Fariza Фариза Оңғарсынова кеш
Асқар Көшеров

Ақтауда Қазақстанның халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Қыз-ғұмыр» атты кеш өтті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстау облыстық М. Өскінбаев атындағы филормонияда өткен концертте жастар ақынның «Қыз махаббаты», «Қыз сөзі», «Шығыстағы ару қыз», «Парсының сұлулары», «Әйел тілегі», «Әйелдің монологы», «Қызыл тымақты қыз», «Қыз-ғұмыр» сияқты өлеңдерін оқыды.

Фариза ақынның rөптеген жырына қазақ сазгерлері әуен жазып, өлеңдері әнге айналған. Кеште Ақмарал Ерімбетова ақынның сөзіне жазылған, Айтқали Жайымовтың музыкасымен көмкерілген «Махаббат оты сөнбейді» әнін орындаса, Оспан Құлсымақ «Маңғыстауды» шырқады.

Кешке келген көрермен Ф. Оңғарсынованың өмір жолын баяндайтын деректі фильмді тамашалап, рухани сусындап, ерекше көңіл-күймен тарқасты.

Фариза Оңғарсынова – жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңын бағындырып, қазақтың сөз өнерін биік белеске шығарып, поэзияға жаңа леп әкелген ақындардың бірі.

Ол туралы әйгілі қаламгерлер «Қызша киінген Махамбет» дейтін. Оның өлеңдері кешегі дауылпаз Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған, алдаспан Ақтамберді, Махамбеттерден қалған аруақты да арынды жырдың жалғасы еді.

Суреттер мен видеоларды түсірген Талант ҚҰСАЙЫН