Қуанар Базарбаев

Кеше Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың қатысуымен өткен аппарат жиынында су тасқыны мен өрт қауіпсіздігі ережелерін қамтамасыз ету және өңірдегі халық санын ескере отырып алдағы санаққа дайындық жұмыстары талқыланды.

Соңғы екі жылдықта Маңғыстау облысының аумағында еріген қар, нөсер жауыннан су басу жағдайлары орын алмаған. Сондай-­ақ көктем мезгілін­дегі ауа райының апаттық жағдайды болдырмау үшін өңірде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Бұл туралы облыстық ТЖД басшысы Қуанар Базарбаев айтты.

«Су ресурстары комитетінің ақпа­ратына сәйкес Маңғыстау облысының аумағында 13 иесіз гидротехникалық құрылыс ауыл шаруашылығының қажеттілігіне арналған. Өңірдегі су тоғандары жаңбырдың салдарынан толады. Дегенмен олардан халық­қа келетін қауіп жоқ. Қазіргі таңда Маңғыстау ауданы, Жармыш ауы­лының аумағында орналасқан «Са­рықабақ» су қоймасын осы ауыл әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру жұмыстары жүргізілуде. Қала және аудан әкімшіліктері тарапынан гидротехникалық нысандарды таза­лау жұмыстары жүргізіледі. Автокө­лік және теміржолдардағы барлық құбырлар мен көпірлер қарғын суын өткізуге толықтай дайын және көктем кезіндегі қарғын су басу жағдайларын болдырмауға да дайынбыз», – деді.

Облыс әкімі осы тұста Бейнеу ау­данындағы су тасқынының алдын алу жұмыстарына назар аударды. Өз кезегінде аудан әкімі жауын­-шашын­нан жиналған су қорының ауыл ша­руашылығының игілігіне жұмсалу мақсатында арнайы қауіпсіздік бөгеті салынғанын айтты.

Сонымен қатар ТЖД басшысы аза­маттық қорғау мемлекеттік жүйесін дамыту бойынша облыс әкіміне Ақ­тау қаласында судан құтқару стан­циясының құрылысын салу, қаладағы жоғарғы шағынаудандарда өрт сөндіру бөлімінің құрылысын салу, Жетібай және Теңге ауылдарындағы өрт сөндіру бөлімдеріне күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған ауданда­рындағы өрт сөндіру бекеттерін қар­жыландыруды қарастыру бойынша бірнеше ұсынысын жеткізді.

Облыста қазіргі таңда халық саны 678 224­-ке жетіп отыр. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің басшысы Римма Фатихқызы айтты.

«Былтыр облыс бойынша 19 872 бала өмірге келді. Оның ішінде Ақтау қаласы – 6249, Жаңаөзен – 4368, Бейнеу – 1881, Қарақия – 1035, Мұнайлы – 4357, Түпқараған – 873, Маңғыстау ауданы 1106 сәби дүниеге келді. Бүгінгі таңда қала халқы 39,9%-­ды, ауыл 60,1%-­ды құрап отыр. Сонымен қатар биыл облыс бойынша халық санының 2,9%-­ға өскендігі байқалады», – деді департамент бас­шысы.

Қазіргі таңда облыстық статисти­калық мәліметке сәйкес Ақтау қаласында  –  187 500,  Жаңаөзенде – 151 090, Бейнеуде  – 69 588, Қарақия­да – 37 634, Мұнайлыда – 161 392, Түпқарағанда  –  31 789, Маңғыстау ауданында 39 132 халық тұрады. Осы орайда аппарат жиынында облыс басшысы халық санағына байланыс­ты айтылған ақпараттарды тағы бір пысықтап, өзге мемлекеттен келген­ кеткен азаматтардың санын қайтадан нақтылауды арнайы құзырлы орган басшыларына тапсырды. Сонымен қатар қызметкерлеріне жақында өз­геріске енген ауыл атауларын қайта қарап, алдағы сайлауға дайындықты бастау туралы тапсырма берді.

Айгүл ОРЫНБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз