Әлемде мұнайдың бағасы тұрақты өсе бастады. Мамырдың 11-інде Brent маркалы мұнайға шілделік фьючерстер құны барреліне 50,48 долларға дейін, маусымдық — барреліне 47, 60 долларға дейін артты. АҚШ-тың Энергетика министрлігінің мәліметіне сенсек, бұл — мамырдың төртінен бері «қара алтын» бағасының бірінші рет өсуі. 

Мұнай бағасы жайлы үкіметтегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақпаратқа пікір білдірген. «Барлық мұнай өңдейтін елдермен бірге трендте болғымыз келетінін айтамыз. Біз үшін бағаның $50-ден (барреліне) төмендемегені маңызды. Бюджет Brent маркалы мұнайдың $50 бағасын ескеріп есептеледі», — деді ол.

Оның айтуынша, өткен жылы іске қосқан Қашаған кен орны тек осы жылы ғана өндірістік күшін барынша пайдаланады. Ал қазір тәулігіне 140-150 мың баррель мұнай өндіріледі.

«Біз екінші жартыжылдықта Қашағанда 200 мың баррель нақты өндіріледі деп ойлаймыз және жыл аяғына дейін 300 мың баррельге жетіп қалады», —  деді минимстр.

Әлемдегі мұнай бағасы жайлы қаржы сарапшыларының да өз болжамдары бар.

«Эталонды мұнай сорттары соңғы аптада максималды бағамен саудаланып жатыр. Ал  АҚШ-тағы мұнайдың коммерциялық қоры едәуір азайғаны туралы ақпарат тарағаннан бері Brent барреліне 50 доллардан жоғары деңгейде сатылып жатыр», — деді FOREX CLUB сарапшысы Валерий Полховский Росбалт сайтына берген сұхбатында.

Сонымен бірге, ол Қазақпаратқа айтқан пікірінде Brent мұнайының жылдық орташа бағасы 55 доллардың айналасында болатынын және 50-60 доллар аралығынан аспайтынын айтқан. Бірақ сарапшы қазіргідей құбылмалы кезеңде аракідік бағаның қысқа мерзімге 50  доллардан төмен түсіп тұратынын да жасырмады.

Еурокомиссия да барлығын толғандырып отырған мұнай бағасына болжам жасаған.

«Brent маркалы мұнай бағасы барреліне  50-56 доллар диапазонында ауытқиды. Оған өндіруді шектеу және әлемдік қордың өзгеруі туралы жаңалықтарәсер етіп отыруы мүмкін.  Мамырда ОПЕК елдерінің мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімнің мерзімін ұзарту жайлы шешім қабылданса да, фьючерстегі қазіргі баға мұнай бағасының тұрақты болуын жобалайды», — деп атап өтті ЕК.

Интерфакстың хабарлауынша, Алжирдің мұнай министрі Нуреддин Бутарфа мен оның Ирактағы әріптесі  Джаббар аль-Луайби бейсенбі күні ОПЕК мүшелерінің барлығы және олардың картельге кірмейтін серіктестері мұнай өндірісін 2017 жылдың соңына дейін азайту туралы келісімді қолдайтынын айтқан. Келісімді ұзарту туралы шешім мамырдың 25-інде Венада өтетін ОПЕК-тің кезекті отырысында талқыланады.

Сәуірде ОПЕК орташа есеппен тәулігіне 31,73 млн баррель өндірді. Бұл өндірісті қысқартуға келісілген көлемнен әлдеқайда көп.

Дереккөз: 7kun.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз