Астанадағы «Фолиант» баспасынан Абайтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Сәулетшілер одақтарының мүшесі Сайын Назарбектің «Жеті күн… Жеті ғасыр…» романы және «Ұлы Дала таулары» кітабы жарық көру үстінде.

«Жеті күн… Жеті ғасыр…» романында автор есте жоқ ескі заманнан бері адайлар елі туралы айтылып келе жатқан ауызша аңыздардан, естелік әңгімелерден, қағазға түскен жазулар мен тасқа қашалған таңбалардан там-тұмдап жинақтап ежелгі тарихты соңғы жеті ғасыр оқиғаларына ұштастырады.

Романда Кеңес өкіметінің аласапыраны кезінде (1930 жылға дейінгі) заңсыз қоғам мен парықсыз билік әсерінен шеккен ел зардабы туралы да әңгіме етіледі.

Негізгі басты кейіпкерлер – аттары өзгертілмей алынған тарихи тұлғалар. Солар романның бірінші, екінші бөлімінде (жеті күн ішінде – «Бір түн…Бір күн…», «Бес күн… Бес түн…», «Жетінші күн» елдің және жеке кісілердің бастарынан өткен оқиғаларды еске түсіреді).

Үшінші бөлімде Кеңес өкіметімен өткен алғашқы жиырма жылда жеке адамдар басынан өткен кейбір оқиғалар баяндалады», – деп жазылған кітаптың алғысөзінде.

«Бұдан 2,00 млн. жыл бұрын немесе 2,00 жүз мың жыл бұрын өмірге келген алғашқы адамдардан бастау ала ма, әлде бұдан 12 мың жыл бұрын топан судан аман қалған Нұх пайғамбардан бастау ала ма, әйтеуір Маңғыстау алғашқы адамдарға мекен болған өлке дейді ғалымдар. Бұл деректің нақтылығын өзінің аты да қостап тұрғандай – «ман-адам», «қыстау-адам мекені».

Ескі заманнан алғашқы адамдар мекені болғандықтан Маңғыстау өлкесінде қасиетті тұлғалар басқа жерлерден ертерек, көбірек кездесті ме? Олар Тәңірлеріне табынған ежелгі түріктер ме екен? Бірақ солар кім болса да ежелден бері Маңғыстау атын асқақтатумен, ал маңғыстаулықтар 360 әулиеміз деп, олардың рухтарын қастерлеумен келеді.

Біз осы еңбегімізді Адай елінің ежелгі тарихының куәлері 360 әулие және әулие атағын халықтың өзі берген Бекет ата мен Саназар әулие рухтарына арнадық». Бұл да – автордың оқырманға арнау сөзінен алынған жолдар.

Автор тарихи роман атаған еңбегін ұлтымыздың кешегісін есте ұстау, бүгінгісін өміршең ету, ертеңі мен алыс болашағын қамқорлау мұраты жүктелген: «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларының тапсырмасына үндес жазылған» деп бағалаған кітап «Көкжар жәрмеңкесі», «Өнер жәрмеңкесі», «Тағдыр жәрмеңкесі» атты үш бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде – Билер кеңесі, Көкжар жәрмеңкесі, Жәрмеңкедегі адайлар ауылы, Махамбет әңгімелері, Мәтжан билігі, Шыли мен шұбар ат, Желтабан, Досат пен Ғалия, Тәңірберген мен Далабай.

Бір түн… бір күн… Атабай, Аққу, Қаламқас, Мәті әулие, Қатпастың соры, Ермембет би, Тәңірберген ойлары, Балпан бай ауылында.

Бес күн… бес түн… Қашаған бес күні, Шолтаман, Адай деген ел едік, Адай күйі.

Жетінші күн – Ақтан жырау, Ойыл даласы, жетінші күн.

«Өнер жәрмеңкесі» бөлімі – Өнер жәрмеңкесінде, Шайыр бала әңгімелері, Ағлен әңгімесі, Малта ерлігі, Жәрмеңке жұртында, Қалнияз бен Мәтжан, Тұқымдық тары, Ораза, Қалдыбек…

Кітаптың «Тағдыр жәрмеңкесі» атты үшінші бөлімінде – Үш қыз тағдыры. 1921 жыл Итжан мен Мәстек, Күнсұлу мен Жылқышы, Далабай мен Мәстек, Сүйінғараға сағыныш, Мәтжан мен Тобанияз. 1929 жыл, Мәтжан мен Атабай, Жеті ғасыр жыры тақырыптары бойынша.

«Биылғы, 1881 жыл, Көкжарға осылардың барлығын да ала келген еді…» деп, басталатын роман оқиғасы жәрмеңке үстінде Мәтжанның Қонысбай жиеннің «адайдың түп атасы кім?» деген сауалына жауап іздеу барысында, 7 күннің ішінде Адайдың 7 ғасырлық тарихын баяндайды.

Адайдың көкмойнағымен 1 күн, 1 түн шауып, жол үстінде келе жатқан Атабай мен Тәңірберген елге жеткенше тарихи орындарға қатысты оқиғаларды оқырманға баяндап отырады.

Сисем атада қыз ұзату тойында жатқан Қашағанды жәрмеңкеге ертіп, жәрмеңкеге қайта жүреді. Бұл жол 5 күн, 5 түнге созылады.

Жетінші күні оқиға түйінделіп, «Бұл жырды «Жеті ғасыр жыры» деп елге таратарсың» деген аманат сөзімен аяқталады.

Екінші, «Ұлы Дала таулары» кітабы – Менің елім, Баянтау, Маңғыстау, Шыңғыстау, Қаратау, Ұлытау, Атырау, Алатау, Оралтау бөлімдерінен  тұрады. Бұл кітапты «Автордың ой еңбегі мен қол еңбегі туралы естелігі» деп атап, өзі туралы естелік пе, әлде жастарға арналған еңбек пен шығармашылық туралы оқулық па, әйтеуір жасөспірімдердің рухани санасы мен қазақи болмысына әсер етуге тырысқан ұстаз мақсатын, Абайша айтқанда «Ұстаздық қылған жалықпас үйретуден балаға» мақсатын байқаймыз. Бұл шығарма барлық бір кетікке жамау болуды армандайтын, өз шаңырағы мен Отанына бірдей көзқараспен қарай алатындарға арналған» деп алғысөз жазған кітабында автордың екінші қыры – сәулеткерлік өнерінің ғұмырбаяны қамтылған.

«Қаламымыз – елім мен жерім, ізгілік пен адамгершілік деп жырласа, қалағымыз – тарихи тұлғалар мен ел қалаулыларына деп қолға алыныпты»… ой мен сезім ортаймаса, деннің саулығы мүмкіндік берсе қалақты тастағанмен қаламды қолдан түсірмеуге бекіндік. Соның арқасында «Абыл ақын», «Ұлы Дала Таулары», «Жастармен сұхбат» атты кітаптарды дайындап қойып отырмыз, – деп жазады автор кітаптың алғысөз орнына бөлімінде.

«Ой еңбегің – қазынаң, басыбайлы,
Қол еңбегің – дәулетің, асырайды», – деп эпиграф алған еңбектің мазмұны осы сөздің сырын ашып, оқырманмен сұхбат құрады.

Сонымен Сайын Назарбекұлының қос кітабын қолыңызға ұстар күн алыс емес.

Үміт ЖӘЛЕКЕ