Биыл Маңғыстау облысы әкімдігінің құрылтайшылығымен, ҚР мәдениет және спорт министрлігі мен ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен І халықаралық «Әбіш әлемі» атты фестиваль өтеді. Оған шет мемлекеттен 8 театр ұжымы қатысады. Фестивальді өткізуді қазан айына жоспарлап отыр, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 

Халықаралық фестивальге Армениядан Абельян Ванадзор мемлекеттік драма театры, Грузиядан Тбилисидің Мемлекеттік Азербайджан театры, Ираннан Биле Савар Барбод театры, Өзбекстаннан Хорезм театры, Тәжікстан К.Худжанди атындағы музыкалық комедия театры, Түркияның Мемлекеттік театры, Түркменістан мемлекеттік театры және Қазақстаннан М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық  драма театры және  Н.Жантөрин атындағы драма театры қатысып, өнер көрсетеді.

«Өкінішке қарай Әбекеңнің классикалық көркем шығармаларының сахналанғаны, оның ішінде өзге тілге аударылғаны тым аз. Сондықтан қатысушылар өз репертуарындағы ұлттық және классикалық қойылымдарды сахналауға рұқсат алды. Болашақта Әбекең шығармаларын ұлттық және шет елдердің сахналарында сөйлетуге жан-жақты дайындық жүргізіледі деп ойлаймын. Бұл ретте жалғыз біздің театр ғана емес, Әбіш ағаның әдеби мұрасына жанашыр қаламгер әріптестері мен басқа да ынталы зиялы қауым белсене ат салысуы тиіс»,- деді Н.Жантөрин атындағы облыстық-музыкалық драма театрының директоры Нұрнияз Мұханов.

Айта кетейік, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған алғашқы театр фестивалі республикалық деңгейде 2016 жылдың желтоқсан айында өткен. Оған республика аймақтарынан алты және Ресейден Ноғай театры қатысқан еді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суретті ұсынған Өңірлік коммуникациялар қызметі