Ұлбике Ермақанова

Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей қыз-келіншектерді құрылыс саласында көп кездестіре бермейміз. Жұмысы ауыр сала. Онда ер мінез, қайратты бірен-саран ғана қыз-келіншек еңбек етеді. Солардың бірі — Бейнеу ауылында тұратын еңбек ардагері Ұлбике Ермақанова болатын. Құрылысшы анамен сұхбаттасып, еңбек жолынан біршама әңгіме қозғағанбыз. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

— Ең алдымен сізді мерекеңізбен құттықтаймын. Қыз-келіншектерге ауыр соғатын құрылыс жұмысына қалай келдіңіз? Осы мамандықты өз қалауыңызбен таңдадыңыз ба, әлде кездейсоқ келдіңіз бе?

Мен құрылысқа кездейсоқ келгенім жоқ. Өзімнің қалауыммен келдім. Алғашқы еңбек жолымды Қарақалпақстанның Хожелі ауданындағы 22-партия сьезд атындағы совхозда құрылыстан бастадым. Құрылыста жүріп, ағаш шебері Алпысбаймен танысып, тұрмыс құрдым. Дәм-тұзымыз жарасып кетті. Содан кейін атажұртқа аңсарымыз ауып, 1976 жылы Бейнеуге көшіп келіп, №1202 жылжымалы механикаландырылған колонноға сылақшы-сыршы жұмысына қабылданып, еңбек жолымды жалғастырдым. Жолдасым Алпысбай да осы мекемеге ағаш шебері болып орналасты. Мен ПМК-да шебер құрылысшы Антонина Григорьевна Ивченконың бригадасында сылақшы болдым. Уақыт өткен сайын тәжірибем арта түсіп, шебер сылақшы-сыршы ретінде көзге көріндім. Ол кезде мектептегі 10-11 сынып оқушылары жазғы демалыс кезінде құрылыс жұмыстарына келіп, жұмыс жасап, еңбекақы табатын еді. Біздер оқушыларға және жаңадан жұмысқа кіріскен жас мамандарға құрылыстың қыр-сырын үйретуден де жалыққан жоқпыз. Келе-келе қатарымыздағы жастар көбейді. Бригадиріміз Антонина Григорьевна бір күні бригаданы бөліп, кезең талабына сай комсомол жастар бригадасын құруды ұсынды. Оның өзі облыстық советтің депутаты еді. Бұл ұсыныс мекеме басшылығы тарапынан қолдауға ие болды. Сонда маған сенім артып, комсомол жастар бригадасының жетекшілігіне ұсынды. Сөйтіп ұжымның қолдауымен «Жалын» деп аталған комсомол жастар бригадасының бригадирі болып шыға келдім. Менің бригадамда жалындай жарқылдаған қыздар болатын. Біздер кәнігі сылақшы-сыршы шебер Антонина Григорьевнаның бригадасымен социалистік жарысқа түсіп, аянбай еңбек етіп, озат болуға ұмтылдық. Тапсырмаларды орындау барысындағы көрсеткішіміз жаман болған жоқ. Сол кезде бес жылдық жоспар деген болды. Айлық жоспарымызды асыра орындап, абырой биігінен көрініп жүрдік. Бейнеу ауданының көлеміндегі совхоздардың құрылыс жұмыстарында мектеп, балабақша, тұрғын үй ғимараттарын салуға атсалыстық. Аудан орталығындағы «Айгүл» балабақшасы, аудандық аурухана, екі қабатты тұрмыс қызметін өтеу комбинаты мен мемлекеттік банк ғимараттарында біздің құрылысшылардың қолтаңбасы бар. Бригадамызда қолынан іс келетін құрылысшы қыз-келіншектер көп болды. Атап айтқанда, Қуанбибі Нұрқожаева, Мариям Ермақанова, Хансұлу Дәулетова, Айжан Тәжмұханова… аттары есіме түсіңкіремей отыр, тағы да басқалары ерлерше еңбек етті. Еңбек еш кеткен жоқ. Мекеме тарапынан ай сайын мерекелерде ақшалай және заттай сыйлықтар алып, грамоталармен марапатталдық. Бұл біздердің ұзақ жылғы маңдай тер, табан етіміздің жемісі деп білемін.

Құрылысшы ана: "Бұл - жүрек қалауымен таңдаған мамандық"

— Ұлбике апа, бір үйде екі адамның құрылыс саласында жұмыс жасағаны отбасына қиын болған жоқ па? Әйелдердің үйдегі жұмысы да аз емес, бала тәрбиесі деген тағы бар…

— Жоқ! Бір үйден екі адам құрылыста жасасақ та қиындық көрмедік. Себебі отбасы, ағайын-туыс арасындағы татулықтың көрінісі шығар, қайын сіңлім, абысыным мен қайын ағам біздің үй шаруашылығымызға қолғабысын аяған жоқ. Бала күтіміне де солар көмектесіп отырды. Өзіміз де «Ерте тұрып, кеш жатып» дегендей, бәріне де үлгеріп жүрдік ғой. Сосын Алпысбай екеуіміз алаңдамай, білекті сыбанып жұмыс жасай бердік. Құдай берген 3 ер бала, 2 қыз баланы тәрбиелеп, оқытып, ешкімнен кем қылған жоқпыз. Балаларым ел қатарлы оқып, мамандық алды. Қазір ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырып дегендей, әрқайсысы — бір-бір шаңырақ иесі, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп отырған отбасы. Соларды қызықтап өмір сүріп жатқан жайым бар.

«Сіздердің еңбек жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма дейсің бе?» …Иә, Жамбыл Бегелеков деген баламның қолы ұсынақты, шеберлігі бар. Қазіргі кезде Бейнеу гимназиясында оқушыларды еңбекке баулып жүрген ұстаз.

— Осы жыл Жастар жылы деп аталып жатыр. Одан хабарыңыз бар шығар. Өмірде еңбекпен шыңдалған ардагер құрылысшы, отбасында ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана ретінде жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

— Ең бірінші кезекте сіңлілерім мен қыздарыма айтарым, қыз балаға тән инабатты, ибалы болып, ата-ананы сыйлай біліңдер дер едім. Бүгінгі қыз бала-ертеңгі отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиелеп өсіретін ана болатынын естен шығармағаны дұрыс. Сондықтан қыздар отбасы тәрбиесіне құлақ асып, адамгершілік тұрғысындағы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, алдындағы аналардың өнегелі жолынан адаспаулары керек.

Ал мамандық таңдау мәселесіне келетін болсақ, оның негізі білімге тірелетіні белгілі. Сол үшін әркім өзінің біліміне, қарым-қабілетіне қарай мамандық таңдауы қажет-ақ. Қазіргі жастардың білімді болуын заманның өзі талап етіп отыр. Баяғыдай емес, қазір компьютермен жұмыс жасайтын кез. Компьютердің кілті — ағылшын тілінде. Сол үшін тіл білу керек. Әсіресе, қазір ағылшын тілінің заманы туып отыр. Тіл білмеген адам шетел компанияларында, компьютерде жұмыс жасай алмайды. Яғни тіл білмесең, қазіргі технологияны меңгеру қиын болады. Жастар «жұмыс жоқ» деп жүре бермей, кәсіпкерлікпен айналысқаны жөн. Елбасының тапсырмасы бойынша кәсіпкер боламын деушілерге қолдау жасалып, мол мүмкіндік туып отыр. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеу керек деп ойлаймын.

Сөзімнің соңында әйелдер және амал мерекесі құтты болып, әрбір отбасының берекесі арта бергей, ұл-қыздарымыз аман, дендері сау болғай! Заманымыз тыныш, қуанышымыз көп бола бергей деп тілеймін.

— Рахмет! Өзіңізге де бар жақсылықты тілейміз. Ұл-қыздарыңыздың қызығын көре бергейсіз!

Сұхбаттасқан Кәрісбай ӘДІЛ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз