Маңғыстаулық дзюдошы Руслан Мұсаев Парижде өткен Grand Slam жарысында сәтті өнер көрсетті. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы әлемдік додасы. Олимпиадалық ұпайлар берілетін жарыста Руслан 360 ұпай еншілеген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының аға бапкері Айбек Имашев хабарлады.

Маңғыстаулық дзюдошы халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті

Франциядағы сайыста 97 елден келген 570 спортшы бақ сынаған. Еліміздің алдыңғы қатарлы 12 палуаны қатысты. Рио Олимпиадасының жүлдегері Елдос Сметов пен Ислам Бозбаев күміс жүлде иеленді.

«Руслан чехиялық Джаромир Мусилді, австриялық Шамил Воршашвилиді, испан Уркуиз Соланды, және 81 келі салмақтағы қазіргі әлем чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері ирандық Самд Молаиды таза жеңді. Финалға жолдама алар кездесуде израильдық Сака Мукиға жеңілді. Қолаға таласта да ресейлік Алан Хубецовқа есе жіберіп алды. Бірақ Руслан өте мықты спортшы. Бұйырса 2020 жылы Токио олимпиадасында үміт күтетін жастарымыздың бірі», — дейді жаттықтырушы Айбек Имашев.

Маңғыстаулық дзюдошы халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті

Руслан Мұсаев 23 жасқа дейінгі ҚР чемпионы, ересектер арасында ел чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа кубогының қола, Азия кубогының күміс жүлдегері. Бұған дейін 73 келіде сынға түсіп жүрген 21 жастағы палуан 81 келіге жақында ауысқан. Бапкерлері – Әділ Бисенқұлы мен Айбек Имашев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз