gazeta газет типография
Сурет imprime.kz сайтынан

Бейнеу ауданында да жас кәсіпкерлер қатары артып келеді. Солардың қатарында Қуандық Бекхожаев деген жас кәсіпкер де бар. Жастар жылына орай жастарға үлгі болсын деп, жас кәсіпкерді әңгімеге тартып, пікірлескен едік.

— Қуандық Түркпенбайұлы, сіз кәсіпкерлікке қалай келдіңіз, себебі бар ма? Кездейсоқ келмей, алдыңызға белгілі бір мақсат қойған боларсыз.

— Иә, мен кәсіпкерлікке кездейсоқ келген жоқпын, алдыма үлкен мақсат қойып келгенмін. Әңгімені әріден бастасам, 2014 жылы Алматы қаласындағы оқу орнының білім бұлағынан сусындап, сол білімді өмірімде қалай жүзеге асырсам деп ауылға келдім. Әуелгі кезде қызығушылықпен әртүрлі идеяларды зерттеп шықтым, интернетті әрі ақтардым, бері ақтардым. Және кәсіп туралы кітаптар оқып жүрдім. Бір күні идея ойда жоқ жерден шыға келді.

Қуандық Бекхожаев

Әлгі идеяның туу себебі былай болды. Сол кездері өзімнің ескі компьютерімді сатып, жаңасын сатып алғым келіп жүрген, бірақ оны сатуға шығаратын бізде бірде-бір жарнама газеті жоқ еді. Менің жарнамалық газетім жарыққа шыққанға дейін хабарландыруларды тұрғындар базардағы темір тақтаға жабыстыратын немесе әркім өзі қалаған жерге іліп кете беретін. Сондықтан бұл ауылдың өзінің жарнама газеті болуы керек, егер жоқ болса, онда оны дереу шығару керек деп шештім. Газет шығару қиын болған жоқ, лизензиясы 10 күнде дайын болды, көшеде жабыстырылып тұрған хабарландыруларды жинап, қалған беттерін сканворд, қызықты мақалалармен толтырып, өз компьютерімде электронды нұсқасын дайындадым. Содан кейін газетімнің дайын нұсқасын Атырау қаласына барып, алғашқы 1000 тиражын шығартып, алып келдім. Барлығы осылай қызық басталды. Кейін редакциямызды аштық. Жүре келе кәсібімізге басқа да қосымша қызметтерді қоса бастадық. 2016 жылы біз үшін сәтті жыл болды. Сол жылы Маңғыстау облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры жаңа жоба ұйымдастырып, ең жақсы бизнес идеясын қорғаған жас кәсіпкерлерге 3 миллион теңге грант ұтып алуға мүмкіндік берді. Мен мұндай мүмкіндікті босқа жіберіп алуға жол бермедім. Тәуекел етіп, типография ашуға бизнес-жоспар дайындап, сәтті қорғап шықтым. Уақыт өте келе «Бейнеу Ақпарат» кішкентай редакциядан кең көлемде қызмет көрсететін типографияға айналды. Кәсібімді одан әрі дамыту мақсатында күнделікті түскен табысқа қымбат автокөлік сатып алмай, басқа да кәсіптерді ашуды мақсат еттім. Әлі де реинвистиция жасап, қызмет аясын кеңейтумен келемін. Құдайға шүкір, кәсібімді шама келгенше дөңгелетіп келемін. Әрине, алға қойып отырған мақсатымыз өте көп, бірақ ең басты мақсатым — қазақ елінің әлемдегі ең дамыған мемлекеттің бірі болуына өз үлесімді қосу.

— Қуандық тіл-көз тимесін, талабыңыз таудай екен, бәрекелді! Қашаннан бері кәсіпкерлікпен айналысып келесіз? Әуелгі кезде қиындықтар кездесті ме?

— Менің кәсіпкерлікпен айналысып жатқаныма 5 жыл болды. Осы уақыт ішінде санап отырсам, 10-нан астам кәсіп түрімен айналысыппын. Атап айтқанда, газет шығару, фотосалон, балалар аттракционы, тәтті мақта және попкорн пісіріп сату, телефон және компьютер жөндеу орталығы, тир, наубайхана, пейнтбол, интернет клуб, кинотеатр, шағын типография, ақпараттық технология өнімін шығару (IT) секілді кәсіп түрлері. Шыны керек, тізімге қарап өз-өзіме таңғаламын. Себебі осының бәрін кезінде нөлден бастаған болатынмын. Әттең, уақыттың аздығы, жалықпай тыңдасаңыз, таң атқанша әңгімелеп айтар едім.

Әрине, қиындық болды, қазір де кездесуде соның салдарынан қызметі ұқсас салаларды бір-біріне қосып, кейбіреуін тоқтатып қойдым. Неге десеңіз тәжірибе жинақтай келе бірнеше кәсіпті басқарып, сәтті жүргізу оңай шаруа емес екенін түсіндім. Біріншіден, концентрация жоғала бастады, ол қызмет көрсетудің сапасын түсіреді. Екіншіден, барлығын бірге сүйреу үшін әр уақытта қолыңда қомақты қаражат болуы керек. Үшіншіден, ауылдық жерде керекті кадрлар жетіспейді. Қазіргі уақытта сәтті жүріп жатқан кәсіптерімнен «DUBAI» кинотеатры, «Virtual Realty» интернет клубы, «Бейнеу Ақпарат» типографиясы және «HABARLA» мобильді қосымшасы жұмыс жасап тұр. Осындай кәсіптерімнің негізі кезінде бір бет парақшадан басталып еді.

— Қандай жоғары оқу орнын бітіріп, мамандық алған едіңіз?

— Мен осы Бейнеуде туып, өстім. 2009 жылы Ж.Қалдығараев атындағы орта мектепті алтын белгімен бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақстан Менеджмент Экономика және Бизнес институтында қаржы факультетіне оқуға түскен болатынмын. 2-ші курста «Work&Travel» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы Нью-Йорк қаласына барып, біршама тәжірибе жинап келдім. Оқумен қатар «Almaty Exchange» қаржы мекемесінде трейдер қызметінде жұмыс істеп жүрдім. Негізі студенттік жылдарым сапалы білім алумен қызықты өтті. Дәл осы кезең маған алдағы өмірімді бизнеспен байланыстыру керектігіне көз жеткізуге көмектесті десем, артық айтқаным емес..

— Өзіңіз секілді қазіргі жастардың көбі шет тілдерін меңгеріп жүр. Сіздің бұл бағыттағы ізденісіңіз қалай, жетістіктеріңіз бар шығар?

— Қанымызға сіңген ана тілімізден басқа орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгердім және қазіргі кезде испан тілін үйреніп жүрмін. 2017 жылы «Java» және «Swift» бағдарламалау тілдеріне арналған арнайы курстарын бітірдім. Осы жылы «Іскерлік қатынастар» бойынша экономика саласында басқарушы қызметкерлер мен менеджерлердің біліктілігін арттыру бағдарламасының сертификатын алғанмын. Бұл менің заман талабына қарай рухани тұрғыдағы жетістіктерім десем болады. Бизнес саласындағы жетістіктеріме келетін болсам, 2018 жылы Бейнеу ауданының «Үздік жас кәсіпкері» номинациясының иегері болдым. Менің нағыз жетістіктерім әлі алда деп ойлаймын. Құдай қаласа, алдымда көздеген биік мақсаттарым бар. Қазір соған жетуге жатпай, тұрмай талаптанып жүрмін.

— Қазіргі таңда қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

— Барлығын қосқанда 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Кәсіпорын аясын кеңейтсек, тағы да қызметкер санын көбейту жоспарымда бар. Мамандардың көпшілігі — жастар.

— Қуандық Түркпенбайұлы, жоспарларыңызбен бөліссеңіз және Жастар жылынан не күтесіз?

— Әрине, болашақ жоспарларым көп. Жоспарсыз жұмыс болмайды. Бірінші кезекте бизнесімді одан әрі дамыту ойдамын. Мен осы салаға бет бұрып, талаптанып жүрген іні-қарындастарыммен өзімнің бизнестегі тәжірибемді, білгенімді бөлісіп, әңгіме құрғанды өте ұнатамын. Бізден тәжірибе жинақтап, бұрын жұмыс істеп кеткен жастардың арасында өз кәсібін дөңгелетіп жүргендер де бар.

Жалпы бір байқағаным, біздің жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығы бар, тек оларды әрі қарай қолдап, материалдық және рухани түрде көмек көрсетілуі тиіс деп есептеймін. Сол себепті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Бейнеудегі филиалы және жас кәсіпкерлер біріге отырып, осы жылдың басында «Бейнеу жас кәсіпкерлер клубын» аштық. Ол жерде біздер бизнесті дамытуға байланысты жас кәсіпкерлерге көмек беру мақсатында тегін тренинг және семинарлар өткізіп, ақыл-кеңес беріп отырамыз. Кәсіпті бастағысы келетіндер мен жас кәсіпкерлерге бизнес-жоспар жасау, салық төлеу, есеп-қисап жүргізу және басқа да қызықты ақпараттармен бөлісеміз. Жасыратыны жоқ, бәрі бірдей бала кезінен кәсіпкерлік тәрбие ала бермейді. Әр отбасының тәрбиесі әртүрлі болады емес пе?! Меніңше отбасында да кәсіпкерлік жайлы әңгіме қозғалып, ата-аналар балаларына кәсіпкерлік тұрғыдан да ақыл айтып, тәрбие беріп отырғанының артықшылығы жоқ. Жастайынан кәсіпкерлікпен айналысқанның пайдасы жайлы әңгіме баланың құлағына сіңе берсе, ертеңгі күні оның ержеткенде өмір жолын дұрыс таңдауына сеп болар еді.

Осы әңгіме барысында аудандағы барлық кәсіпкерді клуб мүшесі болуға шақырамын. Бұл менің кәсіпкерлік саласындағы өз тәжірибемізді, білімімізді, маңыздысы кәсіпкер болудың қыр-сырын жастармен әрдайым бөлісіп, ауданның, жалпы елде кәсіпкерліктің өрістеп, кең қанат жаюына үлесімізді қосайық дегенім ғой.

Биылғы Жастар жылында жастарға Елбасы айтқандай, мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп отыр. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, кәсіпкерлікті әрі қарай дамыта түсуіміз қажет. Жастар жылында жаңалық пен жақсылық көп боларына сенімдімін. Еліміз дами берсін, жас кәсіпкерлер қатары көбейе берсін деп тілеймін!

— Кәсіпкерде бос уақыт болмайды ғой. Алтындай қымбат уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге көп рақмет!

Сұхбатты жүргізген К.ШЕРУБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз