Шәкірат ақсақал
Суретте Шәкірат ақсақал

Маңғыстаудың белгілі емші, сынықшысы Қалнияз Жанқұлов жуық арада дүниеден озды. Оның елге көрсеткен қызметі, талай сүйектерінен жарақат алғандарды емдеп, алғыс алғаны, жұрттың ілтипатына бөленгені белгілі. Қалнияздың о дүниедегі ғұмыры пейіштен бұйырады деп ойлаймыз. Игілікті еңбегі және адамгершілігі, мейірбандығы соған жол ашатын шығар, иншалла.

Біз өткен ғасырдың 50, 60­-жылдары онымен Ақшұқырда, бір кө­шенің бойында көрші отырдық. Бірде аз ғана қойымыздың біре­уі өрістен ақсап келіп, далаға шықпай жатып қалды. Сол қойды Қалнияз қатарға қосқан. Оны өзі былай әңгімелейтін.

Бір күні ерте біздің үйге Шәкең кіріп келді. Мен ол қарияға сәлем беріп, амандасқаннан кейін ол кісі әңгіме бастады.

Қалнияз қарағым, сен әруақты емші адамдардың тұқымысың. Әкең Жанқұл, аталарың Асар, Бернияз және ағаларың Жұбан, Айдарбай – бәрі сынықшы болған, солай ма?

— Иә, солай, Шәке.

— Солай болса, сен де құр емессің, менің бір қойым ақсап тұр, соны қарап бер. Мен шошып кеттім.

— Ойбай, атажан, әке, аталарым, ағаларым сынықшы шығар, ал менің одан хабарым жоқ.

— Әй, Қалниязжан, сен әлі байқамай, сондықтан да бастамай жүрген шығарсың. Сенің бойыңда да емшілік болу керек. Қане, жүр, менің қо­йымды қара, – деді Шәкең. Мен азар да безер болдым.

— Мені қинамаңыз, сынық дегенді ұстап көргенім жоқ.

— Көрмесең, енді көресің. Біссміллә, ата­-бабаның қолы деп ұстайсың. Әңгімені қой, жүр! – деп шал қолымнан ұстап, тарта жөнелді. Енді қай­тейін, Шәкең әй­-шәйға қарайтын емес, амалсыз бардым.

«Біссміллә» деп қарттың айтқандарын істеп, үпит-­сүпит деп қойдың аяғын ұстап, сыйпалап байладым. Қарттың көңілі үшін қимылдап жатыр­мын. Өзім іштей сенбеймін, күліп қоямын. Сөйтіп шаруаны бітіріп кетіп қалдым. Шәкең риза болды. Ой, астапыралла, әлгі қой екі­-үш күннен кейін аяғы сау, жүріп кетті. Өзіме-­өзім таңғалдым.

— Айттым ғой, сенде де сынықшылық бар деп. Ал енді осындай жұмысты жалғастыра бер, – деп Шәкірат ақсақал кеңк­-кеңк күледі.

— Әй, жарықтық-­ай, мені сынықшы қылған сол кісі! Содан кейін­-ақ осы істі бастап кеттім, халықтың сұранысына қарсы болмадым, – деп айтып еді қайран Қалнияз.

Сержан ШАКРАТ