Биыл теміржолдағы түйінді мәселер тамырын дөп басып, түбірімен шешуге атсалысқан талапшыл азаматтың бірі, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені және «Еңбек ардагері» медалінің  иегері, «Құрметті теміржолшы», теміржолшылар династиясының негізін салушы, тыл ардагері Хаятулла Қашқынбаевтің туғанына —  90 жыл.

Оның ғұмыры торқалы тоқсан жасын тойлауға қысқалық етсе де, есімі ұрпағымен мәңгі жасай бермек. Артына салған өмір жолы мен мұрағатта қалдырған құнды  құжаттары атын әйгілеп, өзгелерге өнеге болмақ. Бұл құжаттар өзі тұрған, еңбек еткен Мұнайлы ауданының мұрағатынан лайықты орын тапқаны. Қазір Х.Қашқынбаевтің ғұмырнамасынан сыр шертер мәліметтер №18 қор – «Халық шаруашылығына еңбек сіңірген қайраткерлердің жеке тектік деректері» тізімінде сақтаулы тұр. 90 жылдық мерейтойына орай, архив әкімшілігі құжаттарын қайта қарап, қызу бір дайындыққа кіріскен.

—   Жеке тектік құжаттар қорына кез келген адамның деректері қабылдана бермейтіні белгілі. Алдымен өзіміз ауданның дамуына еңбегі сіңген, халық үшін қызмет еткен азаматтарды зерделейміз. Десе де облыстық комиссия қайта тексеріп, соңғы шешімді айтады. Бүгінде бұл қорға аудан архиві ашылған 2009 жылдан бері 14 адамның жеке деректері енгізілді. Х.Қашқынбаев құжаттарын 2011 жылы өзі тапсырды. Қазір бізде барлығы 50 қор бойынша 4683 сақтау бірлігі бар болса, оның 3 с.б., 34 құжаты сол кісінің 1947-2010 жылдар аралығындағы деректері. Одан басқа теміржолшылардан тек Қожахмет Уәзірдің 1974-2015 жылдардағы 8 с.б., 29 құжаты қолымызда. Маңғыстау өңірінде, Мұнайлы ауданында, ауданның, облыстың, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосылқан қаншама теміржолшы бар. Әйткенмен архивімізде сақтаулы тек жоғарыда аты аталғандардың жеке мұрағаты ғана.

Қазір Маңғыстау жол бөлімшесінің директоры Нәжімедин Ғұбашов, ардагер теміржолшылар Табылды Әміров, Бекқожа Сәмиевтен өздері туралы ақпараттық жинақтарды сұратудамыз. Архивте тұр деген — тарих үшін сенімді ақпарат көзі бар деген сөз. Күндердің күнінде мәлімет іздеушілер қажет адамның отбасын, жақындарын таппауы да мүмкін. Бірақ архивті табу оңай,-дейді Мұнайлы ауданының мемлекеттік архивінің директоры Тұрсын Тәшенова. Оның сөзінше, мекеме мұрағат материалдары негізінде жеке тұлғалардың мерейтой жылдарын атап өтуді әдетке айналдырыпты. Жеке адамның қордағы деректері бойынша стенд дайындап, көрме жасап, келушілер назарына ұсынады екен. Жасалған көрнекілік материалдары жыл бойына қабырғаға ілулі тұрады. Х.Қашқынбаевтің туған күніне арналған көрме де осы жылдың жоспарында.

Ал, енді Х.Қашқынбаевтің жеке мұрағатында сақталған деректерді сөйлетсек, ол 1927 жыл Маңғыстау түбегінде туылып, 1932-1933 жылдары Түрікменстанға ата-анасымен қоныс аударыпты. Сол жерде қазақ-түрікмен колхозы құрылып, 1937 жылы колхоз тараған соң, Гаурс деген жерге көшеді. Ол 4 сыныптық бастауыш орыс мектебін бітіріп, еңбекке араласады. Жұмысты совхозда мал айдаушы болып бастап, кейінінен теміржолға келеді.

Ұлы Отан соғысы жылдары, 1944-45 жылдарда Ашхабат теміржолында жұмыс жасайды. Тарихи Отанына оралып, 1959-1961 жылдары Алматы қаласы, Отар станциясындағы теміржол мекемесінде механик болып, 1961-1965 жылдары станция Шамалғанға ауысады. 1965 жылдың тамыз айында жұмыс барысымен кіндік қаны тамған Маңғыстауға оралып, Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының алғашқы кірпішін қаласады. Дистанцияның іргесін салысқан  электромеханик.

Содан кейінгі жылдары «Жетібай – Өзен» темір жолында аға механик, Маңғыстау (Маңғышлақ) станциясындағы белгі беру және байланыс бөлімшесінде байланыс диспетчері қызметтерінде болған. Дистанцияда 28 жыл табан аудармай жұмыс жасап, 1987 жылы зейнеткерлікке шығады. Зейнетке шығып та өз жұмысынан қолүзіп кетпейді, тағы бірнеше жыл жұмысқа қалады. Осылайша ол өзіне берілген өлшеулі уақыттың 40 жылдан астамын темір жолға сарп етеді. «Құрметті теміржолшы» атанады.

Сондай-ақ, Ашхабат темір жолы басқармасынан 1951 жылы «Сталиндік  шақырудың озаты», Жол қатынастары  министрлігінен «Социалистік жарыстың  үздігі», Социалистік жарыста өндірістегі жоғарғы көрсеткіші үшін берілген «Үздік электромеханик», «1973 жылы «Социалистік  жарыстың  жеңімпазы», «IX бесжылдықтың озаты», ҚР Президентінің атынан берілген «Қазақстан темір жолына-100 жыл», Ұлы  Отан  соғысындағы  Жеңіске  60,65,70 жыл, «ҚТЖ» ҰҚ АҚ Президентінің Жарлығымен «Біртұтас Қазақ темір жолына-50 жыл» төсбелгі, медальдарының, бірнеше Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегері.

Сонымен қатар ол, Қазақстан теміржол шаруашылығына өз отбасынан бірнеше теміржолшыны өсіріп-өндірген іргелі шаңырақтың бастауы. Жұбайы Карадже Бекетаевамен 10 бала өсіріп, барлығын қоғамға қажетті азамат қылып тәрбиелеген қамқор әке. «Әке көрген оқ жонар» демекші, 3 қыз, 5 ұлы әкенің жолымен жүруді таңдайды. Бүгінде олардың зейнетке шыққандары да, жұмыста жүргендері де бар. Атасы бастаған теміржолшылар керуенін немерелер де жалғастыруда. Соның бірі Ақмаралдың қазір Х.Қашқынбаев тапжылмай 28 жыл жұмыс жасаған дистанцияда электромеханик болып жүргеніне 15 жылға жуықтапты. Дистанцияда Ақмарал ғана емес, теміржол тарланынан тараған 7 ұл, 3 қыздың ішінде ортаншысы Алтынай Хаятуллақызы да 26 жылдан бері есеп бөлімінде. Қазір бас есепші. Қызын қасына шақырып, бір ұжымда бір династияның толығуына түрткі болған әкесі деседі.

—  Есепші мамандығы бойынша техникумды, жоғары оқу орнын бітіріп,  Жетібай кентіне жұмысқа қатынайтынмын. Бірде әкем өз мекемесіндегі есеп бөліміне маман іздеп жатқанын айтты. «Қолыңнан келе ме, алып кете аласың ба?», -деді. 1991 жылы еді бұл. Онда өзі  байланыс бойынша аға диспетчер.  Бір мекемеде демесек, екеуміздің міндетіміз екі бөлек. Дегенмен мені бастапқыда өзі қатаң бақылап жүрді. Жұмыстан келгеннен сұрақтарын жаудыратын. Бірге бір жылдай жұмыстас болдық. 1992 жылдан бастап демалысқа қалды.

Қатал мінезді болмаса да тәртіпке келгенде талапшыл еді. Ата-анасы ерте, шамамен 40-45 жастарында дүниеден өтіп, екі інісімен жетімдіктің зардабын көре жүріп жетілген. Айтуынша мал дәрігері мамандығы бойынша техникумға оқуға түсіпті. Артындағы бауырларын жеткізу үшін оқуын тастауға мәжбүр болған. Буыны қатпай жұмысқа шығып, інілеріне қарайласады. Сондай қиындықтардан өткен кісінің өнегесімен өсіп-өндік. Анамыз да I дәрежелі «Ана даңқы» орденінің, «Батыр ана» наградасының иегері. Әкеміз жасымыз қаншаға келсе де үнемі ақылын беріп, татулыққа шақырудан жалықпайтын. Жат жұрттан елге келгенде үйсіз-күйсіз жүрген туысына әкесінің бауыры Дарханбай Қашқынбаевтың үйін паналатып, қарайласқанын, көрген жақсылықтарын мысал ететін. Бізді де соған үндейтін.

«Өз мамандығын жанындай сүйді. Ақтық демі таусылар сәтте «Маған осындай өмір бергеніне, осындай халықпен тұрғаныма, осындай адамдармен жұмыс жасағаныма Аллаға ризамын…Үлкенді сыйлаңдар, ұлағатты әулет болыңдар…»,- деп өсиет етіп, өткен жылдың жазында бақиға аттанып кете барды.

Қазақ артында қалған ұрпағымен мақтанады демеуші ме еді. Әкем бұл тұрғыдан бақытты деуге болады. Немерелері Мақсат, Гүлмира, Көмек, Эльмира, Дидар, Дина, Данияр, Абылайхан, Ақмарал, Азамат, Айжан, Нұржан, Ақерке, Жанерке, Гауһар, Маржан, Ержан, Гүлназ, Айдар, Жансая, Қайсар, Мадиярды мақтанышпен тілге алып, шөберелері Бекзат, Сымбат, Әлібек, Арай, Ерболат, Махамбет, Ердаулет және Мадиярдың алақанынан су ішті,-дейді қызы. А.Қашқынбаеваның ұлы Еламан да теміржолшы болуға үміткерлердің бірі. Оқуын бітіріп, жұмысқа тұруға ниеттеніп жүр.

Жалпы, Қашқынбаевтар династиясы болат жол саласына 300 жылдан астам еңбек сіңіріпті. Әулеттің үлкен ұлы Бердібай Хаятуллаев, Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясында 31 жыл, Бердіғали Хаятуллаев жол дистанциясында 18 жыл тер төксе, Қашқынбаевтардың өзге өкілдерінің теміржолдағы еңбек өтілі: Жұмағали Хаятуллаев — 34 жыл,  Нұрғали Хаятуллаев — 20 жыл, Нұрсәуле Хаятуллаева — 35 жыл, Алтынай Қашқынбаева — 26 жыл, Күмісай Қашқынбаева — 4 жыл, Жаңабек Қашқынбаев 3 — жыл, келіндерінен Бибіхан Тлешова — 39 жыл, Сара Аманова — 11 жыл, Нұрзипа  Жукеева — 39 жыл, немересі Ақмарал — 14 жыл, Дидар — 1 жыл, Гүлмира — 7 жыл. Куйеу балаларынан да теміржолшылары бар. Оразбай Құрманов Атырау теміржолының электрмен қамту мекемесінен зейнеткерлікке шықса, Жаңбыр Күлчиков дистанцияда электромонтер болған.

Бұл жанұяның тағы бір ерекшелігі — отбасының 6 перзенті де бір дистанцияның өткені мен болашағы жолында күш-жігерін жұмсады, жұмсап жүр. Сондай-ақ теміржолшы ұлдардың барлығында бірдей мамандық — электромеханик.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз