балалар
Сурет сайт архивінен алынды

Жадыраған жаз келіп, кезекті оқу жылын аяқтаған балалар алып-ұшып демалыс орындары, лагерьлерге баруға қамдануда. Олардың алғашқы легі өткен аптада лагерьлердің табалдырығын аттады. Жазғы демалыс, сауықтыру орындарының жұмысын жаңаша ұйымдастырып, балалардың демалысын естен кетпестей әсерлі етіп өткізудің жолдары қарастырылған ба?

Балалардың өмірін, денсаулығын, құқығын сақтай отырып, олардың жеке тұлға ретінде кемелденуі жолында үздіксіз тәрбие жұмыстарын жүргізу мемлекеттік саясаттың ең маңызды бөлігі. Бейнеу аудандық білім бөлімінің дерегіне қарағанда, биыл маусым-тамыз айларында 1-10 сынып аралығындағы 14789 оқушы түгел демалыс лагерьлері мен сауықтыру орындарына жіберіліп отыр. Бұл – дайындық сыныбындағы оқушылардан өзге оқушылар 100 пайыз демалыс орындарына тартылады деген сөз. Жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру, бос уақытын жан-жақты дамытуға жетелейтін іспен қамту бағытындағы шараларға 8 миллион 910 мың теңге қаражат бөлінген. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға бөлінген қаржы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда өсіп отыр. Бұл демалыстың дәстүрге айналған түрлерінің мазмұнын байытып, жаңа түрлерін енгізіп, өрісін кеңейтуге мүмкіндік беретіні анық. Осы талап қандай деңгейде орындалады? Бұларды білу үшін атқарылуы жоспарланған шаралармен танысайық.

Бейнеу ауданындағы 22 мектепте күндізгі лагерьлер ашылып ( бұл негізгі орта білім беретін мектептердің барлығы), оларда 4500 оқушы (жалпы жазғы демалысқа тартылған оқушылардың 30,4 пайызы) 3 ауысымда дем алады. Осы мектептердегі дебаттық (тамақпен қамтылмайды) лагерьлерге жазғы демалысқа тартылатын оқушылардың 29,2 пайызын, яғни 4330 баланы тарту жоспарланып отыр. Дебаттық лагерьлерде оқушылар спорттық секциялар мен түрлі үйірмелерге қатысып, денсаулықтарын нығайтып, түрлі өнерге дағдылану мүмкіндігіне ие болады. 10 маусымнан бастап балалар жазғы демалыс орындарының алғашқы жұмысын бастады.

Біздің өлкеміз — тарих тереңінен сыр аңғартатын ғажайып өлке. Сайын даланы кезген сайын ертедегі тылсым өмір құшағына қадам басқандай әсерге бөленесің. Аймағымыздың басшысы Е.Л.Тоғжанов Маңғыстаудың мың жылдық тарихы бар деп өте орынды бастама көтергені баршаға аян. Он ғасырлық тарихты жас ұрпақ санасына сіңіргенге не жетсін! «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» аясында  балалардың жазғы демалыс бағдарламасына соңғы жылдары ене бастаған өлкетану саяхаты осыған орай биыл жылдағыдан кеңейеді. «Спорттық-туристік демалыс» деп аталатын бұл маңызды шараға тамыз айына дейін 1665 оқушы тарту жоспарланып отыр. Балаларды өлкетануға қызықтыратын шатырлы лагерьлер ұйымдастырылып, оған жалпы демалысқа қатысушы оқушылардың 7 пайызға жуық бөлігі — 1000 бала қатысты.

Жазғы демалысты ұйымдастыруды жоспарлау кезінде балалардың ерекшеліктері елеп-екшелгені байқалады. 2453 оқушы (жазғы демалыс қатысушыларының 16,6          пайызы) бойындағы таланты мен шеберліктерін жетілдіру мақсатында шығармашылықпен айналысу мүмкіндігіне ие болады. Таратып айтар болсақ, Құлшар атындағы өнер мектебіндегі 9 үйірмеге 453 оқушы, аула клубтарындағы топтарға 2000 оқушы, 7-14 жастар аралығындағы 45 оқушы «Дарын» қосымша білім беру орталығы жанындағы «Балдәурен» лагеріне баратын болады. Өлке тарихын тануға құмар 55 оқушы ауыл сыртында, табиғат аясындағы лагерьге барады.

Осы орайда айта кететін бір жайт, жазғы демалысқа тартылатын оқушылардың 11 пайызы — 1636 оқушы ата-аналарының қаржылай қолдауымен еліміздегі түрлі демалыс лагерьлеріне баруға ниетті.

Биылғы жазғы маусымда оқушылардың денсаулығын нығайтып, сауықтыру шараларын жүргізуді жоспарлау мәселесіне дұрыс көңіл бөлінген. Демалыс, сауықтыру шараларымен айналысатын әртүрлі үйірмелерге 2665 оқушы, «Бөбек» сауықтыру лагеріне 10 оқушы барады.

Бүгінгі таңда әлеуметтік жағдайы төмен, тапқаны тапқанына жетпейтін отбасылары балаларының жазғы демалысы ойландыратын мәселе. Бір жақсы жері мұндай жағдайдағы отбасылардың балаларын қолдауға көңіл бөлініп отыр. Айталық, күн көрісі төмен және асыраушысы жоқ отбасылардан шыққан 5 оқушы тамыз айында «АДЖИП Каспиан СИ Б.В» мекемесі демеушілік жасап, бөлген арнаулы жолдамамен Италияның Чезанатика қаласындағы лагерьге барып демалады. Ал табысы аз отбасының балалары мен мүмкіндігі шектеулі 208 бала, 43 жетім бала Бейнеу ауданындағы жазғы демалыс және сауықтыру орындарында тегін демалады.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру — оқу-тәрбие қызметінің аса маңызды бағыттарының бірі, ажырамас буыны. Балдырғандардың жаз жайнатып, күн           күлдіріп, есте қаларлықтай демалысын жүйелі жүзеге асыру бойынша аудандық білім бөлімі дайындаған жоспары көңілге қонымды. Ақ қағаз бетіндегі жоспар нақты іске асып, жазғы демалыста балаларымыз табанын құмға, орайын күнге күйдіріп, алаңсыз асыр салып, қызықты шақтың шалқар шаттығына кенелгеніне не жетсін.

Қартбай ҚОЖАЕВ