«Егер біз Астанадағыдай көрмені ұйымдастыруға 3 млрд доллар жұмсасақ, мені тірідей өртеп жіберер еді». Бішкекте «Таза коом» форумы аясында БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев осылай деді. 

 «Біз дамыған елдер көшінен қалмауымыз керек. Теңсіздіктің неше түрі бар, соның ішінде елдер арасында. Солардың бірі – сандық, яғни дамушы елдердің сандық технологияларды дамытудан артта қалып қойғаны. Бізде мұнай да, газ да жоқ, алайда мықты азаматтық қоғам бар және біз тек солармен ғана мұнай мен газдың орнын толтыра аламыз. Бұл біздің мүмкіндігіміз», — деді ол.

Президент қырғыз елінде әзірге қаржы жоқ екенін мойындады. Мысал ретінде ол Астанада бір ғана көрмені ұйымдастыруға 3 млрд доллар жұмсалғанын атап өтті.

«Жолға деп миллиард кредит алсаң, соның өзіне зар еңірейді. Өткен жылы 30 млн долларға екінші Көшпенділер ойынын өткіздік. Ақша грант түрінде болған еді, соның өзінде қаншама шу болды? Егер біз көрмені ұйымдастыруға 3 млрд доллар жұмсасақ, мені тірідей өртеп жіберер еді. Бірақ біз үнемі қаржыдан шектелген ел болып қалмауымыз керек. Елімізді қаржы жағынан бай етудің көзін табуымыз керек. Біз мұнай мен газдың орнын адам әлеуетімен толтырамыз», — деп түйіндеді ол.

Айта кетсек, «Астана ЭКСПО»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық көрмені салуға және түрлі шараларды өткізуге 400 млрд теңге немесе 1 млрд 300 млн доллар жұмсалғанын айтқан болатын.

Дереккөз: Baq.kz 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз