kalamkas Қаламқас
Скрин видеодан алынды

ҚР Энергетика министрлігі «Қаламқас» кен орнындағы апаттан қоршаған ортаға келген шығынды 98,7 миллион теңгеге бағалады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті осы оқиғаға қатысты жоспардан тыс тексерісті аяқтады.

«Ұңғыманың маңынан ауаның, топырақтың, жерасты суларының сынамасы алынып, қоршаған ортаға кері әсерінің дәрежесін анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізілді», — делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

Зертханалық тексерулердің нәтижесі ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясын көрсетті. Ауадан формальдегид, түтін, метан, аммиак, көмірсутегі, фенол тарағаны анықталды. Топыраққа мыс пен темір шамадан тыс сіңген. Жерасты суларындағы тексеру судың құрамының минералдығы жоғары (70 000 мг/литр хлорид) екенін көрсетті. Бірақ мұнай өнімдері концентрациясының артуы байқалмаған.

Тексеріс нәтижесінде 4 әкімшілік іс қозғалды

Тексеріс нәтижесінде Маңғыстау облыстық экология департаменті 4 әкімшілік іс қозғады. Дәлірек айтқанда, зиянды заттардың ауаға таралғанын хабарламау, мемлекеттік экологиялық сараптау қорытындыларында көрсетілген талаптарды орындамау, сондай-ақ жер ресустарын ластау секілді фактілер анықталған.

Айыппұл көлемі 1 миллион 558 мың 967 теңге болып белгіленген. Атап айтқанда:

— ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 327-бабы бойынша ластаушы заттардың өндiрiстiк нормативтен тыс тасталуы мен шығарылуы, қалдықтардың орналастырылуы туралы хабарламағаны үшін (63 125 теңге);

— ҚР ӘҚБтК 328-бабы бойынша қоршаған ортаға ластаушы заттарды өз бетімен тастағаны, яғни газ жаққаны үшін 107 092 теңге;

— ҚР ӘҚБтК 332-бабы бойынша мемлекеттiк экологиялық сараптаманы мiндеттi түрде жүргізу туралы заңнама талаптарын орындамғаны, яғни ұңғыма құрылысы кезінде жобалыұ шешімдерді сақтамағаны үшін 883 750 теңге;

— ҚР ӘҚБтК 337-бабы бойынша ілеспе жерасты суларын төгу кезінде бұрғылау ұңғымасының маңындағы жерді бүлдiргені, ластағаны, жағдайын төмендеткені үшін 505 000 теңге айыппұл салынбақ.

«Маңғыстау облыстық экология департаменті тексеру нәтижесі бойынша «СиБу» ЖШС 2019 жылдың сәуірі мен маусымы аралығында қоршаған ортаны қалпына келтіру үшін рекультивация жұмыстарын жүргізуге міндеттеді. Сонымен қатар, Энергетика министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті «СиБу» ЖШС-нде  міндетті экологиялық аудит жүргізу туралы қорытынды берді», — деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Өңірдің экология департаменті «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ берілген «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымалар құрылысының жобасына мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын (2018 жылдың 26 қыркүйегіндегі) қайтып алу туралы арыз-шағым дайындап жатыр.

Сонымен қатар департамент «СиБу» ЖШС компаниясына берілген қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты (2019 жылдың 25 ақпанындағы) қайтарып алу туралы шағым түсірмек.

«Энергетика министрлігі «СиБу» компаниясына ұңғымаларды бұрғылауға берілген лицензияны қайтарып алу мәселесін қарастырып жатыр», — деп хабарлады министрлікте.

Апат қалай болды?

Айта кетелік, 13 наурыз күні сағат 17:30 шамасында Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кен орнында газ грифондары пайда болды. Мұндай грифорндардың саны 13-ке жеткен.

25 наурыз күні түнгі сағат 04:46 шамасында грифондардың бірінен өрт шығып, жалынның биікті 10 метрге дейін жетті. Отты сөндіру үшін Атыраудан қосымша арнайы техника алдырылды. Қызыл жалын үш күннен кейін, 28 наурыз күні сағат 01:05-те сөндірілді.

«Қаламқас» кен орны №8237 ұңғымасындағы жалын тоқтаған соң апаттық-жою жұмыстарының жоспары жасалып, ұңғыманы жоюға дайындық жүргізу «Ақберен» Маңғыстау филиалының құтқарушыларына тапсырылды.