Бүгін Ақтаудың «Каспий» футбол командасы қызылордалық «Байқоңырды» өз алаңында қабылдады. Ойын 3:1 есебімен маңғыстаулық команданың пайдасына шешілді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Жас қанат» спорт кешенінде өткен «Каспий» мен «Байқоңырдың» кездесуі тартысқа толы болды. Алғашқы 17 минутта «Каспийдің» шабуылшысы Жандос Сұлтан есеп ашты.

Екінші тайм басталысымен ала доп алаңында Қызылорданың «Байқоңыр» футбол командасы шабуылға шығып, есепті теңестіруге бет алды. Кездесудің 65-ші минутында қызылордалық команда шабуылшысы Өркен Махан қақпаға гол салып, есепті теңестірді.

Кездесу барысында алаң иелері допты көбірек ұстап, басымдығын көрсетті. Есепті еселеуге барын салды. Матчтың 87-ші минутында Талғат Қусяпов «Каспийге» екінші голды алып берді.

Ал ойынның бітуіне 10 минут қалғанда «Каспийдің» ойыншысы Руслан Жанысбаев қарсылас команданы сан соқтырып, тағы бір ұпайды еншіледі.

"Каспий" өз алаңында "Байқоңырды" 3:1 есебімен жеңді (ФОТО, ВИДЕО)

Осылайша ойын Ақтаудың «Каспий» командасы үшін пайдаға шешілді. Кездесу 3:1 есебімен жергілікті команданың жеңісімен аяқталды.

Маңғыстаулық команда алты ойын өткізіп, оның 4-уінде жеңіске жетсе, біреуінде ұтылып, біреуін тең нәтижемен аяқтады. Қазір команданың қоржынында 13 ұпай бар. Осылайша «Каспий» турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілді.

Айта кетелік, ойынға 3000-ға жуық жанкүйер қатысып, «Каспий» мен «Байқоңыр» арасындағы тартысты ойын Бірінші лигадағы көрермен ең көп жиналған матч болды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоларды түсірген Талант ҚҰСАЙЫН