Астана – армандар орындалатын қала. Осында арман қуып келген мектеп түлектері жоғары оқу орнында білім алып жатса, мамандықты меңгерген жастар табыс кілтін тауып, еңбек етіп жүр. Еліміздің айбыны асқақ астанасында ЭКСПО көрмесінің өткізілуі жастарымызға жігер беріп, алға ұмтылуына, білімді, зерделі болуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Мен биылғы еңбек демалысымда Астана қаласына келуді, ЭКСПО көрмесін тамашалуды жоспарлаған едім. Міне, ойға алған арманым орындалып, достарыммен бірге көрменің алғашқы ашылу салтанатына қатысып, бізге таңсық әртүрлі мемлекеттермен таныстым. Билетті осы қалашықтағы кассадан сатып алдық. Билеттің бағасы жұмыс күндері 4 мың теңге болса, демалыс күндері 6 мың теңгеден сатылады. Мұнда Ұлттық павильонды аралауға шамамен 3-4 сағаттай уақыт кетті. Бұл нысан – техника мен ғылым қарыштап дамыған заманның көшіне ілескеніміздің, бәсекеге қабілетті мемлекет екеніміздің, дамыған елдермен иық тірестіре алатынымыздың көрінісі. Бірқатар шет мемлекеттердің павильондарын аралағынымда, Германияның әлемі маған қатты әсер етті. Бұл дамыған елде жасалатын велосипед, мотоцикл, машина сынды көліктердің құрастырылу технологиясымен таныстым. Әр мемлекет үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен келгені көрініп тұр.

Алдағы уақытта барлық мемлекеттің мүмкіндіктерімен танысуды жоспарлап отырмын. Ауылға барғаннан кейін ағайын- туыстармен, достарыммен алған әсеріммен бөлісемін.

Самат ҚЫЛЫШБАЙ,
Маңғыстау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің инспекторы.

Еліміздің бас қаласында ерекше сән-салтанатымен, әсем сәулетімен сайын даланың сұлулығын айшықтай түскен ЭКСПО қалашығы бой көтерді. Осынау маңызды халықаралық көрмеге елімізден, шет мемлекеттерден қызығушылық танытқан туристер ағылып келіп жатыр.

Маңғыстаулықтар ЭКСПО-дан қандай әсер алды?

Көрме ашылған алғашқы күннің өзінде мемлекеттердің павильондарының алдында ұзын-сонар кезек болды.  Жан-жақтан жиналған туристер әртүрлі елдердің тұрмыс салтына, мәдениетіне, құндылықтарына қызығып, таңданыс білдіріп жатыр. Байқағанымдай, әр мемлекет өзінің даму бағытын көрсетіп, тың тәжірибелерімен бөлісуде. Мәселен, Дубай мемлекеті 2020 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу мәртебесіне ие болған. Бұл ел келушілерге бір жыл бойы жалғасатын көрмеде қандай жобалар ұсынылатынын, қандай шаралар өткізетінін таныстырды. Басқа мемлекеттер де шама- шарқы жеткенше табиғи байлықтарын, тарихи орындарын, көрікті жерлерін таныстырып, өз елдерінің мүмкіндіктерін паш етуде.

        Лепес БЕКЖАНОВ,

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

 

Еліміздің бас қаласында бұрын бірнеше рет болсам да, осы жолғы келуімнің жөні бөлек. Жер- жаһанның назарындағы «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысуға, мұндағы мәдени шараларды тамашалауға, әлемнің елдерімен етене танысуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын.

Маңғыстаулықтар ЭКСПО-дан қандай әсер алды?

Түпқараған ауданынан келген бір топ ардагер алғашқы күні Астананың көрікті де әсем жерлерін араладық. Саяхатымыздың екінші күнінде ЭКСПО қалашығында Ұлттық павильонның ішін көріп, көркемділігіне, әдемілігіне тамсанып, көңіліміз сүйсінді. Әлемдік өркениетке көш түзеген  мемлекетіміздің алға ұмтылысының, жан- жақты ізденгендігінің, күш- қайратының жемісін көрдік. Шет мемлекеттердің мәдениетін, салт- дәстүрін, жалпы жаңалықтарын бұрын теледидар арқылы ғана көрсек, бүгінде өз көзімізбен көріп отырмыз. Түркия, Әзірбайжан, Жапония, АҚШ, Англия,Франция мемлекеттерінің павильонында болдым. Бірі- бірінен асып түседі. Көрмеге қатысып жатқан осы және өзге де мемлекеттердің біздің елде өтіп жатқан көрмеге қатысуы, өзін-өзі таныстыруының өзі – Қазақстанға деген құрметінің, Елбасы Н.Назарбаев қалыптастырған саяси беделіміздің көрінісі деп білемін.

Мұнда келушілерге жол нұсқап, бағыт- бағдар беріп тұрған ерікті жастарымыз да қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген екен. Әрбір павильонның жанында демалып отыратын орындар, тамақ ішетін дүңгіршіктер де бар. Келушілерге барлық жағдай жасалыпты. Жергілікті жұртшылық та, шетелдерден келген меймандар да көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына оң бағасын беріп жатыр. Осындай өзгеріс, даму, ілгерілеу  еліміздің жарқын болашағына жол ашады деген сенімдемін.

Аманғали КҮЗЕМБАЕВ,

Түпқараған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз