«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіреді. Жоба елдің түрлі аумақтарындағы жұмыс күшінің тең бөлінісін қамтамасыз етуді, еңбек күші мол өңірлерден кадр тапшылығы сезілетін, түрлі өндіріс орындары мол аймақтарға жас мамандарды тартуды көздейді. Жобаға қатысушылардың әлеуметтік мәселелері толық шешімін тапқан. Атап айтқанда, ЖОО түскен шәкірттер жатақханамен қамтылады, шәкіртақы, жолақысы төленеді және оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыспен қамтылады. Ал, колледждерге түскен шәкірттер жатақханамен қамтылады, асханадан 3 мезгіл тегін тамақтанады, шәкіртақы, жолақысы төленеді және 1 мезгіл қысқы киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.

Түлектердің «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша еліміздің 9 аумағында орналасқан 19 жоғары оқу орны мен 36 колледжге оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Бірақ, грант иегері атану үшін талапкер Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғыны болуы шарт.

Бүгінгі таңда, жоба аясында жоғары білім алып жатырған жастар біздің қаламыздан да бар. Нақты мәліметтерді айта кетсек, 2014-2015 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп бітіруші 22 түлек (облыс бойынша 208 түлек) «Серпін» бағдарламасы бойынша грантқа түсті. Оның ішінде, 10 оқушы физика, тарих, шетел тілі, қазақ тілі, әдебиеті, информатика, бастауыш сынып мұғалімдері мамандықтары бойынша оқуға түссе, қалғандары техникалық мамандықтар бойынша білім алуда. Ал, 2015-2016 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп бітіруші 18 түлек «Серпін» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнына грантқа түсті. Оның ішінде физика, география, дефектология, математика, компьютерлік модельдеу мамандықтары бойынша 5 оқушы, қалғаны техникалық, ветеринария мамандықтары бойынша білім алуда.

Тәттімбет Жұмалиев
Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз