Биыл Маңғыстауда өткізіліп жатқан «Ауылды бірлесе дамыту» жобасына «Еуропалық Одақ» ұйымынан 10 млн теңге қайтарымсыз грант беріледі. Мұны тек Түпқараған және Мұнайлы аудандарының кәсіпкерлері ала алады. Қазіргі таңда 31 жобаға қатысушы қаржылай қолдауға ие болу үшін қолға алған бизнесін комиссия мүшелеріне таныстырды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Биыл жобаға қос ауданнан 108 адам өтініш білдірген, соның ішінен 40 адам екінші кезеңге жолдама алған. Бұл кезеңде кәсіпкерлер бизнес-тренинг пен семинарға қатысып, біліктілігін арттырған.

Ал жобаның үшінші кезеңі 10-шы маусым күні басталды. Кеше Түпқарағанның тұрғындары комиссия мүшелеріне кәсібін таныстырса, бүгін Мұнайлы ауданының 20-ға жуық кәсіпкері өз бизнес-жоспарын қорғады. Мұнда қатысушылар бастаған кәсібінің негізгі мақсатына тоқталып, тиімділігі мен қажеттілігін, өнімнің сапасы мен сұранысын айтты. Сонымен қатар қатысушылар кәсібінің жалпы кіріс-шығыс есебін де нақтылағанды жөн көрді.

Кәсіп ашып, бизнес бастағандардың көбісі тігін және қолөнер бұйымдарын, сүт, нан өнімдерін өндіруді, ауылда типография саласын дамытып, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын қолға алуды көздеген екен. Сондай-ақ олар үйде отырып-ақ алғашқы табысын тауып, өнімдерін өндіре бастаған. Жоба аясында қатысушылар жетпейтін техникалық құрал-жабдықтарын түгендеп алуды мақсат етсе, енді бірі жалдамалы орын алып, әрі қарай бизнесті өркендетуді жоспарлаған.

Жоба жетекшісі Мөлдір Амангелдиеваның айтуынша, жоба аясында қайтарымсыз грант 31 қатысушының барлығына берілмейді. Тек қатысушылар арасында үздік жоба ұсынғандарға ғана 10 млн теңгені бөліп береміз. Мұның барлығы кәсіпкердің тиімділігі мен қажеттілігіне, жоба құнына сай болмақ. Айта кетейік, былтыр қайтарымсыз грантты 8 адам алған. Соның алтауы бүгінде тиімді жұмыс жасап, кәсібін дөңгелеткен екен.

Ауылды дамытуға 10 млн теңге қайтарымсыз грант беріледі (ВИДЕО)

Жобаға қатысушылардың жұмысына баға берер комиссия мүшелері қатарында Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева, Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Гәкку Ордабаева, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалы, «Бизнесті қаржысыз қолдау» бөлімінің басшысы Аққу Айтжанова, «Даму» АҚ кәсіпкерлікті дамыту қорының МО бойынша аймақтық филиалының директоры Гүлжан Қалымбетова және «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының жетекшісі, «Ауылды бірлесе дамыту» жобасының аймақтық сарапшысы Жақсыгүл Маханбетова, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Маңғыстау облысы бойынша филиалының жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев бар.

Жоба қорытындысы комиссия мүшелерінің шешімімен ертең белгілі болмақ.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН