2019 жыл ресми түрде Жастар жылы болып жарияланды. Жас дегеніміз – ҚР бекіткен заңнамасына сай 14 пен 29 жас аралығындағы азамат. Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының мәліметінше, қаладағы осындай азаматтардың саны – 37264. Алдағы жастар жылынан қандай оң өзгерістер күтеміз, жаңаөзендіктер үшін жыл несімен ерекшеленбек деген сұрақты ең әуелі осы орталықтың директоры Ғани Құрманғалиевке қойдық.

"Жастар жылы" жаңаөзендіктер үшін несімен ерекшеленбек?

— Биыл, өзіңізге белгілі, Елбасымыздың бастамасымен Жастар жылы деп бекітілді. Ендігі кезекте біздерге жүктелетін міндет те, атқарар қызмет те көп болмақ. Бұл ең біріншіден жастардың өздерін жақсы жағынан көрсетуіне берілген зор мүмкіндік деп білемін. Жаңаөзен жастар ресурстық орталығы 2019 жылға республика деңгейіндегі форумдардан бастап көптеген іс-шаралар жоспарын бекіттік. Шаралардың көпшілігі, Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұлттық салт-дәстүр, рухани құндылықтарды арттыруға бағытталған болмақ. Соның бірі – өзіміздің Маңғыстаудан бастап Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары жастарының басын біріктіретін Батыс аймақтық форумы. Жастар арасында  ұлттық спорт түрлерін дамыту қолға алынбақ. Қыздарға арнап қазақтың қолөнері бойынша шеберлік сабақтары өткізілмек. Республикаға белгілі тұлғалардың қатысуымен тренингтер сабақтар ұйымдастыруды да жоспарға қойып отырмыз. Ұлттық тарихты өскелең ұрпақ жадында жаңғыртып, тарихи сана қалыптастыру – мемлекеттік маңызы бар іс. Міне, осы мақсатта  жаз мезгілінде Қарағандыдағы «КАРЛАГ» лагеріне 50-ге жуық оқушы мен колледж студенттерін және жұмысшы жас мамандарын жұмылдырған экспедиция ұйымдастырмақпыз. Көршілес елдің жастары Ақтау қаласында облыстық жастар саясаты басқармасы өткізетін «Жастар достығы – 2019» халықаралық шарасында және спорт марафонында бас қоспақ. Сондай-ақ, аталған басқарманың ұйымдастыруымен бүкіл Қазақстанды аралауды жоспарлап отырған экспедиция жолға шықпақ. Одан бөлек, құқық бұзушылыққа бейім жастармен белсенді жұмыс істеу мақсатында биыл «Жас жалын» жобасын қолға алып отырмыз. Әкім жанындағы жастар кеңесінің де жұмысы жандандырылмақ. Жастарға кәсіби машық беру бағытында әртүрлі тұрмыстық техникаларды жөндеу жұмыстары бойынша тегін сабақтар беріледі. Спорттық ойындар лигасы басталады. Биылғы жылдың ерекшелігі, бұрын шаралардың көпшілігі бір реттік болса, биыл жүйелі түрде өткізілмек.

— Жаңаөзен жастарына ең бірінші керек нәрсе — жастар сарайы. Бұл біраздан бері әңгіме болып келе жатқан дүние. Жастар жылында осы мәселе шешімін таба ма?

— Иә, жастар сарайын салу көптен бері қозғалып жүрген өзекті жайттардың бірі. Ұсынымызды Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасы мен Жаңаөзен қалалық әкімдігі қолдап, «Өзенмұнайгаз» АҚ демеушілік көрсетеміз деп отыр. Бұйырса жақын арада жақсы жаңалықтар болады деген үміттеміз.

— Жастардың белсенділігі қалай? Орталыққа ұсыныс-талап айтып келушілер көп пе?

— Қазір жастар белсенді. Келетіндер де, әлеуметтік желі арқылы сұрақ қойып, тілек-пікір білдіретіндер де баршылық. Көбіне, қалаға мұз айдынын салу, қайырымдылық бағытында әлеуметтік дүкен ашу туралы пікірлер түсті. Ұсыныстан бөлек, қолдан келген көмегімізді көрсетейік деп келетін жастар да көп. Мысалы, жақында қаланың кәсіпкер жастары қайырымдылық фондын құрғысы келетіндерін, өндірістік мекеме жастары жол жиектерін, қала саябақтарын жөндеу, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге ниетті екендіктерін айта келді. Әрине, бұл біз үшін қуанарлық жағдай. Біз өз тарапымыздан мұндай жастарға әрдайым қолдау білдіреміз.

— Жастар ресурстық орталығы шыны керек, көбіне қала көлемінде ұйымдастырылатын шараларда массовканың рөлінде жүр. Биыл Елбасының өзі жастарға ерекше деңгей беріп отыр. Ендеше, осы үрдіс өзгере ме?

— Өте орынды айттыңыз. Бұл мәселе көптен айтылып келе жатыр. Жергілікті жастар орталықтарына тиісті деңгейде статус, мамандарымызға кез келген мекемемен, билік орындарымен тереземіз тең деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі керек. Осы жайттар биыл түбегейлі шешіліп, біздерге барлық жастардың талап-тілектерін кез келген жерде ашық қоюға жол ашылады деген сенім мол. Жоспар көп, атқарылар іс жетерлік.

— Әңгімеңізге рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Айжан НАСЫРОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз