амнистия

Маңғыстау облысында мемлекеттік кірістер органдары  1 650 салық төлеушіге жалпы сомасы 20 232,9 мың теңгені құрайтын өсімпұлды үстіміздегі жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша есептен шығарды. Бұл туралы Өңірлік комуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қарыздармен жұмыс басқармасының басшысы Андрей Смирнов айтты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық жүргізуді қарастыратын заң күшіне енген еді.

Өткен жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Маңғыстау облысында 1825 салық төлеушінің  негізгі қарыз сомасы өтелді. Нәтижесінде облыстың мемлекеттік кірістер органдары жалпы сомасы 73 253,9 мың теңге өсімпұлды есептен шығарған.

Рақымшылық жүргізу кезеңінде негізгі борышты төлеу кезінде 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салық төлеушілердің есепте тұрған шоттарындағы өсімақы сомасы және негізгі борышты төлеу күніне дейін есептелген.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары — ҚР Қаржы министрінің 2019 жылғы 6 тамыздағы № 829 бұйрығымен жеке шоттарды жүргізу ережесіне толықтырулар енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, мониторингке жататын ірі салық төлеушілерге, жер қойнауын пайдаланушыларға, жер асты сулары мен емдік балшық, акцизделетін тауарларды өндірушілерге рақымшылық жасалмайды. Қалған салық төлеушілерге өсімпұлдар мен айыппұлдарын 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін негізгі борыштың сомасын өтеу шартымен алып тастайды.

2019 жылдың 7 шілдедегі ережесіне сәйкес жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасауға азаматтардың екі санаты кірді:

Бірінші санат – орындалмаған салық міндеттемелері бар жеке тұлғалар. 2019 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін салық міндеттемелері бойынша негізгі борышты өтеу шартымен, сондай-ақ егер мемлекеттік кірістер органы осы жағдайда талап қою мерзімі шегінде өткен жыл үшін салық бойынша есептеуді жүргізсе, негізгі борыш сомасы төленген жағдайда негізгі борышты төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл есептен шығаруға жатады.

Екінші санат – кәсіпкерлік қызметтен түсетін салықтар бойынша дұрыс салық берешегі бар дара кәсіпкерлер ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын жеке тұлғалар. Мұндай берешек 15 жыл бұрын жалпыреспубликалық ақпараттық жүйеге көшкен кезде пайда болды. Бұл ретте мұндай жеке тұлғалардың бұрын кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны туралы мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарында жоқ. Осы санатқа кіретін тұлғалардың салық берешегінің барлық сомасы есептен шығарылады.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН