Жуырда Достық үйінде «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасы аясында халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, жеке мәселелерін шешу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, облыстық басқарма басшылары мен мамандары қоғамдық қабылдау өткізді.

Қала тұрғындары үшін өзекті мәселелер – денсау­лық, тұрғын үй, білім, әлеуметтік көмек екені белгілі. Осы салалар бойынша қол ұшын беріп, қолдау мақсатында облыстық білім басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші-­қон полициясы, әкімшілік полициясы және тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бір жерде жиналды. Халықтың көкейінде жүрген түйткілді мәселелерін тыңдап, сауалдары­на жауап қатып, кеңестерін берді.

– Облыс әкімдігі жанында құрылған «Адалдық алаңы» жобалық кеңесі жыл басынан бері қызмет атқарып келеді. Бұл кеңестің мақсаты – халық пен билік арасында алтын көпір болып, халықты толғандырып жүрген мәселелерін билік құлағына жеткізіп, тиімді шешу, тұрмыс­тық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен жою, – деді облыс әкімінің орынба­сары Қаныбек Жұмашев. – Бір мезгілде барлық мәселелердің шешімін табу мүмкін емес. Алайда қоғамдағы проблемалардың жауабын табуға септесетін басқарма, мекемелер осында келіп, халықтың арызын тыңдап, жәрдем беруге әзір. Қо­ғамдық қабылдауда «Әлеуметтік көмек, мүгедектерді әлеу­меттік оңалту бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасылар мемлекеттің шапағатына бөленіп жатыр ма?» деген сынды сауалдар қаралатын болады. Денсаулық сақтау саласындағы дәрігер мен науқас арасындағы қарым­-қатынастан бастап, қым­бат дәрі­-дәрмектермен қамтамасыз ету, ота жасату, квота беру сынды қордаланған мәселелерде көмектесу көзделеді. Тұрғын үй алу мәселесі бойынша халық көп бағ­дарламалардан бейхабар. Мәселен, көп балалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы, бюджеттік мекеме­лерде қызмет ететін тұрғындарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асыры­лады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің де жақсы жобалары бар. Осы жағымды жаңалықтарды қалың бұқараға жеткізу керек. Білім бойынша ақылы оқу, грант сынды мәселелер қарастырылатын бола­ды. «Адалдық алаңы» жобалық кеңесін көпшілікке таныстыру үшін қызметімізді әлеуметтік желілерде, телеарнада көрсе­туді көздеп отырмыз. Онымен қоса қала, аудандарға шығып, сондағы тұрғындарға қоғамдық қабылдау өткізуді жоспарладық.

Сонымен қатар аймақ басшысының орынбасары Қаныбек Бекболатұлының сөзінше облыс әкімінің тапсырмасымен әрбір қала, аудандық әкімдікте «Адалдық алаңы» жобалық кеңесі жұмыс істеуі қажет.

«Бұл кеңестер тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Аудан мен ауылдың халқы көкейтесті мәселелерімен бөлі­сіп, сыбайлас жемқорлықтың фактілері болса, оны да жеткі­зу қажет. Қоғамдық қабылдауды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-­қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойын­ша департаментімен бірлесіп ұйымдастырдық. Халықты кешке дейін қабылдаймыз. Өзім аз ғана уақыт ішінде 15 адамды қабылдап үлгердім. Бұл адамдардың басым бөлігі – ауылдардағы хал-­ахуалға алаңдайды: ауыл, елді мекен­дерде жарықтың жоқтығын, жолдың нашарлығын, мектеп­ке апарар жолға асфальт төселмегенін айтты. Бұл өзекті мәселелерді назарға алдым. Тұрғындар баспана, әлеуметтік көмек, білім, жұмыс мәселелерімен де келді. Мен барлық мәселелерді шешіп береміз деп уәде бере алмаймын. Әрбір мәселені тиімді шешу үшін уақыт керек», – деп түйіндеді сөзін Қаныбек Жұмашев.

Ақтау тұрғындары Достық үйіне келіп, өздерін мазалаған мәселелерін айтты. Басқарма басшылары мен мамандары әрбір тұрғынға уақытын бөліп, егжей-­тегжейлі түсіндірді. Ал шыққан халықты есік алдында күткен еріктілер жеке мәселесі қалай шешілгені бойынша сұрастырып, сауалнама жасап, шығарып салды.

Қоғамдық қабылдау кезінде жалпы 100-­ге жуық сауал түсті.

Ханым ҚУАТ

Суретті түсірген автор