сиыр

Қауіпті эпидемиялық аурумен үй жануарлары, жабайы аңдар, құстар, адамдар да ауырады. Қоздырғышы – вирус. Құтыру індетін жұқтырушылар: қалалық жерлерде – ит, мысықтар, ал далалық жерлерде – ауырған қасқыр, түлкі, қарсақтар. Адамға осы індетпен ауыратын үй жануарлары иттен, мысықтан және түйе, сиыр, жылқы, есек, қой, ешкіден жұғады.

Кейде құтырған қасқыр, түлкілердің адамды талап-тістеуінен де жұғу жағдайлары кездеседі. Осындай жағдайдан кейін ағзаға енген вирус жүйке жолдарын қуалай отырып, миға тұрақтайды. Мида өсіп-өніп, оны зақымдайды. Одан жүйке жолдары арқылы сілекей бездеріне өтеді. Сондықтан құтыру індетіне шалдыққан жануарлардың барлық түрінде ауыз қуысынан тоқтаусыз сілекей бөлініп тұрады. Бұл аурудың қауіпті болу себебі алғашқы белгілері байқалмай тұрып, жануарлардың сілекейі арқылы таратылып отырады. Ауырған үй жануарларын күтіп ұстау кезінде сілекейден бөлінген вирус адам ағзасына тез енеді. Сол себепті ауру жануарлар адам үшін, әсіресе, балалар үшін өте қауіпті. Аталған індет негізінен қыс және көктем мезгілінде қозады, өршиді.

Құтыруға шалдыққан үй жануарларында аурудың даму белгісі барлық жануарлардағы сияқты ұқсас, ортақ, мазасыздық, елеуреу, басын парықсыз қозғау, тіс қайрау, еріндерін шүйіріп, тілін шығарады, езулерін, танауын жалай береді. Түлік түріне қарай мекіренеді, ыңырсиды, оқырынады. Күн сәулесінен жасқанады. Көзінен жас ағады, жер тарпиды, айбат шегеді, сүзу, тістеу, қасындағы малға артылу сияқты тосын қимылдар жасайды. Аурудың оқтын-оқтын арпалысып өтетін, оған керісінше ұяң бұйығы өтетін түрлері болады. Барлық жағдайда да мал үйірден қалып, жұтына алмай, күйісін тоқтатып, шатқаяқтап, жүрісі  бұзылады. Паралич соғады. Артқы аяқтары жүруден қалады. Кейбіреуінің жағы түсіп, басын жерге соғып, астыңғы жағын сындырады. Жалпы ауру 3-11 күнге созылады, көбіне 3-4 күннен аспай, мал өліп қалады.

Құтырумен ауырған малды емдеуге немесе күтіп отыруға болмайды. Олай ету адамға да, малға да қауіпті. Сондықтан ветеринариялық инспектордың, дәрігерлердің араласуымен, өлген малдың миын сараптауға жолдап, өлексесін өртеп, қалдығын терең көму керек. Тұрған жерін залалсыздандырады. Мұндай ауру ошағы күн сайын ветеринариялық инспектордың бақылауында болады. Күдіктілерді бөлектеп, сау малдарды жоспардан тыс егуден өткізеді. Міне, осы күннен бастап 60 күн ішінде ауру шыққан ошақтан ауру байқалмаса, мал иесінің қолындағы малын союға, сатуға рұқсат етіледі.

А.ЖОЛАМАНОВА,
Бейнеу аудандық аумақтық инспекциясы