жүктілік

Маңғыстау облысы перинаталдық орталығының акушері Анар Кенжебекова жүкті әйелді жол бойындағы дәмханада босандырып, шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалды.

2016 жылдың күзінде Анар кезекшілікке түскен күні Жаңаөзен қаласынан қоңырау шалынды. Санитарлық авиация өкілдері перзентхана қызметкеріне кеншілер қаласынан Ақтауға қарай автокөлікпен жақын арада босанатын әйелдің шыққандығын хабарлады. Босану мерзімінен бұрын болатын болғандықтан бала өмірі үшін қауіп төнді. Санавиацияның бригадасы жолға шыққанша уақыт өтіп кететіндіктен, Ақтаудан Анар Кенжебекова бастаған акушерлер тобы жүкті әйелдің қарсы алуға шықты.

«Анар — 21 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі акушер, ол жағдайды бағалай, үнемі тығырықтан шығудың жолын таба алады. Дәрігерлердің таптырмас көмекшісі. Басқа дәрігерлер кезекшіліктерін тастап кете алмағандықтан бұл жолға Анар аттанды», — дейді  Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының директоры Жамал Жаманбаева.

Маңғыстауда акушер жол бойындағы дәмханада әйелді босандырып алды

«Жүкті әйелмен жол бойы телефон арқылы байланыста болдық. Біз оған қалай тыныстау керек, өзін қалай ұстауы керектігі туралы кеңес беріп отырдық. Толғақ жиілеп кеткендіктен, біз оның жақын арада босанатындығын түсініп, жол бойындағы жақын дәмханалардың біріне тоқтауын сұрадық. Кешке қарай ауа райы да салқын, өткір жел соғып тұрған еді. Кішкентай ғана салқынның салдарынан сәби шетінеп кетуі әбден мүмкін. Оған өте білікті маманның көмегі керек болды», — деп, Анар болған оқиғаны еске алады.

Маңғыстауда акушер жол бойындағы дәмханада әйелді босандырып алды

Топ босандыруға керекті жабдықтармен толық алып шыққан (дәрі-дәрмектер, қолғаптар, бір рет пайдаланатын материалдар, антисептиктер, жылы жөргектер және тағы басқалары).

«Біз дәмханаға келгенде жүкті әйелдің босанатын уақыты әбден таяп қалған. Дереу босандыру залын жасап жіберіп, 3 минуттан кейін қыз бала дүниеге келді. Бала да, анасы да аман қалды», — дейді акушер.

Артынша санитарлық авиация да үлгеріп келіп, жас босанған әйел мен нәресте облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді, бірнеше күннен кейін  ана мен бала аман-есен үйіне қайтарылды.
Дереккөз: kazinform.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз