Каспий теңізінің жағалауы – Ақтау тұрғындары мен қала қонақтарының демалысын өткізетін сүйікті орынның бірі. Былтыр бес елдің басшылары бас қосқан Каспий саммиті кезінде теңіз жағалауында жартасты соқпақ салынды, биыл жасанды пальма ағаштары орнатылған еді. Десе де күні кеше  жартастардың біріне  әлдекімдер арбиған әріптермен «Шыңғыс + Дана» деп жазып кетіпті. Кеше күні бойы «Қала жолдарының» қызметкерлері қара сиямен қалдырылған «ғашықтық хатын» тазалаумен әуре болды.

Бүгін әлдекімдер жартасқа жазу жазды, бояды, бүлдірді. Ертең не істейтіні белгісіз. Ел қызығын көрсе екен, табиғи мұражайдан тағылым алып, жанашырлық танытса екен дегендердің игі ісін бұлайша білдіруді қалайша бағалауға болады? Оған дәлел – желіге жарияланған тасқа түскен ғашықтардың есімі. Мұны көрген көпшілік «саналы адамның ессіз әрекеті» екендігін айтуда.

«Өкінішке орай, кейбір тұрғындарымыздың тазалық сақтаудағы мәдениеті сын көтермейді», «Бұл жағаның бейнебақылау камерасын күшейту керек деп ойлаймын» — деп желі қолданушылары өз пікірін жазса, енді бірі «осы жабайылықты қою керек қой. Жазбаса қосылмайтындай!», «Осы ғой, қазақ десең жанына тиеді. Ұяттан безген адамдар ғой басқа жер таппағандай жазатын», «Жасырынды видео орнату керек, көргенсіздерді ұстап әкімшілік тәртіпке салу керек» деп ашуланады.

Болған жайтқа «Енді бұған әкім кінәлі емес» десе, екіншісі «Неге әкім кінәлі емес?! Әкім кінәлі! Осыны қадағалай алмаса неге әкім болып отыр?! Әкім қайда қарап отыр?» деп әзіл-шыны аралас пікір білдірді. Сондай-ақ «Жастар бақытты болсын», «Шыңғыс пен Дана бақытты болсын, бірақ жазбау керек еді», «Шыңғыс пен Дананың тойын күтеміз. Көктем жұмысшыларын тойына жіберу керек» дегенді жазғандар да табылды.

Біз де теңіз жағалауында серуендеп жүрген тұрғындарды сөзге тартқан едік. Олардың бірі былай дейді:

Ғаламторға жарияланған жартастағы жазуды көрдім. Ғашық жандардың бұл әрекетін, әрине, құптамаймын. Қазір технология дамыған заманда ғашықтық сезімін ортақ мүлікке ойып жазбай-ақ жеткізуге болатын түрлі әдісі бар емес пе? Жастардың бұл әрекеті жөн болмады. Мүмкін осылай ел есінде қалуды ойлаған шығар. Бірақ көпке үлгі ізгі іс істесе, қаланың келбетіне нұқсан келтірмей жанашырлық танытса ел жадында есімі жатталған жастың бірі болар еді, – дейді қала тұрғыны Гүлназ.

Айта кетейік, қала тұрғындарының 6 және 1 автомобиль жолдарының қиылысындағы шағынаудан көрсеткіш белгілерін бүкір етіп, майыстырғаны ақылға қонымды іс емес. Десе де, «Қала жолдары» ЖШС тиянақтылық танытып, көрсеткіш белгіні жедел қалпына келтірген. Сонымен қатар, апта сайын сенбілік өтіп жатыр. «Қала жолдары» ЖШС, «АУЭС», КММ, «КЖСА» КММ, «Ақтау тұрғын үй» қызметкерлері мен ерікті тұрғындар қала аумағын  күл-қоқыстан тазартуға шыққан. Олар 52 жол бойын, яғни 1 шағынаудан Адвер баспаханасынан бастап Рекон елдімекеніне дейінгі аралықты және 4 а шағынаудан жартасты жағалау бойын тазалап, 20 тоннаға жуық қоқыс шығарған.

Бүгінде келеңсіз жайттардың алдын алу мақсатында 4 а шағынауданына учаскелік полиция пункті орнатылды. Нысан қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті бақылау үшін қойылды. Енді қоғамдық орында ортақ мүлікті бүлдіргендер жазаға тартылады.

Қарапайым халықтың күткені – қатаң талап пен жаза.  Олай болса, қала тазалығы мен аймақ келбетіне жанашырлық танытпаған тұрғындардың қолмен істегенін мойнымен көтеретін кезі келді. Дегенмен әрбір тұрғын «Тазалық сыпырылған жерде емес, сақтаған жерде» екендігін ұмытпаса екен дейміз.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА