Былтыр облыс тұрғындарына барлығы 1 377 536 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 798 025-і электронды түрде орындалған. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды.

741 мемлекеттік қызметтің 454-і электронды түрде, 287-сі қағаз жүзінде көрсетіледі. Бүгінде 87 қызмет MGov мобильді қосымшасы арқылы және 52 қызмет бір реттік пароль арқылы қолжетімді. Электронды қызмет көрсетудің көбеюі сервистер мен интеграциялау санының 2 есе артуымен байланысты.

«Маңғыстау облысы бойынша Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау аудандарында 3 мобильді Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Кестеге сәйкес ХҚКО айына 2 рет шалғай елдімекендерге барып, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетеді. Өткен жылы «Жылжымалы ХҚКО» 316 іс-сапарға шығып, 6063 қызмет орындады», — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Ербол Байжігіт.

2018 жылы Маңғыстауда 798 мың электронды қызмет көрсетілген
«Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Ербол Байжігіт

Фронт-офистерді кеңейту нәтижесінде «электрондық үкімет» порталы арқылы 435 108 қызметті азаматтар өз бетінше алған.

«Электронды үкімет» арқылы куәліктер мен төлқұжатты жедел (4 күнде) алу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, көлік құралдарын тіркеу, әкімшілік айыппұлдарды онлайн тексеру мүмкіндігі т.б. қамтылған.

2018 жылы облыста 309 661 электронды цифрлық қолтаңба берілген.

Сондай-ақ шетел азаматтарына көрстелетін қызметтерді жеңілдету көзделген.

«Мемлекеттік корпорация Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, көші-қон ХҚО-сын ашу бойыншажұмыстар жүргізді. Бұл орталықтар шетел азаматтарына еңбек етуге рұқсат алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұрын мигрант 6 ұйымға барып, кемінде 5 жұмыс күнін жұмсаса, енді барлық қыжетті қызметтер мен ұйымдар бір жерге жинақталып, рұқсат алу мерзімі 1 сағатқа дейін қысқарды. Есептік кезеңде 604 қызмет көрсетілді», — деді Е.Байжігіт.

2018 жылы Маңғыстауда 798 мың электронды қызмет көрсетілген
Өңірлік департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасы басшысы Жасұлан Маршалұлы

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында былтыр облыста 81 тексеру жүргізілген. Өңірлік департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасы басшысы Жасұлан Маршалұлының айтуынша, тексеру нәтижесінде 535 кемшілік анықталған. Олардың басым бөлігі сәулет және қала құрылысы, қоршаған ортаны қорғау,  жанұя және бала, кеден ісі салаларында кездескен.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суретті түсірген талант ҚҰСАЙЫН