8 мамыр. Күннің екінші жартысы. Құланды ипподромы. Ипподром іші Жеңіс мерекесіне орай әдемілеп безендірілген. «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!», «Ат – ердің қанаты, Ер – елдің панасы» деген сияқты жалынды да қанатты сөздер жазылған көрнекті, көркем суреттер салынған түрлі-түсті баннерлер ипподром көркін айшықтай түскен. Бұл жерге жұрт көптеп жиналған. Олардың бәрі аттың құлағында ойнайтын шабандоздардың өнерлерін тамашалауға келгендер. Себебі, шабандоздардың ішінде Жаңаөзен қаласынан тыс Ақтау қаласы мен Бейнеу, Түпқараған, Қарағия, Мұнайлы, Маңғыстау аудандарынан келген ұлттық ат спортының небір майталман шеберлері бар.
Қазақта «Ат – ердің қанаты» деген даналық сөз бар. Сол ерлердің біздің қазақтың ішінен өте көп шыққаны ақиқат.

Ат – қазақтың қанаты

Өйткені, осыншама ұланғайыр жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған ертедегі батыр ата-бабаларымыздың негізгі күш көлігі, яғни ең басты әскери техникасы – осы тұлпарлар болған. Жесең ет, ішсең шипалы қымыз, мінсең көлік болғандықтан жылқыны қазақ ұлттық мақтанышымыз деп қастерлеген. Киелі қанатымыз деп аялаған. Дұрысында да, солай. Дегенмен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы жылқыға деген қазақы көзқарас әлсірей бастағаны белгілі. Өйткені, желден жүйрік шетелдік автокөліктер көбейіп, жылқыға қажеттілік азайып, басынан бағы тая бастады. Әйтсе де, ел арасындағы ұлттық ар-намысы биік, жылқыға жаны құмар ағаларымыз бен заманы қатар азаматтарымыз ата-баба салтын аяқасты етпеу үшін намысқа тырысып бақты. Мемлекеттік нақты қолдау болмағандықтан жекенің қолындағы жылқылардың жағдайы жақсармады. Сонда дағы небір жүйрік сәйгүліктерді бейбіт мақсаттарға пайдаланып, ұлттық спорт ойындарының беделін арттырып, мерейін өсіріп, мәртебесін көтеру жолында киелі мекенде соңғы он жылдың көлемінде көптеген игілікті істер атқарылып, өз нәтижесін бере бастады. Көптеген шабандоз жігіттер өсіп жетіліп, ұлттық ат спорты ойындарының түрін көбейтуде. Мысалы, бұрын бәйгемен ғана шектеліп келген маңғыстаулық шабандоздар ат құлағында ойнап, көкпар тарту, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, ат үстінде отырып жамбы ату, садақ тарту сияқты ұлттық ойындарды меңгере бастады. Бірқатар ойын түрлерінен республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрсе, енді бірқатарынан әлі тәжірибе жинап үлгере алмай жатыр. Жалпы ат ойындарына қызығушылардың қатары қазіргі жастар арасынан қаулап өсіп, жетілісіп келе жатқанына қуанасың.

Ат – қазақтың қанаты

Бұл Құланды ипподромындағы осынау мерекелік шараны Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» ААҚ-тың демеушілігімен осы ипподроидағы «Арман тұлпарлары» ат спорты федерациясының президенті Орынбасар Құлбековтің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Мерекелік шараның алғашқы күні кешкісін жиналған жұрт Ошақ бәйге, Құнан бәйге, Тай бәйгелері мен Аударыспақ ойындарының бастапқы турларын тамашалады, Көрермендер, әсіресе Аударыспақ ұлттық ойынына қатысып жатқан тепсе темір үзетін жас жігіттермен қатар жасөспірімдердің, яғни мектеп оқушылары арасынан шыққан ат ойындарына қызығатын жас өркендердің өнеріне ризашылықтарын білдіріп, сүйсіне қол соқты. Себебі, қазақ «Талапты ерге нұр жауар» деп осындайдан айтса керек.

Ат – қазақтың қанатыСол күні кешкісін мерекелік дастархан жайылып, ардагерлер мен сырттан келген қонақтарға қонақасы берілді. Аста алғашқы болып сөз алған, өмірінше жылқышы болған, Құланды ауылының ақсақаладары Қайырбай Жорасов, белгілі атбегі Азбан Ыдырысов, жетібайлық атбегі Мектепбай Еламанов ақсақалдар дастархан басына жиналғандарды ұлы мерекемен құттықтап, жастарға ақ баталарын берді. Мұнан кейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев, «ҚМГ» БӨ» ААҚ-тың өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Қуанышбай Нұрғалиевтар құттықтады. Өз кезегімен ортаға шыққан Ақтаудан келген «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры, Маңғыстау облыстық «Азаматтық альянсы заңды тұлғалар бірлестігі» президентінің кеңесшісі Жақсыгүл Махамбетова, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Маңғыстау облыстық филиалының хатшысы Роза Махамбетова, Маңғыстау облыстық «Азаматтық альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің» президенті Жібек Ахметова және Жаңаөзен қалалық «Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райыс Мұқашевалар құттықтап, «Арман тұлпарлары» ат спорты федерациясының президенті Орынбасар Құлбековке тарту таралғыларын тапсырып, қазақтың қасиетті қара домбырасын сыйға тартты.

Ат – қазақтың қанаты9 мамыр – Жеңіс күні. Таңертең қарақұрым халық Құланды ипподромына қарай ағылды. Мерекелік шараны жүргізуші ІсенбайҚалдамановтың даусы жарқын-жарқын естіледі. Әуелеген әсем әуендер жиналған жұртшылықты ерекше сезімге бөлеп, көңіл күйлерін көтере түсуде. Бірін-бірі қызу құттықтап жатқан ауыл, қала тұрғындары белгіленген бағдарлама бойынша жүргізілетін ұлттық ат спорты ойындарын асыға күтуде.
Ат – қазақтың қанатыАударыспақ ойындарының финалдық кездесуіне шыққан жігіттері тағы да өзара күш сынасуға қайта шығып, өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті. Әсіресе, үстеріне қазақтың ұлттық киімдерін киіп, қызғалдақтай құлпырған үш бойжеткен сәйгүліктерін қамшылап, алаңға шыға келгенде сүйсіне қол соқпаған жан болмаған сияқты. Себебі, «Қыз – елдің көркі, гүл – жердің көркі» деп қазақ бекерге айтпаған. Сондықтан әсем бойжеткендер ұлттық киімдер киіп, өз жұптарымен алаңға шыға келгенде бүкіл әлем құлпырып сала бергендей әсерде болдық. Олар қазақтың ұлттық ойыны «Қыз қуу»ға қатысуға келген ақтаулық Татьяна Макаркина, бейнеулік ару Нұрлы Дидар және жергілікті сұлу Орынхан Нұрландар еді. Әрине, бұлардың көрсеткен өнерлері көпшілік қауымның көңілінен шыққаны айқын аңғарылып тұр. Әттең, осындай ұлы мерекелік шараларға, соның ішінде «Қыз қууға» үшеу емес, тіпті 30-да емес, керек болса 300-дей күлімкөздеріміз қатысса көптік етпес еді-ау. Иә, бұл қазірше арман ғана. Бірақ кім біледі, сәті түссе қиялдаған арман-мақсаттардың да лезде орындалып жатуы ғажап емес. Өйткені, сол жерде жиналған жұртты құттықтау үшін мінберге көтерілген Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов сөз арасында жағымды жақсы жаңалықтың құлағын қылтитты. Ол бүгінгі мерекелік шараға демеушілік жасаған «ҚазМұнайГаз» ҰК, «ҚМГ» БӨ» ААҚ, «ӨМГ» ААҚ басшыларына алғыс айта келіп:

Ат – қазақтың қанаты— Қалада ұлттық ат спортын дамыту үшін игілікті істерді қолға алып жатырмыз. Солардың бірі – осы Құланды ипподромын Жаңаөзен қалалық әкімдігінің балансына алу. Сөйтіп біз осындай ұлт үшін, қаракөз жастарымыз үшін жасалуы тиіс жұмыстарды жалғастырып, одан әрі дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеміз, — деп Елубай Жақайұлы ақжолтай жаңалықты жиналған жұртқа жариялады.
Мұнан кейін құттықтауға шыққан «ҚМГ» БӨ» ААҚ-тың өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Қуанышбай Нұрғалиев пен «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Байжанов та қуаттайтындықтарын білдірді.
ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Жастар сыйлығының иегері, әнші Айгүл Қосанова жұп ән шырқап, жұртшылыққа шашу шашты.

Ат – қазақтың қанаты

Халықтың көптен асыға күткен бәйгелері басталып, қиқуға қиқу қосылды. Әуелгі Тоқ бәйгеге 16 жүйрік қосылып, 18 шақырымға шапты. Әрине, қазақтың «Тұлпардан тұлпар озар салыстырса, жүйріктен жүйрік озар жарыстырса» дегеніндей 3 шақырымдық әр айналым сайын шаршы топқа түскен жүйріктердің қатары сирей берді. Бабы келмеген жануарлардың бағы жанбай ізіндегілерге жол беріп жатты. Тек алдыңғы екеуінен басқасы мәре сызығына да жете алмай қалды. Сөйтіп Тоқ бәйгеде межелі мәреге бірінші болып жеткен жаңаөзендік Парахат Қалдамановтың «Марғұлан торысы» иесінің қалтасына 1 миллион теңге сыйлық салды. Біраздан кейін екінші болып Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Бекбол Сүйіндік Есенғалидың аты өтті.
Көрермендердің қиқу салып асыға күткен Аламан бәйгесі мерекенің аяғына қарай келіп жетті. Жалпы Аламан бәйгеге қатысуға 24 сәйгүлік тіркеліпті. Әйтсе де, соның ішінде Аламанға 19-ы қатысты. Аймақ тұрғындарының мінезі тәктес ауа райының құбыла ұйытқуына қарамастан қиқу салған көрермендердің қошаметіне делебесі қозған арғымақтар табан жолға тарысып, гуілдей соққан желмен жарысып, бір-бірімен үзеңгі қағысып, құйрық тістесіп, судай ағып кетіп бара жатты.

Ат – қазақтың қанаты24 шақырымдық қашықтыққа аттың аты, тұлпардың тұлпары шыдап бағады. Нағыз жүйрік сәйгүлік сын сағатта сүрінбей, көз ұшында көрініп, топтан озып, ердің де, елдің де атын шығарып, намысын қорғайды. Сондай сәйгүліктердің бірі, әрі бірегейі Қызыл өзеннен келген Батыр Аралбаеватың «Эделвейс» атты жүйрігі болып шықты. Екінші болып мәреге Сайын Шапағатов ауылынан Хамза деген азаматтың «Сары кездік» тұлпары жетті. Ал үшінші болып жетібайлық Дарханбай Қаңқаевтың «Құс қанат» сәйгүлігі кесіп өтті.
Астанадағы бас мұнайшылардың демеушілігімен «Эделвейс» иесінің әмиянына 1 миллион 500 мың теңге сыйлық салды. Сондай-ақ, ұлттық ат спорты ойындарының барлық түрлері бойынша екінші және үшінші орындарға ие болған жүлдегерлерге тоңазытқыш, теледидар сияқты басқа да қымбат бағалы тұрмыстық бұйымдар табысталды. Осымен жеңіс күніне арналған мерекелік шара өз мәресіне жетті.

Репортажды жүргізген Мұратбай ҰЛЫҚПАН

Ат – қазақтың қанаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз