Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Иранның әскери-теңіз күшінен құралған делегацияны бастап келген Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилумен кездесті.

1

Иран елінің әскери-теңіз күштерінің Каспий флоты Маңғыстау облысына алғаш рет келіп отыр. Үш күннің ішінде екі елдің әскери қызметкерлері тәжірибе алмасып, осылайша әскери-теңіз күштері арасындағы ынтымақтастық нығая түсетін болады.

— Біз бүгін тарихи оқиғаның куәгерлері болып тұрмыз. Иранның әскери-теңіз күштерінің кемесі алғаш рет Маңғыстау облысына келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иран елімен екіжақты қарым-қатынасты бекітуге ерекше назар аударады. Ал, Маңғыстау облысының осы саланы дамытуда атқаратын рөлі зор. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы мен Иран елі арасындағы 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы тауар айналымы 2,5 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 564 мың АҚШ долларын, ал импорт 2 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Біз, өз кезегінде, туризм, мұнай сервис, көлік логистикасы тәрізді салалардағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, кеңіте беретін боламыз, — деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

— Иран елінің әскери-теңіз кемесінің Маңғыстау портына келуі екі ел арасындағы ерекше сенімді көрсетеді. Біз Иран елінің аймақтары мен Маңғыстау облысын одан әрі дамыту үшін ынтымақтастығымыздың барлық әлеуетін пайдалануға дайынбыз. Экономикалық және мәдени салалардағы байланыстарымыз орнатылған, енді Каспий теңізіндегі әскери қауіпсіздігімізді дамытатын боламыз, — деді Иран елінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилу.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

2

000000433