Дүйсекең Қасым-Жомарт Кемелұлына кітабын тапсыруда

Бүгінгі Президент, кешегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сапары ұмытпасам, 2014 жылдың 4 ақпаны ғой деймін. Облыстық активте сол кездегі әкім А.Айдарбаевтың баяндамасынан соң, төраға Елбасымыздың Жолдауының мән-мазмұнын түсіндірген. Әр түрлі сұрақ-жауаптардан кейін ардагер аға Дүйсембі Әріпұлы орнынан тұрып, облыс тұрғындары атынан мәртебелі қонаққа алғыс сезімін білдіре және Жолдаудағы міндеттерді орындауда жерлестерінің еселі еңбек ететініне сендіре келе Қасым-Жомарт мырзаға ешкім күтпеген тосын сый ұсынды…

«Мәңгілік елдің эко­номикалық қуа­ты зор болуымен бірге, – деді Дүйсекең, –  жоға­ры деңгейде дамыған мәдениеті мен әдебиеті болуы шарт. Осы тұрғыда сол әдебиеттің көрнекті өкілі, шытырман оқиғалар (де­тектив) жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев ағамен кезінде дос, жолдас, сыйлас болған едім. Осы тұрғыдағы естелігім жазылған «Тұлғалар тағылымы» атты кі­табымды Кемел ағаның рухына тағзым ете отырып, сізге ағалық ілтипатпен ұсынамын». Дүйсекең осылай деп президумға бет ала бастағанда, Қасым-­Жомарт ор­нынан жедел көтеріліп, залға беттеді. Залдағылардың тұрып ду қол шапалақтауымен ағаның қолын қысып, кітапты алып, рақметін айтқан.

***

Дүйсекең кешкі шайын ішіп отырғанда есік қағылып, ішке екі жігіт кіріп келіп: «Қасым­Жомарт аға сізге мына кітапты беріп жі­беріп еді», – деп әдемі көгілдір кітапты ұсынады. Кітапты алып қараса сыртындағы жазулар: Қасым-­Жомарт Тоқаев: «Әке ту­ралы ой­—толғау» деп тұр екен де, ішкі бірінші бетіне: «Дүйсембі Әріпұлы ағаға шын  құрмет­пен және ізгі тілекпен! Тоқаев 04.02.2014 ж.» деп жазылыпты.

Дүйсекең кітапты бас алмай бір демде оқып шыққанын ай­тып, күнделігіне пікірін былайша жазып қойыпты: «Бұл сыйлыққа қатты қуанғанымның несін жа­сырайын. Баға жетпес сыйлық. Қасым-­Жомарт Кемелұлының «ұлық болсаң, кішік бол» деген­дей,  кісілігіне кішіпейілділігі сай келетін, қарапайым, адамгер­шілігі жоғары тұлға екендігінің белгісі деп білдім». Бүгінде арамызда жоқ, күні кеше ғана ақылын айтып: «хабарласпай кеттің ғой, қолың тисе келіп кет­сейші» деп отыратын Дүйсембі ағаның бұл биік пікіріне мен 100% қосыламын.

***

Мән бермей жүрсек құттық­таулардың, қолтаңбалардың, ар­наулардың адамның жеке өмі­ріндегі орны бөлек екен ғой. Қайран Дүйсекең тағы былай тебіренеді: «Сол бір жүрген кез­дерімізде Кемекең Қасым­-Жомарт атты ұлының бар екенін, оның халықаралық қатынастар инс­титутын бітіргенін, ағылшын, қытай тілдерін жақсы білетінін, қазір Қытай еліндегі Кеңестер Одағының елшілігінде қызмет ететінін айтқан  болатын.  Әри­не, ол кезде Қасым­-Жомарт Кемелұлының Қазақстанға Елба­сымыз Н.Ә.Назарбаевтың шақы­руымен келіп, жоғары деңгейдегі жауапты жұмыстар жасайтынын, Сыртқы істер министрі, Үкімет басшысы, Парламент Сенатының төрағасы лауазымдарына ие бо­лып, үлкен беделді қайраткерге айналатынын Кемел аға да, мен де, ешкім де білген жоқ еді…».

***

Қасым­-Жомарт Кемелұлы өзі кі­табында былай толғанады: «…Ең бастысы, біз әке­шешемізден адам­гершілік пен ізгілік қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Біз әрдайым ата­анамызды мақтан етеміз, ал олардың өмірден ерте кетуі күні бүгінге дейін қабырғамызды қайыстырады. Кейде олар біздің өмірде жіберген қателіктерімізді, шалыс қадамдарымызды өздеріне алғандай көрінеді. Сондықтан ата­анамыздың бойымызға сіңірген биік қасиеттерін енді өз балаларымызға беруге тырыса­мыз…»

***

Елбасымыздың тосын шешімі көбімізді абыржытып тастағаны да шындық еді. Біздер, маңғыс­таулықтар өзге жетістіктерді айтпа­ғанда Колбин жауып кеткен облы­сымызды тәуелсіздігімізді алмай тұрған кездің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының қайта ашып бергенін ұмытуға тиіс емеспіз.

***

Нұр ағамыз ізбасарын дұрыс таңдай алды деп ойлаймын (әрине, қазақта көшбасшылыққа лайық азаматтар көп қой). Жер қозғалса да қозғалмайтын салмақты да, байсалды, кішіпейіл, халықшыл, көп сөзділіктен іске бейім, Конс­титуция, заң талаптарын ғана темірқазық санайтын, ата­-ананың адамгершілік пен ізгілік қасиетін бойына сіңірген азамат Қазақ Елі атты кеменің штурвалын дұрыс бағытта ұстай алатынына сенім мол.

Қазақстан гүлдене берсін!!!

Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі