Еліміздегі ауылдардың әлеуметтік, экономикалық жағдайын дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Халық санының басым бағыты осы ауылдық жерлерде шоғырланғанын ескерсек, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – маңызды міндет. Оған Елбасымыздан бастап өңір басшылары ауқымды жұмыстар атқаруда. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Президентіміздің Жолдауында айтылған агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыруда үкіметке тапсырылған бірқатар жүктемелер де ауылда кәсіпкерлікті дамытып, жұмыс күшін арттырып, тіршілік көзін бір жүйеге келтіруде маңызды қадам болмақ. Одан бөлек әкімдердің бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, қарамағындағы халықпен жақсы қарым-қатынаста жұмыс жасай алуы үшін де бірқатар жобалар әзірленіп, іске асырылуда. Соның бірі – Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Ауылды бірлесе дамыту» жобасы. Аталған жоба аясында жақында Ақтау қаласында «Көпшілік алдында сөйлеу және презентация жасау дағдылары» тақырыбында тренинг өтті. Оған Мұнайлы ауданы, Ақшұқыр, Форт-Шевченко қаласы, Қызылөзен, Сайын Шапағатов және Баутино елді мекенінің әкімдері қатысты. Көпшілік алдында сөйлеу бойынша тәжірибелі тренер А.Төлешованың жүргізуімен өткен кездесуде бірқатар мәселелердің шешу жолдары қарастырылып, басшылардың көпшілік алдында сөйлеу дағдылары кеңінен түсіндірілді.

Жоғарыда аталған жоба бойынша толық айта кетсек, жергілікті қауымдастық мүшелерінің жә­не әкімдік қызметкерлерінің әлеуетін арт­тыру арқылы ауылдарда азаматтардың жә­не үкіметтік емес ұйымдардың жергілікті өзін-­өзі басқару процесіндегі рөлін күшей­туге арналған бұл бастама жергілікті өзін­-өзі дамытуға бірлесе ықпал етуге бағытталған. 2017 жылдың наурыз айынан басталған шараға бүгінгі таңда Мұнайлы және Түпқа­раған аудандарынан барлығы 13 ауыл қатыс­тырылуда.

Өткен жылы ауыл әкімдерінің өз дербес бюджеті енгізілген болатын. Осы орайда олар енгізілген бюджетті жергілікті қауымдастық мүшелерімен бірлесе жоспарлап, аудандық экономика және қаржы бөлімімен келісе оты­рып, жергілікті және республикалық деңгей­дегі мемлекеттік бағдарламаларға қатыса ала­ды. Аталған өзгерістер ауыл басшыларынан көпшілік алдында сөз сөйлеу, презентация өткізу, жобаларын құзыретті органдар алдын­да қорғау, өз ауылының тұрғындары алдын­да есептік кездесулер өткізу дағдыларының болуын талап етеді. Сондықтан бұл тұрғыда «Ауылды бірлесе дамыту! Жергілікті өзін­-өзі басқаруға бірлесе ықпал ету» жобасы көмекке келмек.

«Осы жоба аясында біз жергілікті қо­ғамдастық пен әкімдермен бірлесіп әр ауылдың даму жоспарын жасақтаудамыз. Былтырғы жылдан бастап әрбір ауылдар­да дербес бюджет енгізілгенін барлығымыз білеміз. Дербес бюджет дегеніміз – жергілік­ті салықтардан келіп түсетін қаржы. Ендігі жерде сол бюджеттің пайдалы мақсатта жұм­салуы әкімдерге тікелей байланысты. Осы тұрғыдан біз оларға көмек қолын созудамыз. Сондай­-ақ  ол  бюджеттің  қалай және қайда жұмсалғаны туралы ақпаратты дұрыс жеткізе білу, халықпен жақсы қарым-­қатынас орната­тын шараларды ұйымдастыру бағытындағы бірқатар дағдыларды үйретеміз. Бір сөзбен айтқанда, біз қоғамдық ұйым ретінде ауыл әкімдеріне көмек көрсетуді көздеп отырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, аты аталған жобаға қатысып жатқан елді мекендердің жергілік­ті өзін­-өзі басқаруын жақсартуға ықпал ету мақсатында облыстық және аудандық жұмыс тобы құрылды. Атап айтар болсақ, бірінші топ құрамында экономика және қаржы сұрақтары бойынша облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, аймақтық эксперттер және жоба директоры кірістірілді, ал екінші топ бойынша аймақтық эксперт, жергілікті қауымдастық мүшелері, ҮЕҰ­-ның ресурс орталықтарының басшылары қатыстырылуда», – дейді «Маңғыстау об­лыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметова.

Сонымен қатар қазіргі таңда 13 ауылдың өзекті мәселелері ескеріліп, оны жою үшін арнайы даму жоспары жасақталған. Мәселен, онда көрсетілген жергілікті қиындықтардың бірі – жұмыссыздық. Осы бойынша тұрғын­дарға жаңа жұмыс орындарын ашу үшін кәсіпкерлікті қолға алып, оған қаржылық қолдау көрсетілген. Соның арқасында бүгінгі таңда 8 кәсіпкер бастаған істерін сәтті жүр­гізуде. Бұл жұмыссыздықты түбегейлі шеш­песе де, жұмыссыздық санын азайтуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Жалпы ауылдық жерлерде күрмеуі шешіл­меген түйінді мәселелер өте көп. Сөзімізге тұздық ретінде алысқа бармай-­ақ, Ақшұқыр елді мекенін тілге тиек етсек, 10 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың қазіргі басты мәселесі – жаңа жер орындарына қоныстанған халық­тың газбен, тоқпен қамтамасыз етілмегендігі. Бұл мәселені шешу қаржыға кептірелетіні бе­сенеден белгілі. Сондықтан бұл ретте жарық пен жылуға зәру халықтың тек күткеннен басқа амалы жоқ.

«Бұрын әкімшілікке өз сұрағымен күніне 10 адам келетін болса, соның 8-­і жер сұрап келетін еді. Ол жерлер сұраған адамдарға берілді. Ендігі жағдай тіптен өзгерді. Қазір сол он адамның жетеуі алған жеріне газ, тоқ тарту мәселесімен келеді. Ол жерлер­ге инфрақұрылым тартылу үшін алдымен жоба жасақталу керек. Оны іске асыру 3 жыл уақытты алады. Оған біршама қаражат керек. Дегенмен қазіргі таңда 1424 участокке тоқ, 899 участокке газ тартуға жоба жасақталып тұр. Бірақ ол шамамен 700–800 миллиардтай қаражатты талап етеді. Жергілікті бюджетте ондай қаражат жоқ. Республикалық бюджет­тен сұралады. Сондықтан бұл мәселе  кідіріп тұр», – дейді Ақшұқыр ауылының әкімі Айсағали Нұғыманов.

Одан бөлек ауылда 10 мыңнан астам адамға тек 2 учаскелік полиция қызмет көрсетеді екен. Осы мәселені шешу үшін қызметкерлердің санын арттыру көзделіп отырғандығын айт­ты әкім. Ауылда қылмыстық ахуал жыл са­йын азайып келеді. Мәселен, 2017 жылы 89 қылмыс тіркелсе, 2018 жылы ол көрсеткіш 22­-ге азайған. Соңғы уақытта еліміздегі қайғылы оқиғалардан кейін көп балалы аналардың баспана мәселесі, жәрдемақысының аздығы талқыға түсуде. Бұл ауыл әкімдеріне де ті­келей қатысты. Мысалы, Ақшұқыр әкімінің айтуы бойынша ауылда баспанасы жоқ 900 жалғызбасты көп балалы аналар бар екен. Олардың кейбіреуі туыстарының үйінде, ен­ді бірі жалдамалы баспанада тұрып жатыр. Осы мәселені шешу үшін ауыл әкімі жеке кәсіпкерлерден көмек күтіп отырғанын, одан бөлек көп балалы аналарға арнап үй салуға жоғары жақтан қаражат сұрап отырғанын айтты.

Ауылдың бұдан басқа да өзекті тақырыпта­ры шаш етектен. Алайда жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын ескерсек, жоғарыда аталып өткен жобалардың қоғамға бір пайда­сы тиіп қалар деген үміттеміз.

Айгүл ОРЫНБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз