынша осы күнге дейін аудандағы 22 отбасына 2,4 млн. теңге қолдау көрсетілген. Соның ішінде 10-ы тігінмен, 3-і құс өсірумен айналысуды, 8-і нан өнімдерін дайындауды, 1-еуі ағаш бұйымдарын жасауды, 1-еуі салат өнімдерін дайындауды, 1-еуі шаштараз қызметін көрсетуді қолға алғандар кәсіпкерлігін бастаған болатын.

Осы ізгілікті шара жалғасын тауып, осы жылдың 4 маусымы күні Бейнеу ауылында тұратын көпбалалы аналар мен аз қамтылған 3 отбасына «Ақжол-құрылыс» ЖШС-нің демеуімен нан өнімдерін дайындап, кәсіпкерлігін бастау үшін Света Нұрғалиеваға, тігінмен айналысуға Айман Тұржұпароваға және ағаш бұйымдарын жасауға талаптанған Амангелді Қожақовқа қажетті құрал-жабдықтар алынып, берілді.

Кәсіпкерлікті бастауға талаптанған отбасыларына құрал-саймандарды компанияның өкілдері Қуандық Ізімбердиев, Жазира Даутова, Асқар Туленов және «Бизнес 3 күнде» жобасының Бейнеудегі үйлестірушісі Құралай Ізтілеуова табыс етті. Бейнеуліктер құрал-жабдықпен көрсетіп жатқан көмегі мен мүмкіндікті мүлт жібермей пайдаланып, кәсібін дамытуға тілектестігін білдірді. Бизнесті бастаушыларға қажетті заттарын алып берген мекеме өкілдері құрал-жабдықтарды қалай пайдалану жолдарын түсіндіріп, көрсетті. Аталған мекеменің жомарт жүректі басшыларының осындай демеу көмегіне бизнесті бастаушылар дән риза болып, олардың сенімін ақтауға еңбектене беретіндіктерін айтты.

К.ШЕРУБАЙҰЛЫ